Энергетикалық қауіпсіздікке бастар маңызды жоба

Энергетикалық қауіпсіздікке бастар маңызды жоба

Бүгінде электр энергиясынсыз өмірді елестету қиын. Тіпті бір сағатқа жарық сөніп қалса, тұрмысымыздың да, өндірістің де электр қуатына қаншалықты тәуелді екенін анық сезінеміз. Үйдегі тұрмыстық техниканың қалыпты жұмысы, әлеуметтік нысандардың қызметі, өндіріс орындарының үздіксіз жұмысы – барлығы да тұрақты электр энергиясына тікелей байланысты. Сондықтан тұрғындар мен кәсіпорындарды сенімді қуат көзімен қамтамасыз ету қазіргі заманның маңызды міндеттерінің біріне айналды. Осы бағытта мұнайлы өңірде еліміздің энергетика саласы үшін стратегиялық маңызы зор жоба жүзеге асырылуда. Бұл – Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіруге бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық бастама. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдің энергетикалық тұрақтылығын күшейтіп, электр энергиясымен қамтамасыз ету сенімділігін арттыру.

 

«Өлке – Қарабатан» желісінің мүмкіндіктері қандай? 

Бүгінде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары тарихи тұрғыдан жеке энергетикалық аймақ ретінде қалыптасқан. Соның салдарынан бұл өңірлердің электрмен жабдықталу жүйесі республиканың негізгі энергожүйесінен бөлек жұмыс істеп келді. Енді жаңа жобаның арқасында Батыс өңір мен еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі арасында тұрақты әрі сенімді байланыс орнатылады.

Құны 201,8 млрд теңге болатын жоба аясында 500 кВ-тық «Қарабатан» қосалқы станциясы салынып, 500 кВ-тық «Өлке» қосалқы станциясы жаңғыртылуда. Сонымен қатар «Өлке – Қарабатан» бағытындағы жоғары кернеулі электр жеткізу желісі тартылып жатыр. Бұл нысандар іске қосылған соң еліміздің батыс өңірлері ұлттық энергетикалық инфрақұрылымға толыққанды қосылады.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Негізгі жоғары вольтты жабдықтар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары басталған. «Қарабатан» қосалқы стансасында инфрақұрылым нысандары бой көтерсе, «Өлке» қосалқы стансасында кеңейту, жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Біз бұған журналистерге арналған баспасөз-турында көз жеткізген болатынбыз. 

Ал «Өлке – Қарабатан» электр жеткізу желісінің құрылысы бірнеше учаскеде қатар атқарылуда. Бүгінде мыңдаған іргетас орнатылып, жүздеген металл тірек монтаждалған. Бұл жобаның белгіленген мерзімде аяқталуына мүмкіндік бермек.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – қазақстандық үлестің басым болуында. Яғни, қажетті жабдықтардың бір бөлігі елімізде өндірілген. Бұл өз кезегінде жергілікті өндірісті қолдап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді. «KEGOC» АҚ-ның «Батыс электр желілерін басқару» филиалының директоры Константин Чернахаевтың айтуынша, бұл бастама еліміздің батыс өңірлерін Бірыңғай энергетикалық жүйеге толық қосу жолындағы маңызды кезең болып табылады.

– Бұған дейін іске асқан «Жітіқара – Өлке» жобасы Ақтөбе облысын Бірыңғай энергетикалық жүйемен байланыстырды. Ал «Өлке – Қарабатан» желісі сол жұмыстың жалғасы. Болашақта электр желілерін дамыту арқылы Қазақстан аумағында энергетикалық байланысты нығайту көзделіп отыр. Бұл жүйенің тұрақтылығын арттырып, қолда бар қуат көздерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – дейді ол.

 

Апатты жағдайлардың алдын алады 

Мамандардың айтуынша, сенімді электрмен жабдықтау кез келген өңірдің экономикалық дамуы үшін шешуші факторлардың бірі саналады. Өйткені тұрақты энергия көзі болмаса, жаңа өндіріс орындарын ашу мен ірі инвестиция тарту қиын. «KEGOC» АҚ-ның «Батыс электр желілерін басқару» филиалы Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағында жұмыс істейді. 

– Біздің негізгі міндетіміз – осы өңірлердің электрмен жабдықталу сенімділігін қамтамасыз ету және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту. Қазіргі уақытта өңірде көптеген кәсіпорын өздерінің электр станцияларын салып жатыр. Мұндай жағдайда қуатты әрі сенімді электр желісі жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Егер қандай да бір электр станциясы уақытша істен шықса, желілік инфрақұрылым апатты жағдайлардың алдын алып, тұтынушыларды үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге жағдай жасайды.

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі ретінде 2023 жылы пайдалануға берілген 220 кВ электр желісінің екінші тізбегін атауға болады. Соның нәтижесінде өңірдегі электрмен жабдықтау тұрақтылығы айтарлықтай артты. Бұл жерде мәселе электр энергиясының көлемін көбейтуде емес, желілік жүйенің қуатын күшейту арқылы түрлі энергия көздеріндегі апатты жағдайлардың әсерін азайтуда болып отыр, – деп түсіндірді филиал басшысы.

