Батыста көктемгі егіс науқаны аяқталды

Батыста көктемгі егіс науқаны аяқталды

Батыс Қазақстан облысында биылғы көктемгі егіс науқаны жоспарланған мерзімде аяқталды. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында мәлімдеді.

– Өңір экономикасының негізгі салаларының бірі саналатын ауылшаруашылығында биыл оң көрсеткіштер тіркеліп отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары мен диқандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде барлық ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 676 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 38 мың гектарға артты, – деді Жасұлан Жолдыбайұлы. 

Егіс құрылымында дәнді дақылдар 281 мың гектарды құраса, майлы дақылдар 176 мың гектарға егілген. Сондай-ақ картоп, көкөніс және бақша дақылдары 4,2 мың гектарды, ал мал азықтық дақылдар 215 мың гектарды құраған.

Басқарма басшысының айтуынша, соңғы жылдары облыс шаруалары нарықта сұранысы жоғары әрі табысты дақылдарды өсіруге басымдық беріп келеді. Соның нәтижесінде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасып, дәнді-бұршақты дақылдар көлемі соңғы үш жылда он есеге өскен. Ал майлы дақылдардың алқабы бір жыл ішінде шамамен 40 мың гектарға ұлғайған. Биылғы егіс жұмыстарына 40 мың тонна тұқым пайдаланылған екен. Оның басым бөлігін жоғары репродукциялы және сапалы тұқымдар құрайды. Элиталық тұқымдардың үлесі де артып, 6,2 пайызға жеткен. Сонымен қатар тұқымдардың сапасы бюджет қаражаты есебінен тегін зертханалық тексеруден өткізілген.

Өңірде суармалы егіншілікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы бес жылда суармалы жер көлемі 2,3 есеге өсіп, 6,5 мың гектарға жуықтаған. Ал өткен жылы өңірімізде тұрақты суармалы егіс алқабының көлемі 12,4 мың гектарды құрапты. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткішке мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің оң әсері зор.

– Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін шаруалар қажетті ресурстармен толық қамтамасыз етілді. Биылғы егіс науқанын ойдағыдай атқаруға облысқа 10,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Атыраудан тасымалданған дизель отынының литрі 270 теңгені құрады. Бұл ретте біздің облыс бойынша дизель отынының белгіленген бағасы – республикадағы ең төмен бағаның бірі болғанын атап өту керек, – дейді басқарма басшысы. 

Шаруаларды қаржылай қолдау бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 10 млрд теңгеге жуық жеңілдетілген несие берілген. Өтінімдерді қабылдау әлі де жалғасуда. Сондай-ақ ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту қарқыны да артып келеді. Жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» арқылы жалпы құны 8,5 милрд теңгені құрайтын 775 бірлік ауылшаруашылығы техникасы лизингке алынған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе жоғары көрсеткіш. Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлініп, оның 1,9 млрд теңгесі субсидиялауға бағытталған. Қазіргі уақытта шаруаларға 627 млн теңге субсидия төленген. Субсидиялау да жыл соңына дейін жалғасатын болады. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ж. Халиуллин агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шаралары облыстың аграрлық секторын дамытуға тың серпін беріп, ауылшаруашылығы өндірісінің тұрақты өсіміне негіз болып отырғанын атап өтті.

 Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

23.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26140
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25593
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42986
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38797
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43387