Ауыл экономикасы нығайып келеді

Ауыл экономикасы нығайып келеді

Экономиканың күретамыры саналатын ауылшаруашылығы – тек өнім өндіретін сала ғана емес, тұтас өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын, халықтың әл-ауқатын, елдің азық-түлік қауіпсіздігін айқындайтын негізгі тірек. Әсіресе, табиғатпен үндес тіршілік кешетін ауыл халқы үшін төрт түліктің өрісі кең, қорадағы малдың қоңы бүтін, қыстық азығы жеткілікті болуы – ертеңгі күнге деген сенімнің өлшемі. Сондықтан әрбір жаз мезгілінде басталатын мал азығын дайындау науқаны қарапайым шаруашылық жұмысы емес, мыңдаған адамның тұрмысын қамтамасыз ететін аса жауапты кезең.

 

Биыл Т. Рысқұлов ауданында 2025-2026 жылғы мал қыстату науқанына дайындық жұмыстары 27 мамырдан басталды. Ауылдық округтерде арнайы бригадалар құрылып, шөп шабу, жемшөп әзірлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл – табиғаттың тосын мінезіне тәуелді ауыл шаруашылығында уақытпен санаса білудің, жоспарлы еңбектің айқын көрінісі.

Бүгінгі таңда аудан бойынша статистикалық есепке сәйкес барлық түлік саны 644 356 басқа жетіп отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102 804 басқа көп. Шын мәнінде, бұл – құрғақ сан, жай статистикалық көрсеткіш емес екендігі белгілі. Дәл сол сандардың астарында жүздеген шаруа қожалығының маңдай тері, мыңдаған ауыл тұрғынының күнделікті еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі жатыр. Өсімнің құрылымына үңілсек, аудан экономикасының қай бағытта дамып келе жатқанын айқын аңғаруға болады.

Ірі қара мал саны 33 194 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 4 708 басқа артқан. Шамамен 16,5 пайыздық өсім. Ірі қара – ауылдағы негізгі табыс көздерінің бірі. Ет пен сүт өндірісінің басты шикізаты саналатын түліктің көбеюі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, өңдеу өнеркәсібінің тұрақты жұмыс істеуіне де мүмкіндік береді. Демек, аудан шаруашылықтары тек мал басын көбейтіп қана қоймай, өндірістің сапалық деңгейін көтеруге де бағыт ұстап келеді.

Ұсақ мал шаруашылығы аудан экономикасының жетекші бағыты болып қала берері сөзсіз. Бүгінде қой мен ешкі саны 587 937 басқа жетіп, бір жылдың ішінде 96 142 басқа көбейген. Жалпы өсімнің негізгі үлесі дәл осы салаға тиесілі. Сандық көрсеткіш ауданның табиғи жайылымдық әлеуеті толық пайдаланылып жатқанын көрсетеді. Қой шаруашылығы – ет өндірумен қатар жүн, тері және асыл тұқымды мал өсірудің де маңызды саласы. Сондықтан мұндай қарқын ұзақ мерзімді перспективада ауыл халқының табысын арттыруға ықпал етеді.

Жылқы шаруашылығы да тұрақты даму үстінде. Қазіргі таңда жылқы саны 23 127 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 929 басқа көбейді. Қазақ халқы үшін жылқы – тек шаруашылықтың емес, ұлттық мәдениеттің де ажырамас бөлігі. Соңғы жылдары жылқы еті мен қымызға сұраныстың артуы дәл осы саланың экономикалық тиімділігін еселей түсті. Сондықтан бүгінгі өсім ертеңгі нарықтағы мүмкіндіктердің де ұлғая түскенін білдіреді.

