Жуырда Шу ауданының орталығы Төлеби ауылында, Жамбыл облысы әкімшілігінің пәрменімен, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, Қосы батыр және Балуан Шолақ қорларының жетекшілері Дәулетбай Есімбеков, Нұрлан Бөденов мырзалардың ұйымдастыруымен Шу ауданының 95 жылдық, батыр баба Балуан Шолақтың 160 жасқа толуына арналған дүбірлі той болып өтті. Тойға көптеген қоғам, мемлекет қайраткерлерімен бірге, Астанадан арнайы келіп, Балуанның кенже ұлы Құдайбергеннен туған немересі Шайдолла да қатысты. Қонақтар арасында Жамбыл облысы аумағынан шыққан қоғам қайраткері Бөрібай Жексембин, Балуан Шолақтанушы Марат Набиевтер сөз алып, батыр бабамыз үшін бұған дейін атқарылған жұмыстар жөнінде дүйім жұртты құлағдар етті. Ертемен басталған тойдың ашылу салтанаты, жергілікті өнер майталмандарының концертімен жалғасын тапты. Концертпен бірге әртүрлі спорттық ойындар бойынша жарыстар қатар жүріп жатты. Балуандар күресі 2 салмақ дәрежесі бойынша өтіп, бірінші орынға 2 миллионнан жүлде берілді. Қонақтарға арнап «Сұлтан Плаза» мейрамханасынан 500 адамдық дастарқан жайыпты. Аста сөз алған белгілі Қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз, тіл жанашыры Оразкүл Асанқазы апамыз, Балуан шыққан Сәмбет руының қыздарының ортасында Балуанның немересі Шайдолла бауырына ат мінгізіп, үстіне шапан жапты. Астан кейін Шу аудандық мәдениет үйінде Балуан туралы соңғы шыққан Сымайыл Дәрменнің жинақтаған кітабының тұсауы кесіліп, ғылыми конференциясы өтті. Конференцияда пікір білдірген кісілердің ортақ ой тұжырымдары бір арнаға тоғысты. Мәселен, Нұрмағанбет Баймырзаұлының ұлт үшін істеген ерлік істерін ары қарата насихаттауды жалғастыру.
Архивтік материалдарға сүйеніп синтезді зерттеу жүргізу, сол материалдар негізінде деректі фильм түсіріп, содан кейін ғана көркем фильм түсіру.
Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы сарай алдына ескерткішін қойып, республикамыздың басты қалаларынан көше аттарын беру және т. б.
Конференция қызу пікірталас, талқылаулармен өтті. Әсіресе Қазақ радиосының қызметкері Зарлы Қойшығұл Мұстафаұлының жинақтаған материалдары мен Балуан Шолақ ауылында қойылған ескерткішін Алматыдағы спорт сарайы алдына қою туралы ұсынысы көпшілікті дүр сілкіндірді. Конференциядан кейін жиналған ел қазақтың дәстүрлі спорты – бәйгені тамашалап тарасты. Тай жарыс, жорға жарыс, топ бәйге, аламан бәйгенің бәрін құр қалдырмай, алды 5 миллионнан сый-сияпаттарын беріп, абыройлы той өткізді.
Редакциядан: Балуан Шолақ бабамыз атындағы Алматы қаласындағы Спорт сарайының жанына ескерткіш сомдау жөнінде редакциямыз көптен көтеріп келе жатқан еді. Жоғарыда баба тойында осы мәселенің көтерілгені бізді қуанышқа бөледі. Іске сәт!
Бақытжан МЕРГЕНБАЕВ