Қазақстанның ең танымал туристік бағыттардың бірегейі Щучинск-Бурабай курорттық аймағында жазғы туристік маусым басталып, меймандар қабылдаудың белсенді кезеңіне жол ашылды.
Жуырда курортты аймақтың жай-күйімен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысып қайтқан болатын. Әкім сапары аясында курорттың туристік инфрақұрылымымен танысып, демалушылар арасында сұранысқа ие бірқатар маңызды нысандармен танысқан.
Өңір басшысы отбасылық және белсенді демалысқа арналған Биші қайыңдар саябағы, Бурабай маңының көрікті жерлерінің табиғатын тамашалайтын Аютас жартасының бақылау алаңында табиғатты тамашалаған.
Туризм саласының мамандары өңір басшысына туризм саласындағы перспективалы инвестициялық жобалар таныстырған. Жобалардың қатарында әлемдік брендтердің бірнеше қонақүй кешендері, сақ мәдениеті мұражайы және Ақылбай ауылы аумағындағы форель шаруашылығын кеңейту, Бурабай кенті аумағында 1000 орындық залы және ірі конференциялар мен көрмелер өткізуге арналған алаңдары бар Конгресс-орталықтың құрылысы жобалары. Облыс әкімі сапары барысында сала мамандарына ақыл-кеңес беріп, тапсырмалар жүктеген болатын.
Әкім:
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз Щучинск-Бурабай курорттық аймағының туристік әлеуетін жүйелі түрде дамытып келеміз. Біздің міндетіміз – туристер ағынын көбейтіп қана қоймай, жыл бойы сапалы әрі жайлы демалысқа жағдай жасау. Өңір үшін экотуризм, оқиғалық туризм және отбасылық демалыс перспективалы бағыттарға айналуда. Бұл бағыттарды дамыту туристік қызметтердің аясын кеңейтіп, курорттың инвестициялық тартымдылығын арттырады және Бурабайды халықаралық деңгейдегі заманауи, төрт мезгілде де жұмыс істейтін туристік орталыққа айналдыруға мүмкіндік бар, осы мүмкіндікті оңтайлы пайдалануымыз қажет және бұл істі тыңғылықты атқару сіздердің міндеттеріңіз, – деп, мамандарға тапсырма жүктеді. Биыл туристер санының артып, келушілер географиясының кеңеюіне деген сенім мол.
Осыған сай, туристік маусымда Ақмола облысына келетін туристер саны артып, жыл ішінде шамамен 2 млн мейман келеді деген жоспар пысықталыпты. Туристерді тартатын негізгі орталық дәстүрлі түрде Бурабай курортты аймағы. Мұнда келушілерді қабылдауға арналған инфрақұрылым мен туристік нысандарды дайындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылыпты.
Еске салсақ, 2025 жылы Ақмола облысында 1,7 млн адам демалып, олардың ішінде 22,4 мың шетелдік турист болған. Ал биылғы меже – 2 млн.
Келушілердің қызығушылығын арттыру үшін туристік маршруттарды дамытуға көңіл бөлініп, жоба жоспары жасалып, оларды нәтижелі түрде іске асырған екен. Қазіргі уақытта қолданыстағы он бағыт абаттандырылып, Жүкей көлі мен Ақылбай ауылы маңында екі жаңа маршрут, Бурабайда сегіз бақылау алаңы, жаңа саябақ аймағы ашылса, ұзындығы 30 шақырым велосипед жолы тағы 10 шақырымға ұзартылды, сондай-ақ 55 санитарлық-гигиеналық торап орнатылған.
Көлік және тасымалдау саласында да маңызды өзгеріс болатыны анық. Осы айда Щучинск қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдаға асып, бекеттен жолаушыларды жайлы тасымалдауды қамтамасыз ету үшін жаңа автобус бағыттары іске қосылмақшы.
Қонақүй инфрақұрылымы белсенді дамитын болады. Шілде айында Mövenpick қонақүй кешенін, ал желтоқсан айында бес жұлдызды Radisson Blu Burabay қонақүйін ашу жоспарланған. Сонымен қатар, бес жұлдызды Dolce by Wyndham қонақүйінің құрылысы жалғасса, ал шілде айында Holiday Inn Resort Burabay жобасын іске асыру басталады.
Демалушылардың қауіпсіздігін 40 полиция қызметкері және құрамында 123 «ақылды» камерасы бар заманауи интеллектуалды бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етеді. Щучье, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдерінде үш құтқару станциясы жұмыс істейді. Олар жазғы маусым кезеңінде күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіріліп, келушілерге қызмет көрсетіп жүр.