Түйе шаруашылығында да оң өзгеріс байқалады. Түйе саны 98 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 32 басқа артқан. Сан жағынан көрсеткіш үлкен көрінбегенімен, пайыздық тұрғыдан айтарлықтай өсім. Әсіресе, шұбат өндірісі мен түйе шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі алдағы жылдары бұдан да жоғары болуы ықтимал. Алайда мал басының көбеюі өздігінен жетістікке жеткізбейді. Мал көбейген сайын оған қажетті азық көлемі де еселеп артады. Сондықтан ауданның бүгінгі басты міндеті – қыстық жемшөп қорын уақытылы әрі толық дайындау. Өйткені қыс айларында бір бума шөптің өзі шаруаның ең үлкен байлығына айналатыны белгілі. Мал азығын жеткілікті мөлшерде дайындау – көктемдегі төлдің амандығы, қыстағы шығынның аз болуы және келесі жылғы өндірістің тұрақтылығы деген сөз.

Ауылшаруашылығының нақты нәтижесі мал басымен ғана емес, өндірілген өнім көлемімен де өлшенеді. Бұл тұрғыдан ауданның биылғы алғашқы жартыжылдықтағы көрсеткіштері де тұрақты өсімді аңғартады. Сүт өндірісі бойынша 2026 жылға белгіленген жоспар 21,5 мың тонна болса, қаңтар-маусым айларында 9,7 мың тонна өнім өндірілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі 1,7 пайызға артқан. 1-2 пайыздық өсім айтарлықтай үлкен көрсеткіш емес секілді көрінуі мүмкін. Алайда ауылшаруашылығында мұндай өсімнің өзі тұрақты еңбектің нәтижесі саналады. Себебі сүт өндірісі мал азығының сапасына, ауа райына, ветеринариялық қызметке және шаруашылықтардың технологиялық деңгейіне тікелей тәуелді. Сондықтан өсімнің сақталуы – өндірістегі тұрақтылықтың белгісі.

Ет өндірісі бойынша жылдық жоспар 11,9 мың тонна болса, алғашқы алты айда 4,0 мың тонна өнім өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайыздық өсім тіркелген. Аталған көрсеткіш мал басының көбеюімен қатар өнім өндірудің де жүйелі түрде ұлғайып келе жатқанын байқатады. Әсіресе, ішкі нарықты сапалы етпен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру тұрғысынан бұл маңызды нәтиже. Ал құс шаруашылығы бойынша өндірілген жұмыртқа көлемі 2 млн 791 мың 300 данаға жетіп, 5,3 пайызға арту арқылы ауылшаруашылығындағы ең жоғары өсімдердің бірі болып отыр. Жұмыртқа – халық күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік. Сондықтан бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының азық-түлікпен қамтамасыз етілу деңгейінің жоғарылап келе жатқанын білдіреді.

Жалпы алғанда, ауданның ауылшаруашылығы саласындағы бүгінгі көрсеткіштері бір ғана жылдың жемісі емес. Бұл – соңғы жылдары жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалардың, шаруалардың тәжірибесінің, еңбек адамдарының төзімі мен табандылығының нәтижесі. Сандық көрсеткіштер өсімнің бар екенін анық көрсетіп отыр. Ендігі маңызды міндет – осы өсімді сапаға айналдыру. Өнімнің өзіндік құнын төмендету, асылтұқымды мал үлесін көбейту, су үнемдеу технологияларын енгізу, жемшөп өндірісін әртараптандыру және қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту – аудан ауылшаруашылығының келесі даму кезеңіндегі негізгі басымдықтар болуы тиіс. 

Өйткені бүгінгі ауылдың тағдыры тек мал басының көптігімен емес, сол байлықтың халықтың тұрмысын жақсартуға қаншалықты қызмет етіп жатқанымен өлшенеді. Нағыз жетістік – статистикадағы сан емес, ауылдағы әр отбасының әл-ауқатының артуы, жастардың туған жерінде еңбек етуге деген сенімінің күшеюі және елдің ертеңіне деген нық сенімнің қалыптасуы.

Ауылдың әл-ауқатын көтеру туралы сөз болғанда, ең алдымен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне назар аударылады. Себебі кез келген қолдау нақты нәтижеге айналғанда ғана оның құндылығы артады. 

Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына, өз кәсібін кеңейтуіне және табысын арттыруына бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі – «Ауыл Аманаты» жобасы. Жоба аудан көлемінде Құмарық, Абай, Көкдөнен, Көгершін және Жаңатұрмыс ауылдық округтерінде жүзеге асырылып, оған 2 663 аула қатысқан. Жалпы сомасы 4,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Кез келген мемлекеттік бағдарламаның нәтижесі бөлінген қаржымен емес, оның қоғамға тигізген нақты әсерімен бағаланатынын да ескерген абзал. Осы тұрғыдан алғанда, жобаның алғашқы нәтижелері көңіл қуантады.

Жоба аясында 847 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендігін ескерсек, аудан экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі артып келе жатқанын білдіреді. Кәсіпкерлік көбейген жерде бәсекелестік қалыптасады, жаңа өндіріс орындары ашылады, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемі ұлғаяды. Ең бастысы – халықтың табысы көбейеді. Бағдарлама нәтижесінде 863 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – алынған қаржының нақты өндірістік мақсаттарға жұмсалуы. Бағдарлама арқылы 32 289 бас мал сатып алынды. Сол арқылы ауданның мал шаруашылығы әлеуетін күшейтіп қана қоймай, алдағы бірнеше жылдағы өндіріс көлемінің артуына басты себеп болмақ. Сонымен бірге 33 дана ауылшаруашылығы техникасының алынуы өндірістің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи техника – уақыт үнемдеу ғана емес, шығынды азайтып, еңбек өнімділігін бірнеше есе арттыратын маңызды фактор. Жоба аясында 6 кәсіпкерлік нысаны ашылып, онда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сан жағынан көп көрінбегенімен, ауылдық жерде әрбір жаңа кәсіпкерлік нысаны – жаңа қызмет түрі, жаңа салық төлеуші, жаңа жұмыс орны және ауыл экономикасының жандануына қосылған үлес.

«Ауыл Аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бүгінгі күні ауданның 15 ауылдық округінен 132 жоба қаржыландырылып, жалпы 946 млн теңге несие берілген. Оның ішінде 2025 жылы 83 жобаға 616,1 млн теңге, ал 2026 жылы 49 жобаға 329,9 млн теңге бағытталған. Бұдан бөлек, 10 жоба зерделеу сатысында тұр. Деректер арқылы мемлекеттік қолдауға деген қызығушылықтың жоғары екендігін байқауға болады. Ең маңыздысы – халық дайын жобамен келіп, кәсіп ашуға ұмтылуы ауыл тұрғындарының нарық талабына бейімделіп келе жатқандығынан хабар береді.

Кооперация – ауыл экономикасын дамытудың келесі маңызды кезеңі. Жеке шаруа қожалықтарының күшін біріктіріп, ортақ нарыққа шығуы, өнімді тиімді өткізуі және өндіріс шығындарын азайтуы үшін өндірістік кооперативтердің маңызы зор. Қазіргі таңда ауданда 16 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативін құру жөнінде ұсыныстар әзірленіп, олардың 6 құжаты «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған. Нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар толық аяқталған жағдайда ауданның ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және өткізу бағытында жаңа мүмкіндіктер қалыптасады.

Экономикалық дамудың басты көрсеткіштерінің бірі – еңбек нарығының тұрақтылығы. Жыл қорытындысында аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгеймен бірдей және облыстық орташа көрсеткішпен сәйкес келеді. Статистикалық мәліметке сәйкес, ауданда 27 700 экономикалық белсенді халықтың ішінде 1 382 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Сол арқылы еңбек нарығының белгілі бір тұрақтылығы сақталғанымен, жұмыссыздық мәселесі әлі де өзекті екенін анық түсінуге болады. Сондықтан әрбір жаңа инвестициялық жоба, әрбір жаңа өндіріс орны халықты жұмыспен қамтудың нақты тетігіне айналуы тиіс.

