Балалар контенті – бүгінгі күннің басты мәселесі

Балалар контенті – бүгінгі күннің басты мәселесі

 Иә, қазіргі заманның балалары көп кітап оқымайды, ертегі тыңдамайды, тіпті теледидар көруден де қалды. Бұрын балалар жан-жануарлар, өсімдіктер әлемі, ғылыми-танымдық хабарлар, викториналық ойындар, ән-би байқаулары, балаларға арналған кинолар, мультфильмдер көріп тамашалаушы еді. Кітапханаларға барып қызықты кітаптар алып оқитын. Енді бұл да жоқ, оларға ештеңе қызық емес. Есіл-дерттері тек телефонға телміріп отыру болып қалды. Баяғыда біздің көшеде ұсақ балалардан ересек балаларға дейін асыр сап ойнап, улап-шулап жатушы еді. Қазір тым-тырыс, сәбилердің дауысы, күлкісі естілмейді. Тіпті далаға шықсаң жан баласын көрмейсің. Үлкендердің өзі үйлеріне кіріп алып, телефонда отырады. Қандай заман болды деп ойлайсың сондай кезде. Жақында редакциямызға Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлыдан хат келді. Тақырып балалар контенті жайында. Осыған байланысты балалардың тәрбиесі жөнінде көкейтесті мәселе көтеріп, өз ой-пікірін ортаға салыпты.

                                                   Тәрбие-талбесіктен басталады

   ...Көшеде, емханада, шаштаразда, кафеде, көпшілік орындарда жылаған баланың көңілін аулап, назарын аударып, аузын жабу үшін алдына телефон ұсыну дәстүрі пайда болды. Құйтақандай балаға әлі келмей ме, жұбатуға еріне ме, әйтеуір, мұны уату тәсілі ретінде пайдаланады. Сіздерге өтірік, маған шын, немере бағып отырған жас әжемен бейнеқоңырау арқылы сөйлескенде, артқы жағынан баланың тасыр-тұсыр жүгіргені, күліп-ойнағаны, заттарды төгіп-шашқаны, үйдің астан-кестенін шығарғаны, «далаға шығам» деп қырғи-қабақ танытқаны, оған әжесінің күйіп-піскені байқалатын. Кейін дыбыстар бірте-бірте азайып, естілмей қалды. Соңында «Немереме бір рет телефон көрсетіп едім, содан шығара алмай әлек болып жүрмін» деді. Көңілге тимесін, кеше ғана дүние есігін ашқан балаға телефон ұсыну – ақымақтық. Елімізде психикалық дамуы, сөйлеуі кешеуілдеген балалар саны өршіп тұр, неге, себебін анықтадық па? Өйткені, баламен қарым-қатынас азайды, «тыныш болсын» деп экранды алдына тоса салады. Әрине, бұдан басқа биологиялық, медициналық себептер баршылық, алайда, түпкі себебіне осы екеуі негіз. Мәселен, тоғыз ай анасының жүрегін тыңдаған бала бөгде тілдегі экранды көреді. Миы қабылдауы мүмкін, бірақ тілін түсінбейді, сөйлесе алмайды, диалог құра алмайды, тек пассивті тыңдаушы болады. Яғни баланың тілі қозғалысқа түспейді, сөйлеу қатынасы шектеулі. Бала робот емес, керек кезде батырмасын басып сөйлететін, керек еместе өшіретін. Сол үшін бүгінгі жас ата-анаға айтарым, баланың дамуын құрсақтан бастаңыздар, бала бәрін іште жатып сезеді, естиді, ұғады, түсінеді. Ал жарық дүниеге келгенде алдарынан телефон, планшет, теледидар шығады. 

Күні кешегі бір отырыста пайғамбар жасындағы атаның «екі немерем көзден кетті» деп тосыннан бастаған сөзіне бәріміз аңтарылып қалдық. «Телефон бәле болды...» деп әрі қарай жалғастырды, әңгіменің төркіні түсінікті болар. Расында, бүгінде баламызды кімдер тәрбиелеуде: өзіміз бе, өзгелер ме? «Әрине, өзіміз!» деп ауыз толтырып айта аламыз ба? Ендеше, неліктен бұл мәселе бүгінде өзекті өртеп, көзден айырып жатыр? Азаннан кешке дейін ұрпақ тәрбиесі айтылып-ақ келеді. Алайда, үйде, көшеде, емханада, асханада, жол-жөнекей буыны қатпаған баланың екі көзі анасын емес, телефонды іздеп, қолына бермесе жылап қоя беретініне екі көзіміз куә, бірақ соған ден қойып, мән бермейміз. «Мультфильм көрсін» деп жанды жұбатамыз, құлақты тыныштатамыз. Алайда, ұрпағымыз көзіміздің шырағы ма, ғаламтор шырмауында ма? Күні мен түнін әлеуметтік желіге байлайтын ұл-қызымызға ұлағат болатындай өзіміз қандай амал жасап жүрміз? Балалар контентін молайтқан дұрыс па, интернеттен ажыратқан дұрыс па? Жалпы, ғаламтордың ғаламатынан қалай арыламыз, экран алдындағы балалар мәселесін қалай шешеміз?

