Мемлекет басшысы биылғы кезекті «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында су ресурстары саласын цифрландыру мәселесіне айрықша назар аударғаны белгілі. Осы орайда «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хусаиновқа өз сауалымызды жолдадық.
«Қазсушар» – республикалық маңызы бар су шаруашылығы объектілерін күтіп ұстау, пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысатын мемлекеттік кәсіпорын. Осы кәсіпорынның біздің өңіріміздегі филиалына жүктелетін міндеттің де өзіндік жауапкершілігі бар. Оның үстіне Батыс Қазақстанда ауылшаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы жыл санап қарқынды дамып келеді. «Қазсушар» РМК-ның облыстық филиалының иелігіндегі шаруашылықаралық жүйелер арқылы өңіріміздегі мал шаруашылығымен айналысатын оңтүстік аудандарды сумен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар біздің өңірдің су ресурстары ағынының 80 пайызы Ресей аумағында қалыптасатыны тағы бар.
Филиал басшысының міндетін атқарушы Рауан Ерланұлы өңірде су ресурстарын сенімді қамтамасыз ету және су шығындарын азайту мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
– Мемлекет басшысы жуырда жарияланған Жолдауында «Су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс» деп, осы салаға айрықша назар аударды. Осы орайда «Қазсушар» филиалы Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесе су қоймалары мен каналдарды жаңғырту, автоматтандыру бағытында жұмыстануда. Айталық, жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылып келген үш су қоймасы мен жалпы ұзындығы 436 шақырымды құрайтын жеті магистралдық каналды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл жобалар аясында суды есепке алу мен гидротехникалық имараттарды басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу көзделген. Сондай-ақ қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан Киров су қоймасын қайта жаңғырту, Көшім магистралдық каналы мен Шаған өзені тармағын механикаландырылған тазарту, жаңадан басталатын Жәнібек суландыру жүйесіне жүктелген 192 шақырым арналарды қайта жаңғырту жобаларына да автоматтандыруды енгізу қарастырылды. Жыл сайын су шаруашылығы жүйелері мен олардың негізгі жабдықтарының техникалық жағдайын бағалау мақсатында гидротехникалық имараттарға көпфакторлы зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, 2024 жылы үш нысанда осындай зерттеулер жүргізілсе, биыл төрт нысанда сол жұмыстар жалғасуда. Бұл өз кезегінде имараттарды дұрыс пайдалануға мүмкіндік беріп, жобалау жұмыстарын жүргізу негіздемесі болып табылады. Өткен жылы 13 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 74 шақырым канал ішінара механикалық тазартылды. Ағымдағы жылы 26 нысанды жөндеп, 144 шақырым арнаны тазалау көзделген болатын. Сәйкесінше, бүгінгі күнге дейін 11 нысан жөнделіп, 100 шақырым арна тазартылды, жұмыстар әлі де жалғасуда. Жоспарлы жұмыстарымыздың қатарында Ислам даму банкінің қаржыландыруымен көлемі 28,0 млн текшеметр болатын Казталов ауданының Жалпақтал ауылынан жоғары су қоймасын салу, Тасқала ауданының Жайықбай суландыру каналын қайта жаңғырту жобаларын айта кетуге болады, – деді Рауан Ерланұлы.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес. Осы бағытта құзырлы министрліктің қолдауымен филиалдың автокөлік және арнайы жер қазу-құрылыс техникасы паркі жаңартылған. 2024-2025 жылдары 67 бірлік техника сатып алу жоспарланса, соның 51-і жеткізіліпті. Арнайы техника жұмыс күшімен бірге филиалдың негізгі қызметтерін атқарып, су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру жұмыстарының сапалы және уақытылы орындалуына септігін тигізуде.
2024-2028 жылдарға арналған Су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына Батыс Қазақстан облысы бойынша 127 іс-шара енгізілген екен. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге өңірдегі суармалау жүйелерін бірыңғай басқару жүйесіне келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бұрын коммуналдық меншікте болған Жайық-Көшім және Жәнібек суармалау жүйелеріне тиесілі 826 шақырымдық каналдар мен 57,0 мың гектар аумақтағы көлдете суармалау жүйелерін республикалық меншікке беру жұмыстары атқарылуда. Рауан Хусаинов жыл соңына дейін бұл жұмыстар толық аяқталып, оларды қалпына келтіру бойынша бірінші кезектегі және негізгі жұмыс көлемдері анықталатынын айтты.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Осыған байланысты аймақтың кепілдендірілген әрі ұтымды сумен қамтамасыз етілуін жақсарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады, – деді «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Р.Хусаинов.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы