Жол салып, оны жөндеушілерді бірде мақтап, бірде даттап жатады. Шүкір, қазір сонау 90-шы жылдарға қарағанда бұрын шұрқ тесік, ойдым-ойдым жолдар жөнделіп, бертін келе айнадай жалтырап жататын болды. Бұл жолғы кейіпкеріміз – жол маманы. Абат ауылында ол басқарған ұжым техникаларын дүрілдетіп, қызу жұмыс істеп жатыр екен.
– Есімім – Медет Балтабаев. Мен осы өңірдің Сүмбе деген ауылынанмын. Сыртқа кетпей, туған жердің жолдарын жөндеп жүргеніме 16 жылдың жүзі болыпты. Екі бірдей оқу орнын бітірдім. Біреуі КУПС, екіншісі АТК деп аталатын көлік және техникалық колледждер.
Медет бауырымыз үнемі күлімдеп, жан-жағына нұрын шашып жүретін азамат екен. «Еңбек жолыңызды қашан бастадыңыз?» деген сауалымызға күлімдеп жауап берді.
– Оқуымды бітірген соң 2009-2011 жылдары Алматы метро құрылысында жұмыс істедім. Содан бері «Алматы жолдары» ЖШС-да істеп келемін. Қазір бөлім бастығымын. Қарамағымда 20 адам бар. Облыс көлемінде басшылар тапсырған жұмыстарды тап-тұйнақтай етіп орындауға тырысамыз.
«Алматы жолдары» ЖШС директоры – Рахат Манапов деген азамат. Шонжы жол бөлімінің бастығы, Құрметті жолшы Жакулин Нұрғалиев ағамызды ұстазым деп білемін. Исмаилов Дамир әріптесім аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы. Дамирден көп нәрсе үйрендім. Әзірге менде марапат жоқ, болашақта бола жатар, – деп Медет жымиып қойды.
– Техникаларыңыз бабында шығар?
– Иә, 15 шақты әртүрлі жұмыс атқаратын техникамыз бар. Жол салу оңай емес. Әсіресе мынадай шыжыған ыстықта қиындығымыз арта түседі. Асфальт еріп, тура жалындаған оттың ішінде жүргендей боласың. Жігіттеріміз осындай қиындықтарды еңсеріп, әрдайым абырой биігінен көрініп келеді. Шаруа шашетектен. Сыртқы жұмыстармен қатар ішкі жұмыстардың талайы бізді күтіп тұр.

– Отбасыңызда өзіңізді күтіп отыратын жарыңыз бен балаларыңыз сізге күш-жігер беретін болар?
– Иә, шүкір, 4 балам мен олардың анасы Жанар бар. Олардың мені жұмыстан шаршап келгенде мойныма асылып, күлімдеп қарсы алғаны зор қуат береді.
Медетпен қоштасып, олардың жөндеген жолына түскенде жолшылардың қиын да ерен еңбегін түсінгендей болдық. Жалпы, марапаттар қай еңбек адамын болса да жігерлендіреді. Мәселен, жолшылар 15 жыл үздіксіз осы салада жұмыс істесе, «Құрметті жолшы» атағы беріледі екен. Ал Медет Балтабаев 16 жылдай еңбек етіп келеді. «Осындай атақты неге оған да бермеске?» деген ой келді бізге.
Ертай Айғалиұлы,
Асым СУЛАЙМАНОВ,
Алматы облысы, Ұйғыр ауданы















