Маңғыстауда алғаш рет «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық волонтерлік апталығы өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Тұрақты даму бағытындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шара 6-12 тамыз аралығына жоспарланды. Халықаралық бастама Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.
Іс-шараның ашылуына Каспий теңізі арқылы шектесетін Әзербайжан, Ресей Федерациясы, Иран және Түркіменстан елдерінен келген делегациямен қатар, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елінен келген өкілдер, амбассадорлар ретінде белгілі блогер Омер Алиев, Азамат Сәрсенбаев және эко-ерікті Данияр Әкімжанов және мемлекеттік органдардың, халықаралық экологиялық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсімде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Каспий теңізін қорғау өңірлер мен мемлекеттердің ортақ жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті.
– Тарихтың талай белесіне куә болған қарт Каспий ғасырлар бойы халықтарды жақындастырып, жағалауын жайлаған елдерді достық пен ынтымаққа үндеп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылдың Халықаралық волонтерлер жылы болып жариялануы – еріктілер қозғалысына берілген үлкен қолдау. Бүгінгі іс-шара – осының нақты көрінісі. Каспий – бәрімізге ортақ қазына. Оны қорғау – келер ұрпақ алдындағы ортақ парызымыз. Ортақ игі бастамаларымыз жемісті болып, Каспийдің табиғи байлығын болашақ ұрпаққа аман жеткізу жолындағы еңбегіміз нәтижелі болсын! – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Апталық аясында Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаевтың бастамасымен Каспий теңізін қорғауға бағытталған жаңа еріктілер қозғалысының жұмысы ресми түрде бастау алды. Кеш барысында танымал эко-ерікті әрі блогер Қанат Әбдиев табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілікті арттырудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар Баку қаласы әкімдігі өкілінің, Иран Ислам Республикасы өкілінің, Астрахань қаласынан Э. Бурдоновтың, Түркіменстан өкілінің және Тегеран конвенциясының уақытша хатшылығының үйлестірушісі Махир Алиев апталықтың ашылуымен құттықтады.
– Бүгінгі іс-шара Каспий теңізін қорғау жөніндегі негіздемелік Тегеран конвенциясының күшіне енгеніне 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Өткен 20 жылға көз жүгіртсек, ауқымды жұмыстардың атқарылғанын көруге болады. Мұнымен бәріміз мақтана аламыз. Құқықтық негіздер қаланды, ғылыми зерттеулер жүргізіліп, деректер жиналды, бір-бірімізді жақсырақ түсінуге және ынтымақтастықты нығайтуға көмектесетін саясат әзірленді. Бүгінгі таңда бізге осы ынтымақтастық бұрынғыдан да аса қажет. Каспий теңізіне қатысты әлі де көптеген мәселелер бар екені баршамызға белгілі. Сол сын-қатерлерді естен шығармауымыз керек. Климаттың өзгеруі, биологиялық әртүрліліктің нашарлауы, теңіздің тартылуы мен жағалау сызығының шегінуі экономикаға, жағалауларға, мемлекеттерге және Каспий бойын мекендейтін халықтарға үлкен қиындықтар туғызып отыр. Осындай мәселелерді талқылау үшін теңіздің әсем жағалауында барлығымыздың басымызды қосып, осы салтанатты іс-шараны ұйымдастырған Маңғыстау облысының әкімдігіне, Ақтау қаласының басшылығына және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ризашылығымды білдіремін, – деді ол.
Бүгінде Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып жатыр. Мемлекет бұл қозғалыстың маңызын мойындай отырып, оны қолдауға қажетті жағдайлар жасап отыр. Мысалы, ұлттық және өңірлік стратегияларда білім беру бағдарламалары, гранттық конкурстар, әдістемелік қолдау және волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған инфрақұрылым қарастырылған.
– Каспий теңізі – мемлекеттердің ортақ табиғи байлығы. Оны сақтау мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың, бизнестің және азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіруді талап етеді. Сондықтан бүгінгі алаңның маңызы ерекше. Осы апталықтың нәтижесі жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, серіктестікті нығайтуға және Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтауға бағытталған жаңа шешімдерді әзірлеуге негіз болады деп сенемін. Волонтерлік қозғалысты дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға қосып жүрген үлесіңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымызды айтамыз. Жемісті жұмыс, мазмұнды пікірталастар, жаңа серіктестік байланыстар және бірлескен бастамалардың табысты жүзеге асырылуын тілейміз, – деді өз сөзінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Қайрат Қамбаров.
Голрох Жеменей,
Маңғыстау облысы















