Домбыра – ұлттың үні

Домбыра – ұлттың үні

Ұлттық домбыра күні – қазақтың қос ішекті аспабын ұлықтайтын мереке ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани сабақтастықты сезінетін ерекше күн. Домбыраның үні ел тарихын, халықтың болмысын және бүгінгі мәдени тынысын бір арнаға тоғыстырады.

Жыл сайын Ұлттық домбыра күні келгенде қазақтың қара домбырасы төрге тағы бір көтеріліп, оның қос ішегінен төгілген күй елдің өткені мен бүгінін жалғағандай әсер қалдырады. Бұл аспаптың қадірі оның қарапайым құрылымында емес, халық жадында сақталған сан ғасырлық тарихпен бірге жасасып келе жатқанында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне орай жолдаған құттықтауында қос ішекті аспапты ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі әрі халықтың рухын көтеретін баға жетпес мұра деп атады. Президенттің айтуынша, домбыра арқылы тереңнен тамыр тартқан төл құндылықтар жаңғырып, дәуірлер мен ұрпақтар арасындағы сабақтастық жалғасып келеді.

Шын мәнінде, домбыраның тарихы сахнамен немесе концерттік залмен ғана шектелмейді. Ол қуанышта да, қиындықта да халықпен бірге болған аспап. Күйдің сазы арқылы қуанышын жеткізген, мұңын шерткен, елдің басынан өткен оқиғаларды ұрпаққа аманаттаған. Сондықтан домбыраның күмбірін жай ғана музыкалық дыбыс деп қабылдау аздық етеді. Оның әрбір үні ұлттық жадтың бір бөлшегіндей.

Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деген қанатты сөзі де осы ұғымды дәл бейнелейді. Президент өз құттықтауында бұл теңеуді домбыраны кеңінен дәріптеу ісіндегі темірқазық ретінде атап өтті. Өйткені домбыраны таныту – өткенді еске алу ғана емес, ұлттық мәдениеттің бүгінгі және болашақтағы орнын бекемдеу.

Бұл ретте домбыраның қадірі Қазақстан шекарасымен шектелмей келе жатқаны да маңызды. Қазақтың дәстүрлі күй орындау өнері 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді. Осы арқылы қазақтың күйшілік дәстүрі халықаралық деңгейде адамзаттың ортақ мәдени қазынасының бір бөлігі ретінде мойындалды.

Ұлттық домбыра күніне орай ЮНЕСКО басшылығының Қазақстанға жолдаған құттықтауы да осы мәдени мұраның халықаралық маңызын аңғартады. Ұйымның Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Найеф әл-Файез домбырамен күй тарту өнерін қазақ халқының тарихын, бүгінін және адамдар арасындағы байланысты сақтайтын бірегей музыкалық дәстүр ретінде бағалады. Оның айтуынша, Қазақстанның домбыраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмысы қолдауға лайық.

Домбыраның халықаралық мәдени кеңістіктегі тынысы мұнымен де шектелмейді. 2022 жылы Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақтың дәстүрлі күй орындау өнерінің аталған тізімге енгеніне он жыл толуына арналған мәдени іс-шара өтті. Қазақстандық дипломаттардың қатысуымен өтетін түрлі мәдени іс-шараларда да ұлттық аспаптың үні шетелдік көрерменге қазақ мәдениетін танытудың бір тетігіне айналып келеді.

Қазақтың қара домбырасы Еуропаның төрінде де өз үнін естіртіп жүр. Бельгия астанасы Брюссельде қазақ диаспорасы өкілдері мен шетелдіктерден құралған DOMBRAssadors ансамблі қазақ күйлерін орындап, ұлттық өнерді жергілікті жұртшылыққа таныстырды. Ұжым құрамында елшілік қызметкерлері де бар. Қатысушылардың бәрі кәсіби музыкант болмаса да, олардың орындауындағы «Ерке сылқым», «Әлқисса», «Сұлу қыз» шығармалары көрерменнің ықыласына бөленді.

Бұл жерде назар аударарлық тағы бір жайт бар. Ансамбль домбыраның үнін жетіген және сазсырнаймен қатар гобой, скрипка, аккордеон секілді еуропалық аспаптармен үйлестірген. Яғни ұлттық өнер өз болмысын жоғалтпай, өзге мәдени кеңістіктің музыкалық тілдерімен де үндесе алатынын көрсетті. Бұл – дәстүрдің қатып қалған қалып емес, уақытпен бірге жаңғырып отыратын тірі құндылық екенін аңғартатын мысал.

Ендеше домбыраның ғұмыры – бір күннің немесе бір мерекенің тарихы емес. Оның қос ішегінде халықтың жады, күйдің өзегінде елдің тарихы, ал күмбірінде ұрпақтар арасындағы үзілмейтін байланыс бар. Сондықтан Ұлттық домбыра күні – аспапты ұлықтайтын күн ғана емес, өз болмысымызды тағы бір мәрте танып, оны келер ұрпаққа аманаттау қажеттігін еске салатын мереке.

 

Сағадат БАҚЫТБЕК

03.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144