ДАЛА ДЕМІ – ДИҚАН ЕҢБЕГІ

ДАЛА ДЕМІ – ДИҚАН ЕҢБЕГІ

Тұрар Рысқұлов ауданының томаға тұйық тіршілігі бір қараған адамға елеусіз көрінуі мүмкін. Сары алтындай жайқалып жатқан егістік, сонадайдан қара нүкте болып анда-санда көрінетін техника, қырманға қарай ағылған көліктер... Алайда жым-жырт даланың бауырында тұтас бір экономиканың қозғаушысы тіршілік нәрімен сусындап жатыр. Мұнда әр гектардың өз есебі, әр дәннің өз құны, әр күннің өз бағасы бар. Егіншілік те бұрынғыдай жер жыртып, дән сеуіп, күзде өнім жинайтын қарапайым науқан емес. Бүгінгі диқан үшін жердің құнарын білу аздық етеді. Ол ауа райын да, нарықты да, технологияны да, суды да, жанармайды да, техниканы да есепке алуы керек. Өйткені ауылшаруашылығында бір қателіктің өзі күзгі қамбаға әсер етеді. Т.Рысқұлов ауданындағы өсімдік шаруашылығындағы биылғы ахуалға үңілсек, осы өзгерістің нақты белгілерін көруге болады. Аудан ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің пайдалануында 146 661 гектар егістік жер бар. Биыл соның 117 542 гектарына ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Оның ар жағында шаруаның маңдай тері, техниканың тынымсыз қозғалысы, ауылдағы жүздеген отбасының тұрмысы мен аудан экономикасының тұтас бөлігі тұр. Дегенмен егіншілікті гектар санымен ғана өлшейтін уақыт өтті. Бүгінгі мәселе – қанша жер жыртылғанында емес, сол жердің қаншалықты өнім бергенінде. Бір гектардың өзіндік құны қандай? Оған қанша су жұмсалды? Қанша тыңайтқыш енгізілді? Тұқым сапасы қандай болды? Жанармай мен техниканың шығыны қанша? Ең бастысы, сол гектар шаруашылыққа қанша қайтарым әкелді? Қазіргі диқанның күн тәртібінен осындай сұрақтар түскен емес.

Ауданның биылғы егіс құрылымы да шаруалардың жағдайға қарай есеп жасап отырғанын көрсетеді. 50 100 гектарға күздік бидай, 52 мың гектарға жаздық арпа орналастырылған. Былтыр күздік бидай 59 015 гектарды құраса, биыл оның көлемі 50 100 гектарға қысқарған. Ал жаздық арпа 41 746 гектардан 52 мың гектарға дейін ұлғайған. Бұл сандардың өзінде ауылшаруашылығының бүгінгі мінезі көрінеді: шаруа қалыптасқан әдетпен емес, нақты жағдаймен санасады. Нарықтағы сұраныс, өткен жылғы өнім, ауа райы, топырақтың ылғал мөлшері, тұқым қоры, техника мүмкіндігі – мұның бәрі егіс құрылымын анықтайды. Сондықтан арпаның көбеюін бір дақылдың орнын екіншісі басты деген қарапайым түсінікпен шектеуге болмайды. Арпаның мал азығы ретінде де маңызы бар. Ауданда мал шаруашылығы қатар дамып отырғанын ескерсек, бұл – ішкі жем-шөп қорын нығайтудың бір жолы. Бір саланың екіншісін сүйеуі ауыл экономикасының беріктігін арттырады. Ал келесі жылдың өнімі биылғы күзден басталатынын тәжірибелі диқан жақсы біледі. 2025 жылғы күзгі дала жұмыстары кезінде 50 100 гектарға күздік бидай себіліп, 56 438 гектар жердің сүдігері көтерілді. 

