Білім туралы сөз қозғағанда, көз алдымызға бірден мектеп елестері хақ. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен-ақ бала әріп танып, есеп шығаруды ғана үйренбейді, біртіндеп ортаға бейімделіп, өз ойын жеткізе білуге, өзгелерді тыңдауға, жауапкершілік алуға үйренеді. Қарапайым сұрақтың өзі кейде баланы ойлануға жетелейді. Бір сұраққа әр оқушының әртүрлі жауап беруі де оның өзіндік ойы қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан білім берудегі ең маңызды нәрсенің бірі – баланы ізденуге баулу деп ойлаймын.
Әр баланың қабілеті әртүрлі. Бір оқушы есеп шығаруға қызықса, екіншісі мәтін жазуға бейім болады. Бір бала ойын еркін жеткізсе, енді біреуі көп сөзге жоқ, өз қабілетін ісімен көрсетеді. Ұстаздың бір ауыз сөзі кейде оқушы үшін үлкен маңызға ие. «Сенің қолыңнан келеді», «Тағы бір рет байқап көр», «Жақсы ой айттың» деген қарапайым сөздердің өзі баланың өзіне деген сенімін арттырады. Мұны ұстаз ретінде күнделікті жұмыс барысында сезініп жүрміз. Кейде сабаққа ынтасы төмен шәкіртіңнің біртіндеп ашылып, сабаққа белсенді араласа бастағанын көргенде, оның артында өзіңнің балаларды мақтап, мадақтауыңның да үлкен әсері бар екенін түсінесің. Демек, баланың алға ұмтылуына тек білім емес, сенім мен қолдау да қажет.
Мен Оқушылар сарайында вокал үйірмесінен сабақ беремін. Бұл жерде балалардың ән айту қабілетін дамытып қана қоймай, олардың өнерге деген қызығушылығын оятуға, сахнада өздерін еркін ұстауына және шығармашылық қабілеттерін шыңдауға көңіл бөлемін. Вокал үйірмесіне қатысатын әр баланың дауысы, қабілеті, мінезі әртүрлі. Сондықтан әрқайсысына жеке көңіл бөліп, бойындағы мүмкіндігін ашуға тырысамын.
Оқушыларды түрлі байқауларға апарудың да маңызы зор деп ойлаймын. Сахнаға шығып, өнер көрсету баланың өзіне деген сенімін арттырады. Өзге балалардың өнерін көріп, тәжірибе алмасады.
Сабақ барысында өзім жиі қолданатын әдістердің бірі – «миға шабуыл» әдісі. Бұл әдіс балалардың еркін ойлауына, өз пікірін ашық айтуына және бір-бірінің ойын тыңдауына жақсы әсер етеді. Балаларды ынталандырудың әртүрлі жолдарын табуға тырысамын. Кейде өткізген сабағымнан шағын үзінділерді ватсаптағы «статусыма» салып қоямын. Балалар оны көріп, қуанып қалады. «Мен әнді жақсы айтамын», «Ән айтқанымды апай статусына салды» дегендей, өздеріне деген қызығушылықтары арта түседі. Осындай қарапайым дүниелердің өзі баланың көңіл күйіне, өзіне деген сеніміне және үйірмеге деген қызығушылығына жақсы әсер ететінін байқаймын.
Мен үшін вокал үйірмесінің басты мақсаты – баланы ән айтуға ғана үйрету емес. Оның бойындағы өнерге деген сүйіспеншілікті оятып, өзіне сенімді, ізденімпаз, сахнада өзін еркін ұстай алатын тұлға қалыптастыру. Себебі өнер арқылы бала өз сезімін жеткізуді, еңбектенуді, жауапкершілікті және өз қабілетіне сенуді үйренеді.
Білім мен тәрбиені бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Білімді, бірақ жауапкершілігі жоқ адам қоғамға пайдасын толық тигізе алмауы мүмкін. Сондықтан мектеп қабырғасында баланың сабағына ғана емес, оның адам болып қалыптасуына да көңіл бөлінуі қажет.
Балаға үлкенді сыйлауды, кішіні құрметтеуді, өз еңбегіне жауап беруді, біреудің жетістігіне қуана білуді үйрету де – білім берудің бір бөлігі. Білімді ұрпақ – елдің болашағы. Бүгінгі оқушы – ертеңгі дәрігер, мұғалім, инженер, ғалым, кәсіпкер, мемлекеттік қызметкер т.б. Оның бүгінгі алған білімі мен тәрбиесі ертеңгі қоғамның келбетіне әсер етеді. Сондықтан әр баланың бойындағы қабілетті байқап, оған дұрыс бағыт көрсету – ұстаздың мойнына артылған үлкен жауапкершілік.
Білім – адам болашағына жағылған шам. Ол өмір жолындағы қиындықтарды еңсеруге, дұрыс шешім қабылдауға, өзіне сеніп, алға ұмтылуға жарық береді. Ал сол шамның алғашқы шырағын жағатын жан – ұстаз. Ұстаздың басты міндеті – баланың жүрегіне білімге деген қызығушылықтың отын жағу. Сол от өшпесе, бала өмір бойы ізденіп, өз жолын табады. Ал бір жүректе жанған білім шамы уақыт өте талай жанның жолына жарық сәулесін төгуі мүмкін.
Жеңіскүл ЕЛЕМЕС,
педагог-модератор,
Қызылорда қаласы