Бір жыл бұрын басталған энергетикалық жүйені күшейту және біріктіру жұмыстары бүгінде жаңа деңгейге көтерілуде. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты жоғары 23-тен астам электр станциясы жұмыс істейді. Бұған қоса, бірнеше жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде. Мұндай күрделі жүйе үздіксіз басқаруды талап етеді. Өйткені кез келген өндірістік нысан секілді электр станциялары да жөндеуге тоқтатылуы немесе белгілі бір себептермен уақытша ажыратылуы мүмкін. Сондықтан сенімді электр желісі бүкіл энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі саналады.

Егер бірнеше жыл бұрынғы Қарабатан аумағына көз жүгіртсек, бұл жерде бос жатқан кең дала ғана болатын. Ал бүгінде бұл өңір қуатты өнеркәсіптік орталыққа айналып келеді. Қазірдің өзінде жаңа өндіріс орындарын іске қосуға ниетті бірнеше ірі компания электр желілеріне қосылуға өтінім берген. Олардың қатарында арнайы экономикалық аймақтар, өндірістік кәсіпорындар және жаңа электр станциялары бар.

– Біріншіден, ұзындығы 578,2 шақырымды құрайтын «Өлке – Қарабатан» бағытындағы 500 кВ әуе электр жеткізу желісі тартылуда. Бұл желі Ақтөбе облысындағы «Өлке» қосалқы станциясы мен Атырау облысындағы «Қарабатан» қосалқы станциясын байланыстырады. Екіншіден, «Өлке» қосалқы станциясында 500 кВ кернеуге арналған кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Үшіншіден, Қарабатан қосалқы станциясында 500 кВ ашық тарату құрылғысының құрылысы жүзеге асырылып жатыр.

Әуе электр жеткізу желісінің жалпы ұзындығы 578,2 шақырым болса, оның 238,9 шақырымы «KEGOC» АҚ-ның Батыс электр желілері филиалының жауапкершілік аймағына кіреді. Бұл Қарабатаннан Сағыз ауылы маңына дейінгі аралықты қамтиды. Қазіргі уақытта аталған желіде құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Бүгінде жүздеген аралық тіректер орнатылып, анкерлік металл тіректерді монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр, – дейді «KEGOC» АҚ-ның «Батыс электр желілерін басқару» филиалының бас инженері Бейбіт Бағытов. 

 

Отандық өндірістің үлесі көп

Бас инженер атап айтқандай, желі құрылысына қажетті барлық темірбетон іргетастар елімізде өндірілген. Олар Шымкент қаласындағы кәсіпорындарда дайындалған. Ал металл тіректер Петропавл қаласында шығарылған. Сондай-ақ,  әуе желісінде қолданылатын өткізгіш сымдар, желілік арматуралар және басқа да материалдардың басым бөлігі отандық кәсіпорындарда өндірілген. Жалпы жоба барысында пайдаланылатын материалдардың шамамен 70 пайызы Қазақстанда жасалған өнімдерден тұрады.

– Қарабатан қосалқы станциясындағы 500 кВ ашық тарату құрылғысының құрылысы да жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Қазіргі таңда шиналық порталдар толық орнатылып, желілік порталдарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ негізгі технологиялық жабдықтарды орнатуға дайындық басталды. Қазір мұнда болашақта энергетикалық нысанның жұмысын үйлестіретін жедел басқару пункті, 10 кВ жабық тарату құрылғысы, техникалық және әкімшілік ғимараттар, сондай-ақ бақылау-өткізу бекеті бой көтеруде. Құрылысшылар барлық нысанды белгіленген кестеге сәйкес салуға күш жұмылдырған. Жоба аясында негізгі энергетикалық жабдықтар да кезең-кезеңімен жеткізілуде. Соның ішінде қуаты 167 мың кВА болатын төрт автотрансформатор орнатылмақ. Бір ерекшелігі – бұл жабдықтардың барлығы Шымкент қаласындағы отандық Asia Trafo зауытында өндірілген. Сондай-ақ станцияға жеті шунттаушы реактор жеткізілген. Олар да қазақстандық кәсіпорынның өнімі, – дейді Бейбіт Құсайынұлы. 

Байқағанымыздай, бүгінде әуе электр жеткізу желісіндегі жұмыстардың шамамен 30 пайызы аяқталған. Ал Қарабатан қосалқы станциясының құрылысындағы жұмыстардың орындалу деңгейі 25 пайызға жетіп отыр.  Құрылыс алаңында ондаған маман мен арнайы техника күн сайын еңбек етуде. Қарабатан қосалқы станциясының өзінде 67 адам жұмыс жасаса, электр жеткізу желісінің құрылысында 200-ден астам маман еңбек етуде.

Мамандардың айтуынша, жоба толық іске қосылғаннан кейін Батыс Қазақстан өңірінің энергетикалық қауіпсіздігі айтарлықтай күшейеді. Ең бастысы, өңір Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен толық байланысып, жаңа өндірістер мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасады. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан Қарабатан өндірістік аймағы үшін мұндай жобалардың маңызы ерекше. Себебі сенімді энергия көзі – кез келген өндірістің тұрақты жұмыс істеуінің басты кепілі. Сондықтан энергетиктер жүзеге асырып жатқан бұл бастама өңір экономикасының өркендеуіне тың серпін беретін маңызды жобалардың бірі саналады.

А. ХАМИТТЕГІ,

Атырау облысы

25.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26140
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25593
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42986
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38797
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43387