Ауыл әлеуетін арттырған «Ауыл аманаты»

Ауыл әлеуетін арттырған «Ауыл аманаты»

Ауыл – елдің алтын бесігі, ырысы мен береке бастауы. Қазақ даласы ежелден малға да, егінге де қолайлы, тұмса табиғатымен талай ұрпақты асыраған. Бүгінде ауылшаруашылығы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарып отыр. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыс тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді, ол ауыл өмірінің, адамдардың тұрмыс-тіршілігінің, ұлттық дәстүрдің өзегіне айналған.

Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың ауылды дамыту бағытындағы маңызды қадамдарының бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Аталған бастама ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруді, ауыл экономикасын нығайтуды және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Жоба іске асқалы бері республика бойынша әлеуметтік тұрғыдан айтарлықтай мультипликативті әсерге ие болды. Әрбір жаңа агрожоба ауылда жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етті. 2023 жылдан бастап республика көлемінде 16,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Өткен жылы 6,5 миллиард теңгеге 580 микрокредит беріліп, нәтижесінде 744 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар 3,6 млрд теңгеге 145 ауылшаруашылығы кооперативі қаржыландырылды.

Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы өңірімізде алтыншы жыл жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында ауыл халқының тұрмысы едәуір жақсарып, ауылдық округтердің экономикасы дамуда. Жобаны жүзеге асыруға республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 62 ауылдық округтегі 8028 жоба несиелендірілген. 2019-2023 жылдар аралығында бөлінген 42,2 млрд теңгенің 37 миллиардына 252 мың бас мал сатып алынды. Нәтижесінде 7890 азамат осы бағытта өз кәсібін ашты. Ал жаңадан құрылған 57 ауылшаруашылығы кооперативтеріне техника мен тіркемелер алуға 3,5 миллиард теңге бөлініп, 533 ауылшаруашылығы техникасы тіркемелерімен бірге лизинг арқылы алынып, егіс алқаптарында жұмыс істеп тұр. Кооперативтердің қалыптасу кезеңінде айналым қаражатына 946,9 млн теңге бөлінсе, 97 жоба «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан 730 млн теңге қолдау тапты.

Жобаның ауыл халқы үшін маңызды жаңалығы – төмен пайызбен несие алу және ауылдық елді мекендердегі мүліктердің кепілдікке қабылдануы. Бұл бастама кәсіп ашуға ниетті тұрғындар үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Қазіргі таңда кооперативтер ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру, мал шаруашылығын дамыту жұмыстарын жалғастырып, үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, сапалы тұқым мен минералды тыңайтқыштармен қамту ісін жолға қойған. Мал иелері арзандатылған жем-шөппен қамтамасыз етілуде, бұл ауыл сыртындағы жерлерді біріктіру арқылы жүзеге асырылып отыр. Бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде ауылшаруашылығын әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге, өнімнің сапасы мен көлемін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Егіс алқаптарын тиімді пайдалану, су ресурстарын ұқфыпты игеру, тыңайтқыштар мен заманауи техниканы қолдану – аграрийлердің басты назарында. Ауылдағы шаруа қожалықтары мен фермерлер жаңа техникаға, сапалы тұқым мен мал азығына қол жеткізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруда.

