Елімізде көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Көпэтностылық Түркістан облысына да тән. Сондықтан өңірде өмір сүріп жатқан этнос жастарына ынтымақтастық пен елжандылық тәрбиесін сіңіру маңызды бағыттардың бірі саналады. Осы орайда өңірде «Елтану» мәдени-ағартушылық жобасы қолға алынған.
Таяуда Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында аталған жоба аясында «Бабалар үні» байқауы болып өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен іс-шарада этнос өкілдері қазақтың эпостық жырларын жатқа айтудан сайысты. Конкурс этнос өкілдері арасында қазақтың ауыз әдебиеті мен ұлттық өнерін, мемлекеттік тілді насихаттау, талантты эпос жырын орындаушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов құттықтау сөзбен ашты. Н.Сейтжанов байқаудың ұлттық рухты жаңғыртуға, жас буынның бойында мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Ұлттық өнерді ұлықтаған байқауға өңірдегі барлық аудан, қалалардан жиналған этнос жастары қатысып, батырлар жырын жатқа айтты. Қатысушылардың өнерін сараптаған қазылар алқасының құрамында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов, А.Ясауи атындағы ХҚТУ дайындық орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бегімжан Айтбаев, №34 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-шебер, магистр Жансая Шорабекова болды.
Қазылар байқауда қатысушылардың жырды жатқа айту шеберлігіне, дауыс ырғағына, сахналық мәдениетіне және эпостың мәнін дұрыс жеткізуіне баға берді.
«Бабалар үні» байқауында түлкібастық Азиза Кажиева 1-орынды жеңіп алды. Жүлделі 2-орынды сарыағаштық Ойниса Алаярова, 3-орынды жетісайлық Наргиза Гайбуллаева иеленді. Бұдан бөлек, өнерімен озық шыққан қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар және Алғыс хаттар табысталды.