Осыдан он шақты жыл бұрын әлемдік энергетикадағы басты үрдіс атом электр стансаларынан біртіндеп бас тарту сияқты көрінген еді. 2011 жылғы Фукусима апатынан кейін бірқатар мемлекет ядролық энергетика бағдарламаларын қайта қарап, кейбірі реакторларын кезең-кезеңімен жабу туралы шешім қабылдады. Ол кезде қоғам үшін басты мәселе қауіпсіздік болды.
Қазақстан үшін бұл мәселе де теориялық емес. Елде электр энергиясын тұтыну жылдан-жылға өсіп келеді. Бірқатар жылу электр орталықтары өткен ғасырдың ортасында салынған және олардың едәуір бөлігі физикалық әрі технологиялық тұрғыдан тозған. Сарапшылар алдағы онжылдықта жаңа генерация көздері іске қосылмаса, энергия тапшылығының арту қаупі бар екенін айтып келеді. Сондықтан Қазақстанның энергетикалық болашағы туралы әңгіме бір ғана технологияны таңдаудан бұрын, тұтас энергетикалық жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне келіп тіреледі.
Қазақстанның атом энергетикасына қызығушылығының бірнеше себебі бар. Ең алдымен, бұл – елдің энергетикалық теңгерімін ұзақ мерзімге тұрақтандыру мәселесі. Бүгінде республикадағы электр энергиясының басым бөлігі көмір жағатын жылу электр стансаларында өндіріледі. Сонымен қатар өндірістің кеңеюі, цифрландыру және экономиканың электрленуі қосымша қуат көздерін қажет етеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселені тек жаңартылатын энергия көздері арқылы толық шешу әзірге мүмкін емес. Жел мен күн электр стансалары табиғи жағдайға тәуелді болғандықтан, энергетикалық жүйеге тұрақты базалық генерация қажет. Осы тұрғыдан алғанда атом энергетикасы көптеген мемлекетте электр жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ететін маңызды құрал ретінде қарастырылады.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазиннің айтуынша, атом электр стансасының құрылысы Қазақстан үшін жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес. Бұл – энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және елдің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындауға бағытталған стратегиялық қадам. Оның пікірінше, мұндай жоба ядролық ғылымның дамуына серпін беріп қана қоймай, инженерлік кадрларды даярлауға, машина жасау, құрылыс және логистика салаларының дамуына да ықпал етеді.
Сонымен бірге қауіпсіздік мәселесі атом энергетикасына қатысты кез келген пікірталастың өзегінде қалып отыр. Осыған байланысты Қазақстанда Атом энергиясы жөніндегі агенттік жанынан Атомдық қадағалау және бақылау комитеті құрылды. Ол ядролық, радиациялық және физикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша тәуелсіз шешімдер қабылдап, халықаралық талаптардың орындалуын бақылайды. Комитет Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) тұрақты ынтымақтастық орнатып, инспекциялар, сараптамалық миссиялар және мамандарды даярлау бағдарламалары арқылы әлемдік тәжірибені енгізуге басымдық беріп келеді.
Қазақстан үшін бұл бағыт мүлде жаңа емес. Елде өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бері ВВР-К, ИВГ.1М және ИГР зерттеу реакторлары жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде олардың қызметі қатаң мемлекеттік және халықаралық бақылаумен жүзеге асырылып, ядролық қондырғыларда бірде-бір авариялық жағдай тіркелген жоқ. Бұл тәжірибе болашақ атом электр стансасын бақылау және пайдалану жүйесін қалыптастыруға негіз болмақ.
Атом энергетикасының экологиялық артықшылықтары да сарапшылар назарынан тыс қалмайды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Тимур Жантикиннің айтуынша, барлық технологиялық талап сақталған жағдайда атом электр стансасының қоршаған ортаға әсері көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтары немесе көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындарға қарағанда әлдеқайда төмен болады. АЭС жұмыс барысында атмосфераға түтін, күл, күйе немесе зиянды газдар шығармайды. Оның айтуынша, қуаты 1000 мегаваттық бір атом электр стансасы көмір стансасымен салыстырғанда жыл сайын шамамен 4 миллион тоннаға дейін парниктік газдар шығарындыларының алдын алуға мүмкіндік береді. Франция, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және бірқатар Еуропа мемлекеттерінің атом энергетикасын дамытуы да осы технологияның энергетикалық қауіпсіздікпен қатар экологиялық мақсаттарға қызмет ете алатынын көрсетеді.
Сағадат Бақытбек