Дала жұмысының бір ерекшелігі де осында: мұнда бүгін істегенің ертең, кейде бірнеше айдан кейін нәтиже береді. Қазір біткен жұмыс сол сәтте көрінбеуі мүмкін. Бірақ уақытында көтерілген сүдігер көктемде білінеді, сапалы тұқым күзде сөйлейді, дұрыс тыңайтылған алқаптың қайтарымы қамбаға түскен өнімнен көрінеді. Даладағы еңбектің есебі осындай.

Биыл ауданның 14 ауылдық округіндегі 304 шаруа қожалығы көктемгі дала жұмыстарына қатысты. 52 мың гектарға жаздық арпа, 1 892 гектарға дәндік жүгері, 3 010 гектарға мақсары, 1 135 гектарға қант қызылшасы, 745 гектарға басты пияз, 575 гектарға картоп, 100 гектарға бақша және 2 500 гектарға жоңышқа егілді. Басты назар аударатын мәселе – егіс құрылымының біртіндеп әртараптанып келе жатқаны. Дәнді дақылдар негізгі салмақты ұстап тұрғанымен, нарықтық әлеуеті бар басқа дақылдарға да орын көбейіп келеді. 

Мәселен, дәндік жүгері былтырғы 167 гектардан биыл 1 892 гектарға жеткен. Қант қызылшасы 524 гектардан 1 135 гектарға дейін ұлғайған. Мақсары алқабы да 2 501 гектардан 3 010 гектарға өскен. Мұндай өзгерістерді статистикалық өсім деп ғана  қарауға болмайды. Оның ар жағында шаруаның жаңа бағыт іздеуі жатыр. Бірақ әр дақылдың өз мінезі бар. Жүгері су сұрайды. Қызылша тұрақты күтімді қажет етеді. Мақсарының тиімділігі жердің жағдайы мен агротехнологияға байланысты. Демек, әртараптандырудың өзі есеппен жасалуы керек. Бір дақылдың көлемін көбейту оңай болғанымен, одан тұрақты өнім алу әлдеқайда күрделі. Әсіресе су мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Қазір ауылшаруашылығында суды бұрынғыдай шексіз ресурс ретінде қарауға болмайды. Әр тамшының есебі бар. 

Ауданда су үнемдеу технологиялары енгізіліп келеді. Былтыр мұндай тәсілдермен 4 330 гектар суарылса, биыл бұл көрсеткіш 5 100 гектарға жетті. Оның 2 458 гектары жаңбырлатып, 2 642 гектары тамшылатып суарылады. Бұған қоса биыл 13 ұңғыма қазу жоспарланған. Ол, әрине, технологиялық өзгерістің белгісі. Өйткені, су үнемдеу дегеніміз тек суды аз жұмсау емес. Ол – әр гектарға қажетті суды дәл жеткізу, еңбек шығынын қысқарту, өнімнің тұрақтылығын сақтау. 

Ертеңгі егіншіліктің тағдыры да осы есепке келіп тіреледі. Жерді көбейтуге мүмкіндік болғанымен, су көзін көбейту әрдайым оңай емес. Сондықтан бүгін суды ұқыпты пайдаланған шаруашылық ертеңгі күнге көбірек дайын болады.

Егіннің тағдыры тұқымнан басталады. Биыл 52 мың гектар жаздық арпаға 8 320 тонна тұқым қажет болса, қолда 11 618,9 тонна тұқым болған. Сан жағынан қажеттілік толық жабылған. Бірақ мұнда бір маңызды мәселе бар: ауыл шаруашылығында «тұқым бар» дегеннің өзі жеткіліксіз. Оның өнгіштігі, тазалығы, сорттық сапасы мен репродукциясы шешуші мәнге ие. Қолдағы тұқымның 1 958 тоннасы элиталық, 1 613 тоннасы бірінші, 3 433 тоннасы екінші, 4 615 тоннасы үшінші репродукциялы. Сондықтан тұқым сапасын зертханалық бақылау – жай ғана формалды талап емес, болашақ өнімнің қауіпсіздігі. Сапалы тұқымға жұмсалған қаржы шығын емес. Келесі жылдың өніміне осылай  инвестиция салынады. Техника мәселесі де дәл сондай маңызды.

