Мейірбике мамандығы өзекті және қашанда сұранысқа ие. Кез келген медициналық ұйымда мейірбике дәрігердің оң қолы және оның бірінші көмекшісі болып табылады. Науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін орта буын қызметкер – мейірбике екенін бәріміз де білеміз. Иә, науқасқа сырқатының салдарын тауып, оның емдеу жолдарын айқындап беруде дәрігер бағыт-бағдар берсе, оның әрі қарай емделіп, науқасқа ықыласы мен мейірімін төгіп, олардың көңіл күйіне әсер ететін медициналық көмек көрсететін – мейірбике. Ұзақ жылдан бері денсаулық сақтау саласында өзіндік орнын қалыптастырған мейірбике қызметі қай кезде де қауырт. Негізінен ақ халатты абзал жандардың тәуліктің кез келген уақытында науқас адамға алдымен жететін жанның бірі десек артық болмас. Сондықтан қиындығы мен қуанышы қатар жүретін мамандық иесіне қандай құрмет көрсетілсе де лайықты. Осындай мейірбикенің бірі – Батырханова Фарида Оразқызы. Үнемі білікті маман ретінде әріптестерінің ортасында даралана білетін Фарида Оразқызы туралы айта кетсек. Жаркент қаласының тумасы Фарида Оразқызы 1985 жылы Талғар медициналық училищесін (қазір колледж) бітірген соң еңбек жолын бастады. 2019 жылы Алматы қаласындағы Республикалық жоғары медициналық колледжді аяқтап, кәсіби біліктілігін одан әрі шыңдады. Жалпы еңбек өтілі – 44 жыл. Ол өз жұмысына тиянақты, мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы өзін жақсы жағынан көрсете білетін жанның бірі. Осындай жауапкершілігі жоғары жұмысты абыроймен алып жүр. 44 жылғы үздіксіз еңбегі елеусіз қалған емес. Әр жылы аудан, облыс әкімдігі мен денсаулық басқармасының марапатын иеленген. «Мейірім» медалі (2015 ж.), «Мамандығына адалдығы үшін» медалі (2023 ж), бірнеше Алғыс хаттармен марапатталған. Бір сөзбен айтқанда, мейірбикелер – медицина саласының ең үлкен «әскері». Міне, осы салада қызметте жүрген жоғары санатты мейірбикенің жұмысы қарбаласқа толы. Еңбек жолын учаскелік мейірбике қызметінен бастаған Фарида Оразқызы кейінгі жылдары дерматовенерологиялық, диспансерде және медициналық статистика саласында қажырлы еңбек етіп келеді.
Статистика кабинетінің негізгі мақсаты – бастапқы есеп жүйесін ұйымдастыру және емхана басшылығына қажетті жедел және қорытынды статистикалық ақпаратпен уақытылы қамтамасыз ету. Өз мамандығын сүйіп, бар ғұмырын медицина саласына арнаған Фарида Оразқызына №18 қалалық емхана директоры Қыдырбекова Сәулет Тәңірбергенқызы алғысын білдіріп:
«Сізге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, ұзақ ғұмыр тілей отырып, Жұмысыңызға деген адалдығыңыз, жинақтаған тәжірибеңіз – кейінгі буын мамандар үшін үлгі. Еңбегіңіз жана берсін, әр күніңіз шаттық пен шапағатқа толы болсын!» – деді.
Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,
Алматы қаласы