Дәрігерлерге – марапат, түлектерге – қызыл диплом

Дәрігерлерге   – марапат,   түлектерге –  қызыл диплом

Ақмола облысының Медицина қызметкері күніне арналған облыстық іс-шара  «Көкшетау» мәдениет сарайында болып өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, адам жанына араша түсіп жүрген  абзал жандарға алғысын жолдап,  сала қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттар, әкімнің  Алғыс хаттарымен қатар  пәтер кілттерін табыс етті.

Өңір басшысы құттықтау сөзінде:

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың денсаулығын қорғауды еліміздің стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудегі негізгі табыстың ажырамас бөлігі ретінде белгіледі. Біздің облысымызда өз ісіне берілген, кәсіби дәрігерлердің, орта және кіші медицина қызметкерлерінің үлкен де ұйымшыл ұжымы еңбек етеді. Олардың еңбек жағдайын жақсарту және медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында денсаулық сақтау инфрақұрылымы жыл сайын нығайтылып келеді. Үш жыл ішінде саланың дамуына 25 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Облыста Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аяқталуға жақын. Жоба бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 нысан салынудан 14 бөлімше салынып, елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетуді бастады.

Облыс орталығында 630 орындық көпбейінді өңіраралық аурухананың құрылысы салынып жатыр. Бұл жаңа орталық еліміздің солтүстік аймағын қарапайым зертханалық талдаулардан бастап, ең озық технологияларын қамтыған, медицина сапасының ең жоғарғы үлгісімен қызмет көрсететін болады. Қосшы қаласында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 350 адамға арналған аурухана салу жобасы атқарылу үстінде. Емдеуші нысандар салумен қатар, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту, қайта жарақтау нәтижелі жалғасуда. Бүгінгі күні Ақкөл мен Шортанды аудандық ауруханаларындағы күрделі жөндеу нәтижелі аяқталып келеді. Балалардың «Болашақ» оңалту орталығының ғимаратына 50 жылда алғаш рет күрделі жөндеу жасалды.

– Елдегі жоғары медициналық оқу орындарын тамамдаған 160-қа жуық түлек өңіріміздің дәрігерлер қатарын толықтырады. Оның 122 түлегі облыс әкімінің гранты есебінен білім алды. Бұл мақсатқа 1,4 млрд теңге жұмсалды.

Өңіріміздің медицина қызметкерлері күн сайын адам өмірі үшін күресіп, ұлт саулығын жақсартуға зор үлес қосып келеді. Адам жанының арашашысы болып жүрген абзал жандардың еңбегіне құрмет көрсетілген осынау салтанатты шара облыстың әр түкпірінен жиналған сала майталмандарының басын біріктірді. Олардың қатарында осы саланың құрметті ардагерлері де бар. Олардың денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан баға жетпес үлестеріне ризашылығымды білдіре отырып, зор денсаулық тілеймін деп, әкім негізгі баяндамасын аяқтаған болатын.

Салтанатты шарада бір топ ақмолалық дәрігерлер мемлекеттік наградаларға және облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Кәсіби қызметін абыроймен атқарып, басшылық қызметте ұйымдастыру қабілетімен танылып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген Көкшетау қалалық емханасының директоры Ғалия Сабатаева «Құрмет» орденімен марапатталды. Оның алдыңғы буыннан жалғасқан медициналық әулетінің тарихы 175 жылдан асады екен. Көпжылдық адал еңбегі, кәсіби біліктілігі, денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі және қызметтік міндеттерін мінсіз орындағаны үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен 45 жылдан астам еңбек өтілі бар денсаулық сақтау саласының ардагері Баян Ысқақова сыйланды. Салтанатты шарада Шортанды аудандық ауруханасына жұмысқа тағайындалған дәрігерлер Нұрбек Шәкей, Мақсат Мұхамедәлиев пәтер кілтін алды. Облыс әкімінің грантымен оқып, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің медицина факультетін үздік бітірген түлектерге әкім өз қолымен қызыл дипломдар табыс етіп, қызметтеріне табыс тіледі.

  Үздік дипломның иегері Аружан Молдабай өз лебізін былай білдірді. Ол:

 – Медицинаны таңдауыма өмір бойы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқан анам себеп болды. Қазір химиотерапия бөлімшесінде тәжірибеден өтіп жүрмін, алдағы уақытта резидентурада білім алуды жоспарлап отырмын. Ұстаздарымның кеңесімен болашақта онколог болғым келеді. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан және дәрігерлер әрдайым қажет болатын медицина саласы, – деді. 

Дахан ШӨКШИР,

Ақмола облысы

23.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26140
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25593
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42986
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38797
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43387