 Ауданда 1 137 ауылшаруашылығы техникасы тіркелген. Оның ішінде 162 трактор, 95 комбайн және басқа да 880 техника бар. Бірақ техниканың санынан бұрын оның нақты жағдайы маңызды. Өйткені егін піскен кезде далада уақыттың бағасы өзгереді. Бір комбайнның бірнеше күн тұрып қалуы кейде бір апталық еңбекті зая етеді. 2026 жылдың басынан бері 730 млн теңгеге 40 бірлік ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған. Бірақ техника жаңарту бір жолғы науқан емес, тұрақты өндірістік саясатқа айналуы тиіс. 

Себебі жаңа технологияны ескі техникамен толық игеру қиын. Қазір ауданда егін орағы жүріп жатыр. 46 944 гектар алқап орылып, 69 942 тоннаға жуық өнім жиналды. Орташа өнімділік 17 центнер шамасында қалыптасуда. Егін орағына 101 астық жинайтын комбайн жұмылдырылған. 17 центнер деген көрсеткіштің артында көктемгі себу, жазғы күтім, тыңайтқыш, су, жанармай, техника, ауа райы және адамның еңбегі тұр. Екі алқаптың топырағы бірдей көрінуі мүмкін. Бірақ тұқымы, себу мерзімі, тыңайтқыш мөлшері мен суару тәсілі бөлек болса, күзгі нәтижесі де бөлек шығады. Сондықтан өнімділігі жоғары шаруашылықтардың тәжірибесін жинақтау, оны талдау және өзгелерге тарату – ауылшаруашылығын дамытудың ең тиімді жолдарының бірі. Далада кейде үлкен жаңалықтың өзі қарапайым тәжірибеден басталады. Бір шаруашылық жаңа тұқым егіп көреді. Екіншісі су үнемдеу технологиясын енгізеді. Үшіншісі тыңайтқышты топырақ құрамына қарай есептеп қолданады. Егер осы тәжірибелер жүйеленіп, нәтижесі салыстырылса, ауданның өзіне тән агротехнологиялық мектебі қалыптасуы мүмкін. Ауылдағы тәжірибенің құны кейде кабинеттегі теориядан кем емес.

Егіннің берекесі тыңайтқышқа да байланысты. 2025 жылы аудан шаруашылықтары 16 485,1 тонна минералды тыңайтқыш алған. Биыл 20 004,1 тонна алу жоспарланған. Қазір 76 ауылшаруашылығы тауар өндірушісі 13 663,8 тоннаға келісімшарт жасап, оның 11 262 тоннасын алған. Бұл көлеммен 54 300 гектар егістік тыңайтылған. Бірақ тыңайтқыштың тоннасына ғана қарап тоқмейілсуге болмайды. Мәселе оның қанша гектарға және қандай мөлшерде енгізілгенінде. Жердің де өз қажеті бар. Бір алқапқа азот қажет болса, екіншісіне басқа қоректік элемент керек болуы мүмкін. Сондықтан топырақты зерттеп, тыңайтқышты ғылыми негізде пайдалану – өнімділікті арттырудың басты шарттарының бірі.

Күзгі дала жұмыстарына қосымша 6 340,3 тонна минералды тыңайтқышқа сұраныс берілуі де шаруалардың келесі маусымды бүгіннен ойлап отырғанын көрсетеді. Өйткені ауылшаруашылығында «жұмыс бітті» деген ұғым сирек. Бір маусым аяқталса, келесісі басталады. Сол секілді жанармайдың да бағасы шаруаның есебіне тікелей кіреді. Тұқым, тыңайтқыш, техника, су қанша маңызды болса, дизель отыны да соншалықты қажет. Көктемде трактор, жазда суару техникасы, күзде комбайн мен жүк көлігі қозғалады. Осының бәрін отынсыз елестету мүмкін емес.