2019 жылдан бері жобаға қатысқан 611 жеке кәсіпкер 1,9 млрд теңге несиесін толық қайтарған. Өңірде несие қайтарылымы 99,6 пайызды құрап отыр. Жобаны жалғастыру үшін 2024-2025 жылдарға 17,3 млрд теңге сұралған, бұл қаражатпен 2 мыңға жуық адамға несие беру жоспарланған. 2019 жылы ғана 2,5 пайыздық жеңілдікпен 8,471 млрд теңге бөлініп, 2489 өтініш қаржыландырылды. Сол жылы 45032 бас мал және 189 ауылшаруашылығы техникасы алынды, 28 кәсіпкерлік ашылды. 2021 жылы қайтарылған несиелер есебінен тағы 1,3 млрд теңге бөлініп, үш ауылдық округтен 253 жоба қаржыландырылып, 6073 бас мал мен 30 техника алынды, 13 кәсіпкерлік іске қосылды. 2022 жылы 7 млрд теңгемен 1210 кәсіпкер қаржыландырылып, 48647 бас мал сатып алынды, кооперативтер техника қорын 131 құрал-жабдықпен толықтырды, тағы 13 кәсіпкер өз ісін бастады. Ал 2023 жылы 25,5 млрд теңге бөлініп, 4076 жоба қаржыландырылды, 152,2 мың бас мал алынды, 183 техника лизингке берілді, 43 кәсіпкерлік нысан ашылды.

– 2024 жылы жоба қарқыны баяулаған, себебі облыстан сұралған қаражат бөлінбей қалған. Дегенмен, кері қайтарылған несие қаражаты есебінен жұмыстар жалғасып, «Ауыл аманаты» электрондық платформасы арқылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ 510 өтініш қабылдап, 3,5 млрд теңгемен қаржыландырды. Алты жылда 8028 жеке кәсіпкерлік құрылып, 37044 жұмыс орны ашылды, оның 22838-і тұрақты, 14206-ы уақытша. 2020 жылдың 1 шілдесінен бері атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3392 отбасына немесе 19139 адамға азайып, 823,3 млн теңге үнемделді. Қатысушылардың орташа айлық табысы 78 мың теңгеден 134,8 мың теңгеге, яғни 171 пайызға өсті. 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай Мемлекеттік кірістер департаменті мәліметі бойынша, жоба аясында несие алған кәсіпкерлер 1 млрд 619,3 млн теңге салық және әлеуметтік төлемдер төлеген. Оның ішінде жеке табыс салығы – 238,5 млн, әлеуметтік салық – 130,1 млн, жер салығы – 3,7 млн, зейнетақы төлемдері – 702,9 млн, әлеуметтік төлемдер – 260,4 млн, МӘМС – 283,6 млн теңгені құрады, – дейді облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов. 

Президент Жолдауында агросаланы дамытуға айрықша мән берілгенін атап өткен жөн. «Ауыл аманаты» жобасы толық іске асқанда облыста 10 мыңға жуық жеке кәсіпкерлік ашылып, ауыл халқының табысы артып, өндіріс көлемі мен салық түсімі көбейеді. Әлеуметтік көмек алушылар қатары азаяды, мал басы 300 мыңға жетіп, жылына 231 мың тонна ет және сүт өнімдері өндіріледі. Үй іргесіндегі егіс көлемі 109777 аулаға жетіп, 112 мың тонна көкөніс пен бақша дақылдары жиналады. Бұл ауылшаруашылығымен қатар қайта өңдеу өнеркәсібін, әлеуметтік саланы, халықаралық сауданы және ауылшаруашылығы техникасын өндіруді жандандырады. Мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру және отандық өнімнің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін көтеру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. 

Бұл тек экономикалық пайда ғана емес, ауылдағы әлеуметтік өмірдің де жандануына жол ашты. Жастар ата қонысында қалуға ниеттеніп, жаңа кәсіпке машықтануда. Әйелдер қауымы да белсенділік танытып, тігін, асханадағы өнім өндірісі, қолөнер секілді бағыттарда ісін өрбітуде. Мұның барлығы ауылдың ішкі әлеуетін аша түсіп, тұрғындар арасында өзара қолдау мен ынтымақтастықты нығайтуда. Жобаның тағы бір маңызды қыры халықтың өз ісіне деген сенімін арттыруында. Ауыл тұрғындары үшін енді қол қусырып отырудың қажеті жоқ, мемлекет пен жергілікті әкімдіктердің қолдауы арқасында әр адам өз кәсібін бастай алады. 

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
14.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16590
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16445
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31627
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30236
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33838