Емхана психологы ана мен балаға, кәмелетке толмаған балаларға, мүгедектігі бар адамдарға, жағдайы жоқ сәтсіз отбасына, ұзақ уақытта диспансерлік есепте наркологиялық және алкогольді ауруға шалдыққандарға, зорлық-зомбылық көргендерге, пробация есебінде тұрғандарға, ауруына байланысты диспансерлік есепте тұрған және реабилитациямен ем алып жүрген жандарға психологиялық көмек көрсетеді. Учаскелік дәрігер аталған топтағы әйелдердің денсаулығына қатысты психологтың кеңесін ұсынады. Кеңес барысында толыққанды психологиялық көмек көрсетіледі. Яғни босанғанға дейін емханада депрессияның алдын алу мақсатында немесе депрессиядан шығару мақсатында толық психологиялық қолдау көрсетіледі. (Отбасының картинасы жасалады, қанша баласы бар, жолдасының қарым-қатынасы, әлеуметтік жағдайы). Кәмелетке толмаған балалардың, яғни жасөспірімдердің жас аралық деңгейде психологиялық дағдарысқа ұшырауы, лудомания, буллинг, ауруына байланысты денсаулық тарапынан, ата-анасымен қарым-қатынас орнату, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, жетім-жесір, ата-анасы ішімдік қабылдап, балаларға қолдау көрсетпесе, анықтап, мекенжай бойынша әкімшілікке арнайы хаттама толтырып жіберу. Мүгедектігі бар адамдарға ауруына байланысты психологиялық терапия жүргізу, яғни көбінесе ол инсульт, инфаркт, жүрек ауруларына шалдыққан науқастарға, неврологиялық ауруларға, психикалық, наркологиялық есепте тұрғандарға барынша қолдау көрсету. Сонымен қоса суицид жасау қаупі бар, өзіне-өзі қол жұмсағысы келетін жандарға психологиялық дағдарыстан шығуға қолдау көрсету.
Мультидисциплинарлық командамен учаскелік дәрігер, акушерка, медбике, психолог, әлеуметтік қызметкер бірлесіп үйлерді аралап, сәтсіз отбасыларға, жүре алмайтын мүгедек адамдарға, қарт кісілерге психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлер мен медицина басшылығы біріге отырып мемлекеттік мекемелерге (аудан немесе облыс әкімінің жанындағы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың құқығын қорғау комиссиясына) хат жолдап, аталған отбасының қиындығын шешуге көмектеседі. Пробация есебінде тұрған сотталғандарға, ұзақ не қысқа мерзім қамауда болған, яғни түрмеден бостандыққа шыққан, әкімшілік құқық бұзушылықпен тіркелген заң бұзған адамға психологиялық көмек көрсетеді. Қазіргі таңда әсіресе жасөспірімдер мен жастардың арасында темекі тарту, ішімдік ішу, есірткіге және улы заттарға әуестік, адамгершілікке жат мінез-құлық, ерте жыныстық қатынас кеңінен орын алуда. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында мектеп оқушыларына ерте жүктіліктің алдын алу, темекінің зияны, нашақорлық, алкогольдің зияны, лудоманияға қарсы дәрістер оқылып, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.
Биылғы жылдың 19 наурызында «Q» University» мекемесі мен «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚБ және Әуезов ауданының аудандық медициналық бірлестігінің үйлестірушісі арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылды. Осы меморандум оқу процесінде алынған білімдерді бекіту және тереңдету, медициналық ұйымдарда және Әуезов ауданының облыстық медицина бірлестігінің кәсіпорындарында жас мамандарды тәжірибеден өткізу, еңбек нарығын зерделеу, халықты жұмыспен қамту саласындағы жоғары білікті мамандарға әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерді қанағаттандыруды мақсат етеді.
Ортақ мүдделерді жүзеге асыру үшін тараптар келесі салаларда ынтымақтасады.
- Қазіргі психологияның өзекті мәселелері бойынша кездесулер, семинарлар, конференциялар, ынтымақтастық күндерін өткізу, іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру;
- Жетекші ғалымдар мен мамандарды тарта отырып, бірлескен білім беру және ғылым-психологиялық жобаларды әзірлеу, ғылым, білім мәдениет және практикалық денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың кез келген басқа нысандарын бірлесе отырып қарастыру.
Назира БАЙНЕКОВА,
координатор психолог,
№10 қалалық емхана,
Алматы қаласы