Атырау қаласында жас мамандарға арналған «Атырау қала жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім 7-27 шілде аралығында eatyrau.kz порталы арқылы онлайн форматта қабылданады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отыр.
Бағдарламаның мақсаты – жастардың қолжетімді шарттармен баспана сатып алуына мүмкіндік жасап, тұрғын үй мәселесін шешуге қолдау көрсету. Тиімділігі сол, бағдарлама аясында несие жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызынан басталады. Қарыздың ең жоғары сомасы 20 млн теңгені, ал өтеу мерзімі 19 жылға дейінгі уақытты құрайды. Бағдарлама арқылы тұрғын үй тек Атырау қаласы аумағынан сатып алынады.
«Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Ғилажұлының айтуынша, бағдарламаға Атырау қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жасы 35-тен аспаған ҚР азаматы қатыса алады.
– Сондай-ақ қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйі болмауы тиіс. Үміткердің кемінде соңғы бір жылдағы үздіксіз ресми еңбек өтілі міндетті зейнетақы жарналары арқылы расталуы қажет. Несиелеуге ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады, – дейді ол.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ғылым және әлеуметтік қорғау салаларының мамандарына, мемлекеттік қатысуы бар бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері мен қызметкерлеріне, коммуналдық кәсіпорындардың жұмысшыларына, төтенше жағдайлар қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге, тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған жетім балалар санатындағы жастарға, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ қызметкерлері мен пошташыларына арналған.