Ауданда егін орағы мен күзгі дала жұмыстарына қосымша дизель отынына тапсырыс беріліп, жыл соңына дейін өтінім берген шаруашылықтарды қамтамасыз ету көзделген. Таратушы оператор «Wedo Energy» ЖШС дизель отынын литріне 281 теңгеден таратып отыр. Шаруаның шығынын алдын ала есептеуіне мұндай тұрақтылықтың әсері аз емес. Қаржы мәселесі де ауылшаруашылығының күретамырына айналды. Шаруа ақшаны көктемде жұмсайды, ал өнімнің ақшасы көбіне күзде келеді. Осы аралықтағы айналым қаражатының тапшылығы шаруашылықтың жұмысын тежей алады. «Кең дала» бағдарламасының мәні де осында. 2025 жылы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ және аудандық несие серіктестіктері арқылы 10 ауыл шаруашылығы құрылымына 278,6 млн теңге несие берілген. Биыл алты шаруа қожалығы 150,3 млн теңгеге өтінім берген.

Несие – дайын байлық емес, мүмкіндік. Оны қайда жұмсау шаруашылықтың ертеңін айқындайды. Техникаға, сапалы тұқымға, тыңайтқышқа, су үнемдеу жүйесіне салынған қаржы өндірістің қуатын арттырса, орынсыз жұмсалған қаражат қарыздың салмағына айналуы мүмкін. Сондықтан қазіргі шаруаға жерді өңдеумен қатар, қаржыны басқаруды да білу керек. Міне, бүгінгі ауылдың айырмасы осында. Бұрын диқанның басты құралы соқа мен трактор болса, қазір оның қолында есеп те болуы керек. Нарықты бағамдамай өнім өндіру қиын. Суды есептемей суармалы егіншілікті жүргізу мүмкін емес. Технологияны білмей өнімділікті көтеру қиын. Ал шығынды санамай, табысты болу тіпті мүмкін емес.

Ауданның 146 мың гектардан астам егістік жері – үлкен мүмкіндік. Бірақ жердің көптігі өздігінен береке әкелмейді. Оның құнарын сақтау, әр гектардан өнім алу, суды үнемдеу, техниканы жаңарту, сапалы тұқым пайдалану және нарыққа өтімді өнім өндіру – ендігі міндеттің өзегі. Бұл ретте егіс құрылымындағы өзгерістер үміт береді. Жүгері, мақсары, қант қызылшасы секілді дақылдардың көлемі артып келеді. Бұл – шаруалардың бір ғана дақылға тәуелді болмай, табыстың жаңа көздерін іздей бастағанының белгісі. Бірақ жаңа бағыттың әрқайсысы жауапкершілікті де бірге алып келеді. Жүгеріге су, қызылшаға күтім, мақсарыға дұрыс технология қажет. Сондықтан әртараптандырудың өзі ғылыми және экономикалық есепке сүйенгенде ғана нәтиже береді. Егіншіліктің тағы бір сабағы – тәжірибені жоғалтпау. Биылғы 17 центнерлік орташа өнімділік бір шаруашылық үшін жақсы, екіншісі үшін төмен болуы мүмкін. Бірақ осы айырмашылықтың себебін табу маңызды. Қай тұқым нәтиже берді? Қай уақытта себілген алқап жақсы өнім берді? Қандай тыңайтқыш тиімді болды? Қай жерде су үнемдеу технологиясы өзін ақтады? Осы сұрақтарға нақты жауап жиналса, келесі жылдың егіс жоспары да құр цифрға емес, тәжірибеге сүйенер еді. Бүгінгі егін орағы – бір жылдың қорытындысы ғана емес, келесі жылдың бастауы. Соңғы масақ жиналған соң жұмыс тоқтамайды. Сүдігер көтеріледі, тұқым іріктеледі, техника жөнделеді, тыңайтқыш жеткізіледі. Даладағы уақыттың өз тәртібі бар: бір маусым екіншісіне жалғасып жатады. Сүдігердің үнсіз көтерілген топырағы да – келер жылдың аманаты. Бүгінгі диқан үшін жер тек табыс көзі емес, ертеңгі ұрпаққа қалатын капитал. Сондықтан мол өнімнің соңынан қуып, топырақтың құнарын жоғалтуға болмайды. Ауыспалы егіс, тыңайтқышты мөлшермен қолдану, суды үнемдеу, жердің жағдайын бақылау – тұрақты егіншіліктің қарапайым, бірақ ең маңызды шарттары.