                                              Балаға ата-ана әркез жауапты

  Біліңіздер, баланың бірінші ұстазы – әкесі мен анасы, яғни әрбір сөзі, мінезі, қылығы, ісі, амалы, әрекеті, тұрмысы, салты – ақ қағаздай санасына түсетін сиясы қанық алғашқы жазулар. Содан кейін досы, жан-жағы, айналасы, ортасы бағыт-бағдар. Осы тұста ата-ананың жіберетін бірінші қателігі – «баланы мектеп тәрбиелейді» деген ойы. Айналайын ата-ана, баладан бұрын өзіміз қателеспейік, мектеп – білім ордасы, мұғалім – білім иесі, тәртіпке бағыттаушы. Бұдан басқаға міндетті де, жауапты да емес. Сол сияқты, баланың досы – кез келген ортаға бейімдеп, жақсы-жаманды сіңіртіп, дағдыландырушы. Бұл да жіті қаралатын мәселе. Дегенмен, ғаламтор балаға не беріп жатыр? Қазір «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дегеннің дәуірі өтті. Өйткені, таңның атысы, кештің батысы шуылы басылмайтын үйде тыныштық орнаса, Құдай ұрды, сол үйдің балалары ноқтасыз желіге байланды дей беріңіздер.

  Жуырда мына бір көрініске тап болдым, яғни TikTok желісінде 1000-ға жуық адамға қазіргі келіндер мен енелер жайлы шайпау әңгімемен қарқынды стрим жасап отырған жас келіншектің артқы жағына көзім түсті. Кішкене қыз баласы құлағына қуатты құлаққапты киіп алып, ноутбукқа телміріп отыр. Ол не көріп, әлемнің қай бұрышында, кімге ұйып, кімді тыңдап отыр, онымен анасының шаруасы жоқ, жұртқа ақыл айтып сайрап отыр. Бұл жерде бәріміз «мультфильм көріп отырған болар» деген ойға шоғырлануымыз мүмкін. Алайда, жасы 10-ға жетпейді, Құдайдың берген күш-қуатын интернетке жұмсауы — көз майын тауысуы, уақытын ысырап етуі. Біліңіздер, бала үшін ғаламтор көктегі айға, аспандағы жұлдызға, ғарыштағы ғаламатқа тең шартарап, яғни өзін бейтаныс әлемге саяхаттаушы ретінде сезініп, ұтыскер ретінде көруі ықтимал. Бұған дер кезінде шектеу қойылмаса, балаға ата-ана авторитет болмай қалады. Жылы ұясын, мектебін, мұғалімін, достарын ұмытса, ғаламтор басты құндылығына айналуы әбден мүмкін. Одан мінезі мен өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Бір сөзге жиғанда, ғаламтор ғаламат ұстазы болады. Сол үшін бүгінгі ата-анадан қайталап сұраймын, балаңызды кім тәрбиелеп жатыр: өзіңіз бе, әлде өзгелер ме?

  Ата-ананың жіберетін екінші қателігі – балаға отырып алып ақыл айту әрі оны тәрбие деп түсінуі, сөйлейтін сөзі, істейтін ісі, мінезі, қылығы, жүрісі, тұрысы, киім киісі баласына үлгі екенін білмеуі. Салқын ой, құрғақ ақыл бойға жұқпайды әрі тәрбие амалмен жүзеге асады. Ата-ана ең жақын досындай баламен сырлас болмаса, бір табан қалыс қалады, тәртіпке үйретпесе, бәрінен кеш қалады. Біліңіздер, баланың бағдары ата-ана болмаса, көрінгеннің көшіне ілесіп жүре береді. Ал бала үлкен бір кітапты оқып шыққандай, ата-анадан бәрін көріп, біліп шығуы тиіс. Сол үшін қазақ баласының әрбір әке-шешесіне айтарым, сіздер ұрпағыңызға үлгі болмасаңыздар, Құдайға шағым айтпаңыздар. Әсіресе, ғаламды уысына жиған ғаламтор орындарыңызды басады. Баланың сөзге құлақ аспауы да дәл осы тұстан басталады.

Шексіз интернетті шегімен қолданған жөн. Иә, кез келген уақытта білім мен ғылым көздерін табу, қабілетті арттыру, зейінді жаттықтыру, жақсы дағдылар қалыптастыруға пайдасы мол. Алайда, шексіз екен деп, шамадан тыс қолдану жақсы емес. Мұның да пайдасыз тұсы бар, яғни баладан бастап үлкендерді еріксіз елітетін онлайн ойындар. Оның ішінде баланың қандай әсер алып жатқанын білмейміз. Бір білерім, оқуы нашарлайды, демалысы азаяды, ұйқысы бұзылады, көз жанары талады, зейіні шашырайды, қабілеті төмендейді, рухы шаршайды, жүйкесі жұқарады. Бұл ештеңе емес, жуырда жекеме шыққан бір ананың жанайқайына куәмін. Он үш жастағы қызы TikTok желісі арқылы трансгендерлерді күні-түні көріп, олардың арсыз қылықтарына еліктеп, өз-өзіне қастандық жасаған. Бұл — баланың бақылаусыз қалуы, білместікке өтуі, жаманды қабылдауы, оны дұрыс көруі.

                                                                                                 

 
Шаргүл Қасымханқызы
08.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144