Аграрлы-индустриалды өңір ретінде Түркістан облысы мал шаруашылығын дамытуға да қолайлы аумақ. Мұнда мал семіртіп, ет өңдеу жұмыстарын дамытуға әбден болады. Әсіресе бұған Сайрам ауданы қолайлы.
Таяуда Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында «KAZ ECO MEAT» серіктестігінің 5 мың басқа арналған ірі мал бордақылау алаңы іске қосылды. Маңызды кешенге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, кәсіпорынның ашылу салтанатына қатысты. Мал сою бекетінің құрылыс жұмыстары жобалау-сметалық құжатқа сай 100 пайызға толық орындалған. Жоба құны 8 500 миллион теңгені құрайды. Мұнда жылына бес мың бас ірі қара семіртіліп, он мың тонна ет өңделеді деп жоспарлануда.
Өндірістік кооператив 13 гектар аумақта орналасқан. Жаңадан 100 жұмыс орны ашылды. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар және арнайы құрылғылар Беларусь, Қытай, Түркия елдерінен алынған. Кешенге сиыр малы жергілікті фермерлік шаруа қожалықтарынан және солтүстік өңірлерден жеткізіледі. Кәсіпорын жоғары техникалық құралдармен жабдықталған. Малдан алынатын өнімдерді неғұрлым толық пайдаға асыру мақсатында мал бордақылау кешенінде ірі қараға автоматтандырылған жем беру жүйесі ендірілген. Кәсіпорында қанды жинауға арналған арнайы құрал-жабдықтар мен қондырғылар қолданылады. Яғни, қанды өңдеп, кәдеге жаратып, арнайы өнімдер шығарады. Сонымен бірге малдың сүйегі де өңделеді. Қалдықсыз өндіріс принципі бойынша жұмыс істейді. Ет комбинаты халықаралық талапқа сай және экспортқа негізделген.
Н.Көшеров ірі қара мал сою алаңына барып, ондағы ет пен қанды өңдеу цехының жұмыс жүйесімен танысты. Жауапты мамандарға жоба аясында сапалы жұмыс жүргізу, экспортты ұлғайту керектігін ескертті.
Бұдан кейін облыс басшысы Манкент елді мекеніндегі «NURYM GROUP» серіктестігі тарапынан салынған құрама жем өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Аралау барысында зауыттың басшысы Сырым Ертаев аймақ басшысын шикізат сынамасын зерттеуге арналған зертхананың жұмыс жүйесімен таныстырды. Арнайы инновациялық технологияны қолдану арқылы бой көтерген нысанның құрылысы толық бақыланды. Өңдеу зауытының жобалық құны 2 231,0 миллион теңгені құрайды. Мұнда 12 адам жұмыспен қамтылған. Нысан сағатына 20 тонна жем өңдей алады. Құрама жем қоспасы арқылы мұнда мал азығына арналған өнімдер өңделеді. Жалпы 7,25 гектар аумақты құрайтын алаң жеке кәсіпкердің қаржысы есебінен салынған.
Осыған дейін Түркия мемлекетімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде зауытқа арнайы қондырғылар жеткізілген еді. Нысан биыл толық іске қосылып, тұрақты жұмыс жүргізілуде.