Астана қаласындағы «Qazaq Creative Hub» алаңында Ақмола облысының креативті жәрмеңкесінің ашылу салтанаты болды. Жобаны Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Креативті индустрияларды дамыту корпоративтік қоры жүзеге асырып жатыр.
Жәрмеңкенің ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
Жоба Мемлекет басшысының креативті индустрияны қолдау жөніндегі шаралар топтамасын әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес, жергілікті брендтерді ілгерілетуге, қолөнер мен өнерді дамыту және ел аумағының шығармашылық әлеуетін айқындайтын әлеуетті алаң қалыптастыруға бағытталған.
Жәрмеңке аясында елорда тұрғындары мен қонақтары 10 түрлі алаңда өңір шеберлерінің туындыларымен, авторлық коллекцияларымен, жергілікті брендтерімен, креативті жобаларымен және стартаптарымен танысты.
Жәрмеңке барысында шеберлер этно-брошь жасау, қыш өнері, көркем құю, көрпе, жастық және құрақ құрастыру бойынша шеберлік сабақтары, сондай-ақ заманауи бейнелеу өнеріне арналған дәрістер ұйымдастырып, келушілерді қызықтырып, ынталарын арттырды.
Жәрмеңкеде креативті экономиканың заманауи бағыттарына да айырықша мән берілгендігін байқадық. Атап айтар болсақ, «Event-аймақта IT», «digital және media» жобалар, робототехника, «game development», жасанды интеллект, ішкі туризм және киберспорт салаларындағы стартаптар таныстырылып, қалың көпшіліктің назарын аударды.
Бүгінгі таңда Ақмола облысында креативті индустрия саласы бойынша мыңнан астам субъектілер тіркелген. Ақмола облысында зергерлік өнер, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, ағаш өңдеу, дизайн, «fashion-индустрия», қолөнер, IT және digital-жобалар жақсы дамып, бұл салада әлемдік деңгейге танылғандар да бар екен.
Қазақстан бойынша креативті индустрияға айрықша мән беріліп жүргенін баса айтқан Аида Балаева ханым, шығармашылық нысандар үшін салықты жеңілдетуге қол жеткізілгендігін алға тартты. Қазіргі уақытта бірыңғай салық қана төленетін болыпты.
Креаторлар өз өнімін жасап қана қоймай, оны өндіріп, нарыққа шығарып, сатуға да мүмкіндік алуы керек. Осы көрме сол бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болмақшы екен. Орталықтың негізгі мақсаты – қолөнершілер мен шығармашылық иелерінің өнімдерін жүйелі түрде нарыққа шығаруға қолдау көрсету. Бұл – отандық өнімді дамытуға және оны өз нарығымызда ілгерілетуде пайдасы зор. Жәрмеңкеге қойылған өнімдерді сатып алуға да мүмкіндік беріліпті. Жәрмеңкенің алғашқы күнінде креаторлар жалпы сомасы 5 млн теңгенің өнімін сатқан.
Осы жәрмеңкеде Ақмола облысының қолөнер шеберлері өздерінің қаншалықты машықтанып, қаншалықты жетілгендіктерін, қаншалықты ізденіс жасап, өркендеп келе жатқандығын айғақтағандай болды. Президентіміздің креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға жеткіншектер, жастарымыз белсене араласып, шеберліктерін шыңдап жатқаны көңіл қуантады.
Тіпті мектеп оқушыларының жасап жатқан дүниелері, олармен құрған кеңес еріксіз қызықтырады және көңіліңді тойдырады. Бүгінгі жастарымыз жігерлі, жалынды, намысты болып өсіп келеді. Оның айғағы әкімдермен болған кеңесте «Біз домбыраны әлемге танытамыз!» деп, құлшынып тұрған жасөспірімнің жалынды сөзі, біз қаһарман халықпыз деген әнұранның сөзімен аттасып тұрғаны жігеріңді жанып, көңіліңді шалқытады.
















