Каникулдағы қызықты күндерім

Каникулдағы қызықты күндерім

Шіркін, жаздың орны бөлек қой. Ып-ыстық ауасы, самал желі қандай! Қытымыр қыстағы сияқты қалың киінбейсің, жейдең мен шортыңды киіп аласың да, еркін, құс сияқты ұшып жүресің. Мінеки, жылдағы сияқты біз, балалар, жаз айларын қуана күтеміз. Биыл да, мінеки, үш айлық каникул басталды. Қай бала болсын, каникул алдында өзіндік жоспар құрады. Мен де солай, әкем мен анашыма жоспарымды айттым. Олар да өз ойларын қосты.

 

Менің жоспарым қандай болды? Әрине, каникулда ойын мәселесі бірінші орында тұрады. Біздің ауылымыз ең биік таудың баурайында орналасқан. Ол тауды Алатау, кейде Аспантау деп те атайды. Үстінде ыстық жаздың өзінде аппақ қар жатады. Оның баурайынан бастау алған тентек бұлақтар сылдырай ағып келеді де, бастауын қосып өзенге айналады. Қысқасы, біздің тұратын жеріміз ғажайып, тура ертегідей сұлу, әдемі.

Менің достарым Санжар, Әлинұр, Әмірхан, Заңғар, Тілеуберген,  т.б. Олармен неше түрлі ойындар ойнаймыз. Әсіресе, футбол ойнаған қатты ұнайды. Сонымен, жоспарымның ең басында араб әліпбиін үйрену тұрады. Әріптердің бәрін білемін, оқи аламын. Әліпбиді әкем Тұрарбек үйретті. 

Содан кейін менің өмірімдегі ең үлкен жаңалық – дзюдо үйірмесіне қатысуым. Мен бұрын да балалармен күресіп жүрмін. Қазір күресті, күрестегі қарсыласымды қапталдан лақтыру, жамбастап лақтыру әдісі, сондай-ақ аяқпен шалу, қырқа қағу әдістері, тізерлеп лақтыру секілді әдістердің бәрін үйреніп жүрмін. «Райымбек» спорт, өнер-білім орталығындағы жаттықтырушымыз Атамхан Аслан ағай қазір демалысқа кетті. Оның орнында Әли ағай жаттықтырады. Күреске күш те, зор еңбек те керек, айлакер болмасаң, қара күшің зая кетеді. Ағайлардың айтуынша, осы күресуді пайдаланып, кім көрінгенге мақтанып, әлімжеттік жасауға, тиісуге болмайды. Иә, осы күресті тастамаймын. Қазір бұлшық еттерім шынығып келеді. Күреске аптасына үш рет барамын. Біздің топта  бұрыннан күреске қатысып жүрген Қуаныш, Дарын, Раяналар біраз жарысқа қатысыпты. Ал мен күреске енді қатыса бастадым. Менің де болашақта чемпион болсам деген арманым бар.

Айтпақшы, мен өзімді таныстыруды әсте ұмытып кетіппін. Менің атым – Абдулла, ныспым – Тұрарбек. Биыл екінші сыныптан үшінші сыныпқа көштім. Мақтанғаным емес, екінші сыныпты «5»-ке бітірдім. Оншақты грамоталарым бар.  Халықаралық «Пони әлемді ашады» олимпиадасы мен «Өрлеу Қазақстан» қоғамдық қоры ұйымдастырған байқауда эссе жазу номинациясы бойынша І дәрежелі диплом алдым, ал Smart Distance Olympiad математика олимпиадасы мен  «Ақбота» зияткерлік олимпиадасынан ІІ дәрежелі диплом, «Білім айнасы» республикалық ғылыми-танымдық басылымы ұйымдастырған Абай оқулары конкурсына қатысып, ІІ орын алдым. Абай атамның өлеңдерін жаттадым. Иә, достарым, кешірім өтінемін, тым мақтанып кеткен сияқтымын.

Биыл 30 мамырда сегізге толдым. Қазір менің демалысым сәтті әрі керемет өтуде. Қапшағайға барып суға түстім. «Алатау ПЛАЗА», «Әлем Парк» секілді ойын-сауық орталықтарына, Алматы қалалық демалыс саябағына, Желтоқсан саябағына барып ойын ойнадым. Бәрі ұнады. Тағы да біраз жерге қыдырдым. 

Жалпы, менің әкем қызылордалық.  Ауылда  Айман әжем, Берік көкем, Гүлназ, Гүлзира тәтелерім тұрады. Нағашыларым да сонда. Мұндағы туысқандарымды да сағынып жүрмін. Жолдың ыңғайы келсе, ауылға да барамын. Қызылордада күн өте ыстық. Күндіз далада ойнау мүмкін емес. 

Мен енді осымен әңгімемді аяқтағым келіп тұр. Далада Ақтабан деген беймаза күшігім шәуілдеп үріп, мені шақырған сияқты. Сау болыңдар, достар! Сендердің демалыстарың қалай өтіп жатыр, сол туралы жазыңдар.

 Каникул  деген  қандай тамаша!

Абдулла ТҰРАРБЕК,

№211 мектеп-гимназияның

 3 «Ә» сынып оқушысы,

Алматы қаласы

16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144