2026 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1 651 азамат тартылып, жылдық жоспардың 52,8 пайызы орындалған. Оның ішінде 869 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, яғни, жоспардың 46,3 пайызын құрайды. Көрсеткіш екінші жартыжылдықта жұмысты одан әрі күшейтуді талап етеді. Өйткені еңбек нарығының басты мақсаты – уақытша емес, ұзақ мерзімді әрі тұрақты жұмыс орындарын көбейту.

Жастар тәжірибесі арқылы 145 түлекті жұмыспен қамту жоспарланып, әзірге 25 жас жолданған. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет. Себебі жас маманның алғашқы еңбек жолы оның болашақ кәсіби тағдырына тікелей әсер етеді.

Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 25 азаматты қамту жоспарланса, бүгінгі күнге 23 адам жолданған. Жоспардың орындалу деңгейі жоғары. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 350 адамды тарту жоспарланып, 338 азамат жұмысқа орналастырылған. Ол дегеніміз – жоспардың толық орындалуға жақын екенін көрсететін жақсы нәтиже. «Күміс жас» жобасы аясында 60 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып, қазіргі таңда 54 адам жұмысқа орналасқан. Егде жастағы азаматтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуы – әлеуметтік саясаттың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.

Экономиканың нақты жағдайын сипаттайтын негізгі өлшемдердің бірі – халықтың табысы. Аудандағы орташа номиналды айлық жалақы 295,6 мың теңгені құраған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 294 мың теңге болған. Демек, өсім болғанымен, оның қарқыны әлі де төмен. Облыстық орташа жалақы 329 мың теңге болса, аудан көрсеткіші одан 33,4 мың теңгеге немесе 10,1 пайызға төмен. Бұл айырмашылық аудан экономикасының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – жоғары өнімді жұмыс орындарын көбейту қажеттігін көрсетеді. Дегенмен, бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Биыл 67 кәсіпорында 115 жұмыскердің жалақысы орта есеппен 20,3 пайызға көтерілген. Сонымен қатар 53 жұмыс берушіде еңбек қатынастары заңдастырылып, 96 адамның жұмысы ресми тіркелді. Түптеп келгенде, бұл – көлеңкелі экономиканы қысқарту, әлеуметтік қорғауды күшейту және бюджет кірісін арттыру бағытындағы маңызды қадам.

Жалпы ауданның алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне зер салсақ, даму қарқынының оң екенін байқаймыз. Мал басы көбейген. Ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі артқан. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы миллиардтаған теңге инвестиция ауылға бағытталған. Жаңа кәсіпкерлер пайда болып, жүздеген адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Кооперацияны дамыту қолға алынған. Алайда бүгінгі күннің басты талабы – көрсеткіш қуалау емес, сапалы даму. Ертеңгі табыс малдың санымен емес, оның өнімділігімен өлшенеді. Экономиканың қуаты берілген несиенің көлемімен емес, сол қаражаттың қаншалықты тиімді игерілгенімен бағаланады. Жұмыспен қамту жұмыстың санымен емес, жалақының деңгейімен және тұрғындардың өмір сапасымен анықталады.

Ауданның бүгінгі даму бағыты осы талаптарға жауап бере алса, ауыл экономикасы жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Ал ол үшін мемлекеттік қолдау мен халықтың еңбегі бір арнаға тоғысуы қажет. Әрбір гектар шабылған шөп, әрбір сатып алынған техника, әрбір ашылған кәсіпкерлік нысаны, әрбір құрылған жұмыс орны – жай ғана есептің жолдары емес. Олар – туған жердің тынысын кеңейтетін, ауылдың еңсесін тіктейтін, елдің ертеңіне қызмет ететін нақты істердің көрінісі.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Жамбыл облысы

Тұрар Рысқұлов ауданы

13.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144