Ербол Қарашөкеев өткен аптаның жұмасында қаладағы абаттандыру және инфрақұрылым жұмыстарын тексерді. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштерден кейін облыс әкімі Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағынауданын жоспардан тыс аралап шықты. Өңір басшысы жауапты қызметтердің жұмысын сынға алып, аумақты абаттандыру ісінде жүйелі тәсілдің жоқтығын және бақылаудың әлсіздігін атап өтті.
Ол қураған ағаштарды кесу, арықтарды тазалау және қоқысты дер кезінде шығару жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Облыс әкімі санитарлық тазалықтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында шағынаудандарда басты міндет болып қалуы керектігін айтты. Сонымен қатар, Ербол Қарашөкеев тұрғындардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтіп: «Жағымды өзгерістер әр адамның бастамасынан басталады», – деді.
Қаланы аралау кезінде облыс әкімі Тараздағы көпқабатты үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу барысымен танысты. Айта кету керек, қалада біртұтас сәулеттік келбетті қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы 11 үй жаңартылса, биыл тағы 15 көпқабатты үйді жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары Абай даңғылы мен Қазыбек би, Әйтеке би көшелеріндегі үйлерде белсенді жүріп жатыр. Жалпы нысандарда 320 адам жұмыс істеуде. Сондай-ақ, облыс әкіміне «Қарасу» каналының жағалау аумағын абаттандыру жобасы таныстырылды. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, жұмыстар аяқталған соң, бұл жер қала тұрғындары үшін толыққанды демалыс аймағына айналады. Жоба бойынша 1,275 шақырым жағалау сызығы абаттандырылып, 8 500 шаршы метр аумаққа арнайы жабын төселеді, 13 630 шаршы метр жер көгалдандырылады. Сондай-ақ, балалар алаңы мен street workout спорт алаңдары салынады.
Сонымен қатар өңір басшысы Рысбек батыр көшесін (1,9 шақырым) қайта жаңғырту жұмыстарын және Е. Ниятқалиев (1,6 шақырым) пен Ұлбике ақын (2,7 шақырым) көшелеріндегі орташа жөндеу барысын тексерді.
– Жылу желілерін ауыстыру және жолдарды жөндеу жұмыстары тұрғындарға қолайсыздық туғызбауы тиіс, әрі қатаң белгіленген мерзімде орындалуы керек. Мердігерлердің жұмыс сапасына бақылауды күшейту қажет, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев қала басшылығына. Еске сала кетсек, биыл Таразда 100 көшеге орташа жөндеу жүргізілуде.
Бұдан бөлек облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданының аулаларын аралап, іргелес аумақтардың абаттандырылу жағдайымен танысты. Өңір басшысы қала әкімдігіне қоқыс шығару ісіне жауапты ұйымдардың жүйелі жұмысын жолға қоюды тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындарды аулаларын таза ұстауға және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды.
Ербол Қарашөкеев М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту барысын да жіті тексеріп, мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Бұдан кейін ол ұзындығы 165,87 метр болатын төрт жолақты көпірдің құрылысымен танысты. Көпір Абай даңғылы бойында салынып жатыр. Аталмыш жоба – қаланың көлік ағынын оңтайландыру мен жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған негізгі нысандардың бірі. Қазіргі уақытта жұмыс белсенді қарқынмен жүріп жатыр. Нысанды бір жыл үш ай ішінде тапсыру жоспарланған.
Түрксіб алқабын аралау кезінде облыс әкімі облыс орталығына қосылған 14 елді мекенде шешілмеген мәселелер әлі де баршылық екенін айрықша атап өтті. Осыған байланысты ол тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және шешімдерді бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен іске асыруды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі Қойгелді (1,337 шақырым), Комратов (1,468 шақырым) және Лермонтов (1,421 шақырым) көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.
Сол күні Ербол Қарашөкеев жуырда ғана ішінара су басқан үйлерде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Еске салсақ, 7 тамыз күні сағат 20:35 шамасында Зербұлақ көліндегі шлюздер өз бетінше ашылып кетіп, салдарынан каналындағы су мөлшерден тыс көбейіп, аумақты шайып кеткен болатын. Нәтижесінде 30 жеке үйдің ауласы мен Достоевский, Жуанышев, Ұлбике ақын, Ниятқалиев және Бөлтірік шешен көшелеріндегі екі жертөле су астында қалған. Оқиға орнына жедел түрде 25 адам және 12 техника жетіп, қолайсыз жағдай жылдам реттелді. Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының әкіміне жағдайды жан-жақты зерттеп, салдарын жою бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды.