БҚО-да цифрлық инфрақұрылым қарқынды дамуда

БҚО-да цифрлық  инфрақұрылым  қарқынды дамуда

Батыс Қазақстан облысындағы 405 ауылдық елді мекеннің 372-сі интернет желісімен, ал 376-сы ұялы байланыспен қамтылған. Бұл тұрғындарға қолжетімді интернетке қосылып қана қоймай, сапалы дыбыстық қоңыраулар шалуға да мүмкіндік береді.

Бұл туралы облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашев мәлімдеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстағы байланыс және мобильді интернет сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған аталмыш басқарманың басшысы Н. Қамашев өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

– Қазіргі таңда мобильді байланыс пен интернет желісі – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Сондықтан ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуда байланыс және мобильді интернет желісінің қолжетімділігін арттыру – басты міндеттердің бірі. Бүгінде облыстағы 405 ауылдық елді мекеннің 372-сі, яғни 92 пайызы интернет желісімен қамтылған. Ал 376 ауылдық елді мекенде (93%) тұрғындар ұялы байланыс арқылы дыбыстық қоңырау шалу мүмкіндігіне ие, – деді басқарма басшысы.

Мобильді байланыс желісін дамыту бағытындағы жұмыстар облысымызда кезең-кезеңімен жалғасуда. Өткен жылы байланыс операторлары 21 ауылдық елді мекен мен екі автомобиль өткізу пунктіне жаңа базалық станция орнатып, 202 ауылдағы қолданыстағы базалық станцияларды жаңғыртқан. Ал биыл «Beeline» және «Kcell» байланыс операторларымен бірлесіп, Орал және Ақсай қалаларында, сондай-ақ 10 ауылдық елді мекенде жаңа базалық станциялар орнату жоспарланған. Сонымен қатар сегіз ауылдағы қолданыстағы базалық станцияларды жаңарту жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.

Кең жолақты интернетке қолжетімділікті арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі болды. 

– Өткен жылы «Қазақтелеком» АҚ облыстың тоғыз аудан орталығында оптикалық инфрақұрылымды кеңейту жобасын жүзеге асырды. «Тазарту» жобасы аясында 3333 абонент ескірген мыс желіден жоғары жылдамдықты оптикалық байланысқа көшіріліп, 130 шақырым оптикалық байланыс желісі тартылып, 3000 оптикалық порт орнатылды. Сондай-ақ Орал қаласындағы «Ақжайық» шағын ауданына, Жымпиты мен Тасқала аудан орталықтарына GPON технологиясы арқылы оптикалық желі жеткізілді.

Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табады. Жоспарға сәйкес тоғыз аудан орталығында қосымша 246 шақырым оптикалық желі тартылып, 8368 оптикалық порт іске қосылады. Соның нәтижесінде мыс желіні пайдаланып отырған 1718 абонент оптикалық байланысқа көшіріледі. Бұдан бөлек, «Тазарту» жобасы аясында тағы 6000 абонентті оптикалық желіге қосу көзделген. Жылдың алғашқы алты айында Орал қаласындағы 103 және ауылдық елді мекендердегі 206 ағаш байланыс тірегі темір-бетон тіректерге ауыстырылды, – деді Нұрғиса Мәлікұлы. 

Айтуынша, өңірдегі шағын байланыс операторлары да бұл іске өз үлестерін қосып, Орал қаласы мен ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамту жұмыстарын жалғастырып келеді.

Басқарма басшысы өз баяндамасында өңірде интернеттің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасатынын айтты. Оның сөзінше, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін облыстағы 220 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланған. Осы мақсатта 24 ауылдық елді мекенде «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ бірлесіп «Starlink» спутниктік терминалдарын орнатқан. Сонымен қатар халық саны аз ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылуда. Өткен жылы «Jusan Mobile» АҚ 24 ауылға OneWeb спутниктік технологиясының станцияларын орнатса, биыл халық саны 20-дан төмен сегіз ауылда да осындай станциялар іске қосылыпты. Ұлттық жоба аясында «Kcell» байланыс операторы Оралда 5G стандартында 90 базалық станция орнатқан. Республикалық автокөлік жолдарын мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету іс-шарасы аясында облысымызда 7 антенна-діңгек құрылғысын салу жоспарланған.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

Батыс Қазақстан облысы

16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144