«Еңсегей бойлы ер Есімге» пара-пар, ашаң жүзді, алып тұлғалы осы бір жұмбақ адамның санамның бір қалтарысында жасырынып жатқанына көп болған еді. Маңдайын тірегін үйдің құтты қонағына айналатын, бар жиған дүние-мүлкі иығындағы кебежедей үлкен қалтаның ішіне сыйып кететін әлгі кісіні ауылдың «ауласынан» жиі байқайтынмын. Үнемі жаяу жүретін, ешкімді жатсынбайтын алып адам да берекелі елдің мерекелі құшағында болды. Түскен үйіне бір-екі күн аялдайды да, белгісіз аймаққа аттанып жатқаны.
Кейінірек, әлгі кісінің өзі де жұмбақ, тағдыры да жұмбақ – Дүрманқожа деп аталатын тегі қожа адам екендігін ұқтым.
Әңгімешіл шалдардың шежірелі әфсаналарына қанып өскен менің Алмас ағам (Алматов): «Дүрманқожаның тағдыры қиын да күрделі болды. Жігіт шағында астындағы жүйрік атын ең құнды қазынаға балайтын жамағайын ағасының бағымдағы атын қасындағы жүгірмектерінің кеу-кеулеуімен ұрлап алып, мінбек болады-мыс. Ұрланып келіп албардағы атты жетелеп шыға бергенде ауладағы сәкінің үстіндегі құрулы масахананы байқамай іле кеткен көрінеді. Кеуіліне малдан бөлек «күдік» алған әлгі ағай Дүрманқожаны жақсылап «қарғаса» керек», – дейді.
Қисынды ма? Әрине, қисынды.
Ал, менің құрдасым, Әби қожаның бел баласы Сәрсен қожа (Қойшығараев): – Біздің үйге бір келгенінде, Дүрманқожаның әкеме «Әлгі жылқының етіне жерік болған ерке жеңгейдің өтініші болмағанда, сыйлас ағаның бақанда ілулі тұрған етін ұрламайтын едім ғой. Балалықпен, өркөкіректікпен «мен алып едім» деп дер кезінде мойындап, кешірім де сұрамадым. Ағаның «қарғысының» мұнша «қатал» боларын ойламаған екенмін» деп жылағанына куә болып едім, – дейді.
Қисынды ма? Бұл да қисынға қонымды уәж.
Түйені түгімен, вагонды жүгімен жоқ қылатын мына заманның «жүгірмектері» бұл қисынды түсіне алмайтын шығар.
Қайтымы қатал ағаның қарғысы бір тағдырдың жазмышын өзгертіп жіберді. Үйсіз-күйсіз, жанұясыз, өмір-дариясында ескегі жоқ қайықтай қалқыған Дүрманқожаның тағдыры бағыты белгісіз жолаушыдай болған болуы керек. Амандасқан еркеккіндіктіден «Қатының бар ма, айналайын? – дейтін қожа, басын изеген елге, «Е, бақытты екенсің ғой...» – дейді екен.
Бақыттың ауқымын әркім әртүрлі қабылдайды ғой. Дүрманқожаның бақыты – ақжаулықтың киесі мен иесінде қалғандай көрінеді.
Кім не десе, о десін?! Батыр тұлғалы Дүрманқожаның тегін адам болмағаны анық. Біріншіден, қожаның тұқымы.
Екіншіден, пейілі таза. Пейілі таза болмаса, ағаның наласы мен қарғысын қабылдамас еді ғой. Үшіншіден, оны қолдап, қорғап жүретін періштелері де болды деген ойдамын.
«Қорқыт» бекетіндегі Нұрмахан қожаның (Алмас ағаның әкесі) үйіне Дүрманқожа бір күні тұнжырап келген екен. Менің бір түп нағашым жолай кездескен Дүрманқожаның ақшасын тартып алыпты. Ел болып әлгі нағашымды тәртіпке шақырып, ақшасын алып берген. Дүрманқожаның наласын арқалаған әлгі нағашым өмір бойы «жындысүрей» күй кешті. Әсіресе аузына жынды су тисе «көтеріліп» кететін еді. Тағдырдан таяқ жеген жанның наласы да «салмақты» болатын шығар.
Жерлесіміз, белгілі жазушы Адам Мекебаевтың «Жезтырнақ» деген әңгімесі бар. Осы әңгіменің негізгі кейіпкері Дүрманқожа болса керек. Сейтпенбеттей әулие бабасының басына жиі баратын Дүрманқожа адамдардан гөрі әулие бабасымен көбірек сырласқандай. Көзге көрінбейтін бір құдірет Дүрманқожаны делбесінен жетектеген жүйріктей бабасының басына жиі апарады екен. Елден алыс болса да жаяу-жалпы жүре беретін ол шаршаса немесе шөлдесе, әрі-бері өткен көліктің алдын қоян болып орғып, киік болып кесіп өзіне қажетті жерге әкелетін болған. Және сұмдық қарулы болған.
Жуырды өмірден өткен Әбду Нұрғалиев ағамыз бір естелігінде: «Иен далада кетіп бара жатқан Дүрманқожаны көріп, тоқтай қалып едім. Алғысын жаудырып, иығындағы қапшығын көліктің бортына шиырып лақтырып жіберді де, өзі де ырғып мініп алды. Ауылға келген соң жоғарыдан ұсынған әлгі қапшықты алып едім, әлгінің салмағынан өзім де жерге кіріп кете жаздадым» деп әңгімелейді екен.
Менің ұғымымдағы Дүрманқожа бір ғана ағаттығына бола өзін-өзі жазалаған жан секілді. Ары мен намысын қорғап өз-өзіне харакери жасайтын Жапондық самурайлардай шалыс басқан қадамына бола жазмышына харакери жасаған кісідей қабылдаймын. Дүрманқожа арқалаған нала мен қарғыстың уыты әлдеқашан күшін жойған болар деп ойлаймын. Мына жалғаннан тұяқсыз өткен Дүрманқожадай пенденің бақилық ғұмыры баянды болғай деп күбірлеп отырамын.
Үлкен жолдан Ақжарға қарай бұрылған мүйісте Дүрманқожаның бейіті бар. Дүйім елге белгілі ақсақал, өзі ұста Бәйішқожа бастаған қожалар орнатса керек. Әкеммен бірге елге бара қалсам, Дүрманқожаға бағытталған әкемнің дұғасына бет сипап өтсем деген ой бар.
Бекжан СҮЛЕЙМЕНОВ
















