«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы: БҰЛАҚ АЙНАЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛДЫ

«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы:  БҰЛАҚ АЙНАЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛДЫ

Ақтөбе облысы Алға ауданының Маржанбұлақ ауылындағы бұлақ – ақтөбеліктердің таза су алу үшін ат арытып іздеп баратын орындардың бірі. Суы таза, мөлдір бұлақты ауызсуға, ас-ауқатқа пайдаланып отырған тұрғындар айналасын тазалап, ретке келтірді. 

Жұмыстар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы шеңберінде жүргізілді. Абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде бұлақ маңы ретке келтіріліп, келушілер үшін қолайлы жағдай жасалды.

Жұмыстардың аяқталуына арналған салтанатты іс-шараға Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров пен Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов қатысты. Олар абаттандырылған аумақты аралап, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты.

– Бұл – бір ғана бұлақты абаттандыру емес, туған жерге деген құрмет, табиғи байлықтарды ұқыпты пайдалану және келер ұрпаққа деген жанашырлықтың көрінісі. Бұлақтар ежелден ауыл өмірінің ажырамас бөлігі, тіршілік нәрі әрі табиғат тазалығының символы болып келеді.

Осындай табиғи нысандарды тазалау және абаттандыру жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы шеңберінде қолға алынуда. Ақтөбе облысында Маржанбұлақтағы жұмыстармен қатар өңірдегі тағы 14 бұлақта тазалау және абаттандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Ең бастысы – мұндай бастамалардың денін туған жеріне жанашыр тұрғындардың өздері қолға алып, табиғи су көздерін сақтауға өз үлестерін қосып отырғаны қуантады. Таза су – өмірдің негізі. Су таза болса, айналамыз да таза болады. Таза судың жанында адамның ойы да тазарады. Сондықтан бұл акция тек табиғатты қорғау ғана емес, рухани тазалыққа үндейтін маңызды бастама, – деді Асхат Шахаров. 

Жүргізілген жұмыстар барысында Маржанбұлақтағы бұлақтың аумағы толық жаңартылып, келушілерге қолайлы етіп жабдықталды. Бұлаққа апаратын ыңғайлы баспалдақ пен тұтқалар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолына тас төселді. Бұлақтың көзі табиғи таспен әсемделіп қоршалды. 

Келушілер үшін орындықтар қойылып, күн мен жауын-шашыннан қорғайтын шатыр орнатылды. Аумақ толықтай металл қоршаумен қоршалып, қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, гүлзарлар жасақталып, еңістер бекітілді. Сонымен қатар кіреберіс жолдар мен оған іргелес алаң абаттандырылды. Жобаны іске асыру жұмыстары биыл демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны – 5,9 млн теңге. Бас мердігер – «Rahmet Group» ЖШС. «Мөлдір бұлақ» көп жылдан бері Маржанбұлақ ауылындағы көрікті орындардың бірі саналады. Таза ауызсуымен ерекшеленетін бұл бұлаққа жергілікті тұрғындармен қатар Ақтөбе қаласы мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары да жиі келеді. 

– Осы ауылда қырық жылға жуық тұрып келемін. Шүкір, осы бұлақтың суын ішіп өстік. Қазір үйлерге орталық су жүйесі тартылған. Бірақ бұлақтың суының дәмі бөлек. Сондықтан үйімізге су кіріп тұрса да, осы бұлақтан келіп су аламыз. Бұл – ауылымыздың қасиетті, қадірлі орындарының бірі, – дейді ауыл тұрғыны Серікбай Құлжабай. Іс-шара соңында Асхат Шахаров жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық азаматқа алғыс білдіріп, мұндай табиғи нысандарды сақтау мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ал ақсақалдар батасын беріп, Президент бастамасын қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.

М. ТАБЫН, Ақтөбе

23.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144