Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданына жұмыс сапары барысында Белбасар ауылындағы 100 орындық мәдениет үйінің ашылуына қатысты. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі ақпар таратты.
– Шу ауданы – таланттар бесігі. Бұл қасиетті өңірден мәдениет саласына елеулі үлес қосқан дарынды тұлғалар дүниеге келген. Олардың өмір жолы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ерекше маңызға ие. Шығармашылық мұрасы жас ұрпаққа үлгі болып, ұлттық мәдениеттің дамуына айтарлықтай ықпал етуде, – деді облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы.
Жаңа клубтың құрылысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, оны «Ник Тараз» ЖШС салған. Жоба құны – 373 млн теңге. Нысанда 13 қызметкер еңбек етеді. Мұнда ән, би, мәнерлеп оқу үйірмелері жұмыс істейді. Мұнда осы уақытқа дейін мәдениет үйі болмаған еді. Қазір заман талабына сай керемет нысан бой көтерді, енді ауыл тұрғындары мен жастар бос уақытын тиімді пайдаланып, мәдени-танымдық іс-шараларға белсене қатысатын болады.