Солтүстік Қазақстан облысында биыл дәнді дақылдар алқабы 100 мың гектар алқапқа азайып, оның орнына майлы дақылдар егілмек.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоққожиновтың айтуынша, ауылшаруашылығын әртараптандыруға байланысты биыл 2,9 млн гектар жерге дәнді дақылдар егіледі. Ал майлы дақылдар 1 млн гектарға себілмекші. Сонымен қатар, жүгері алқабын 15 мың гектарға арттыру жоспарланған. Ал картоп пен көкөністер алқабының аумағы бұрынғы деңгейде сақталады. Жалпы, биыл да былтырғыдай 4,3 млн гектар алқапқа дән егілмек.
Көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары уақытылы жүргізілген. Ерте қаржыландыру арқасында шаруалар өткен жылдың қазан айынан бастап жаңа маусымға қамдануға мүмкіндік алды. «Кең Дала-1» және «Кең Дала-2» бағдарламалары аясында жалпы мөлшері 86 млрд теңге бөлінді. Оның 38 млрды «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы, ал 32,5 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы берілген. Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуға 5% жеңілдетілген мөлшерлемемен 35 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Ал «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы форвардтық сатып алуға 8,8 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар, өңірде 455 мың тонна тұқым дайындалып, олардың барлығы сараптамадан өтті.
– Биыл алғаш рет пилоттық жоба ретінде қызыл жасымықты сатып алуға 171 млн теңге бөлінді. Осы мақсатта «Азық түлік-келісімшарт корпорациясы» үш шаруашылықты қаржыландырды. Техника науқанға дайын. Мемлекет тарапынан арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Наурыз айында 16 мың тонна, ал сәуірде 30 мың тонна жанар-жағармай жеткізу жоспарланған. Шаруалар үшін дизель отынының бағасы литріне 281 теңге болып бекітілген, бұл нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен, коммерциялық баға – 315 теңгеден жоғары, – дейді Дәурен Тоққожинов.
Сонымен қатар, өнімділікті арттыру мақсатында облысқа шамамен 300 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізуге келісімшарт жасалған. Жыл басынан бері отандық зауыттардың арнайы шоттарына 10 млрд теңге аударылды.
– Шаруалар тыңайтқыштар үшін нарық бағасының 40%-н ғана төлейді, ал қалған 60%-н мемлекет субсидиялайды. Бұл, қазіргідей тыңайтқыш құны 300 мың теңгеден асқан жағдайда аграрийлерлерге үлкен жеңілдік, – дейді басқарма басшысы.















