Адам өмірінде ұмытылмайтын сәттер болады. Кейде үлкендердің бір ауыз әңгімесі тұтас бір кезеңнің келбетін көз алдыңа әкеледі. Менің жадымда сондай қымбат естеліктердің бірі – атам Сәдуақас Ахманұлының әңгімесі.
Бұл оқиға 1980 жылдары болған еді. Сол кезде ауылымызға құдамыз – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, белгілі жазушылар Әкім Тарази мен Қалихан Ысқақ демалуға келген болатын. Біз Алматы облысы, Кеген ауданы, Ұзынбұлақ кеңшарында тұратынбыз. Ауыл адамдары қазақтың қонақжай дәстүрмен қадірлі меймандарды қарсы алды. Кең дастарқан жайылды.
Кешкілік үлкендер әңгіме-дүкен құрып отырғанда сөз арасында атам Сәдуақас Ахманұлы өткен күндердің бір қызықты оқиғасын баяндап берді. Оның әңгімесін жазушылар да ерекше қызығушылықпен тыңдады.
– Бұл соғыстан кейінгі ауыр кезең еді, – деп бастады атам сөзін. – Мен ол кезде Ақтасты ауылындағы мектептің директоры болып қызмет атқаратынмын. Соғыстың салған жарасы әлі жазыла қоймаған уақыт. Ел тұрмысы қиын, бірақ адамдардың рухы мықты болатын. Еңбекпен күн көріп, бір-біріне сүйеу болып өмір сүрген кезең еді.
Бір күні таң қылаң бере әкем Ахман мені оятып алды.
– Тұр, балам! Тұр! Қасқырлар түсіпті! – деді асығыс үнмен.
Ұйқылы-ояу сыртқа шықтым. Әкемнің қолында жуан сойыл мен ұзын арқан бар екен. Екеуміз ауыл сыртындағы колхоздың өлген малдарын тастайтын шұңқырға қарай жүрдік.
Жақындап келсек, шынында да бірнеше қасқыр шұңқырға түсіп кетіпті. Кейін санағанда олардың саны он бес екен.
Менің бала көңілімде қорқыныш пайда болды. Ал әкем ешқандай асып-сасқан жоқ. Арқанды алып, беліне байлады.
– Балам, арқанды мықтап ұстап тұр, – деді.
Мен үрейленіп:
– Әке, қасқырлар талап тастамай ма? – деп сұрадым.
Сонда әкем маған қарап:
– Сол «иттерден» де қорқасың ба? Арқанды дұрыстап ұста, төменге жіберіп алма! – деді.
Әкемнің батыл үні бойыма күш бергендей болды. Бірақ жүрегім дүрсілдеп тұрды. Әкем болса қолындағы сойылын алып, терең шұңқырға түсті.
Мен арқанды ұстап, жоғарыда тұрмын. Әкем шұңқырдың ішінде қасқырлармен жалғыз өзі айқасып жатты. Аз уақыттың ішінде бірінен соң бірін сойылмен ұрып өлтіріп, қасқырларды алып шықты. Қайсарлығы мен ерлігіне таңғалдым. Ол кезде мұндай көзсіз әрекетке кез келген адамның батылы бара бермейтін.
Қасқырлардың бәрін шығарып алған соң ғана көңілім орнына түсті. Әкемнің ерлігі ауыл ішіне тез тарап кетті. Көп ұзамай бұл туралы аудандық газетте арнайы мақала жарияланды. Мақаланың тақырыбы да елдің есінде қалыпты: «Он бес қасқыр ұрып алған Ахман».
Бұл оқиға біздің әулетімізде ғана емес, бүкіл өңірге аңыз болып тарады. Өйткені ол заманда адамдар табиғатпен етене өмір сүрді. Қауіп-қатерден қорықпай, әрдайым қайсарлық пен табандылық танытты. Әкем Ахманның ерлігі сол буынның батылдығы мен қайратының бір көрінісі еді.
Атам әңгімесін аяқтағанда дастарқан басында отырғандардың бәрі таңданысын жасырмады. Ал белгілі жазушылар Әкім Тарази мен Қалихан Ысқақ қазақ даласында осындай қайсар жандардың көп болғанын айтып, атамның естелігін ерекше ықыласпен тыңдады.
Бүгінде атам да, сол заманның көптеген куәгерлері де арамызда жоқ. Бірақ олардың айтқан әңгімелері мен өнегелі өмір жолы ұрпақ жадында сақталып келеді. Біз үшін бұл – жай ғана естелік емес, ата-бабаларымыздың батылдығы мен қайсарлығын танытатын тағылымды тарих.
Атамның осы бір әңгімесі маған әрдайым ерлік дегеннің тек соғыс даласында ғана емес, күнделікті өмірде де сирек болса да, кездесіп жататынын еске салады. Қандай қиындық болса да, қорқынышқа бой алдырмай, табандылық таныту – атадан қалған аманат, ұрпаққа берілетін өнеге.
Қанат АХМАНОВ,
Алматы қаласы Алатау аудандық
Ардагерлер кеңесінің мүшесі,
Сәдуақас немересі