Далаға сырттай қарағанда бәрі баяу көрінуі мүмкін. Дейтұрғанмен оның әр алқабында есеп жүріп жатыр. Бір жерде комбайн астық орып жүр. Бір жерде диқандар келесі маусымға дайындық жасап жатыр. Бір жерде су үнемдеу жүйесі жұмыс істеп тұр. Бір жерде жаңа техника сынақтан өтуде. Осы қозғалыстың бәрі бір ғана мақсатқа – жердің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, шаруаның еңбегін ақтауға бағытталған. Т.Рысқұлов ауданындағы егіншіліктің бүгінгі сипаты да осыны көрсетеді. Мұнда мүмкіндік бар. Егістік жер жеткілікті. Еңбекқор шаруа бар. Техника жаңарып келеді. Жаңа дақылдарға қызығушылық артқан. Су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Қаржыландыру тетіктері де бар. 

Ендігі мәселе – осының бәрін жеке-жеке көрсеткіш күйінде қалдырмай, бір жүйеге айналдыру. Өйткені ауылшаруашылығында бір жылғы рекордтан гөрі, жыл сайын қайталанатын тұрақты нәтиже қымбат. Бір маусымда мол өнім алу тамаша жетістік. Ал жердің құнарын сақтап, суды үнемдеп, шығынды азайтып, сапалы өнім өндіріп, оны тиімді өткізу арқылы бірнеше жыл қатарынан табыс табу – нағыз шаруашылық мәдениетінің өлшемі. Бүгінгі диқанның міндеті де бұрынғыдан күрделі. Ол жердің тілін ғана емес, нарықтың тілін де түсінуі керек. Технологияны меңгеріп, қаржыны есептеп, ауа райының мінезін бақылап, судың әр текше метрін, әр литр жанармайды бағалай білуі қажет. Десе де, осы есептің ар жағында бір қарапайым шындық өзгермейді: жерге адал еңбек етсең, ол қайтарымын береді. Дала алдамайды. Қалай еңбек етсең, солай жауап береді. Сапалы тұқым сепсең – өнімнен көрінеді. Жерді дұрыс өңдесең – күзде білінеді. Суды үнемдесең – шығын азаяды. Технологияны игерсең – гектардың қайтарымы артады. Ал бүгінгі еңбекті ертеңгі күнмен сабақтастыра білсең, ауылдың берекесі де баянды болады. Сондықтан Т.Рысқұлов ауданының алқаптарында бүгін жиналып жатқан астықты бір жылдың ғана олжасы деп қарауға болмайды. Оның әр дәнінде көктемгі үміт, жазғы еңбек, күзгі есеп бар. Ал соңғы комбайн алқаптан шыққанда диқан үшін тыныштық орнамайды. Керісінше, келесі жылдың қамы басталады. Даланың заңы осы. Бір дән жерге түседі. Бір маусым еңбек өтеді. Бір өнім қамбаға құйылады. Сосын бәрі қайта басталады. Өйткені елдің ырысы бір күнде жасалмайды. Ол қара жердің қойнауына түскен дәннен, сол дәнді мәпелеген диқанның маңдай терінен және еңбекті есеппен ұштастырған шаруашылықтан құралады. Ал ауылдың әл-ауқаты мен аудан экономикасының беріктігі осындай қарапайым көрінген, бірақ салмағы ауыр еңбектен басталады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Жамбыл облысы 

Тұрар Рысқұлов ауданы

13.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144