Досжаным кішкене күнінен-ақ спортқа бейім болып өсті. 3-сыныптан бастап көркем гимнастика және акробатикамен әуестенді. Оған циркте жұмыс істейтін Абай деген бапкер ағайы сабақ беріп жүрді. Одан соң жоғары сыныпта бокске аңсары ауып, сонымен шұғылданып кетті. Досжан үйірмеге 2 жыл барды. Соңғы жылдарында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына барып, жасөспірімдер арасында өтетін жарыстарға қатысып, жанкүйер боп жүрді. Талабы зор еді Досжанның! Ылғи ауыз жаппай: «Мама, менің атақты боксшы болғым келеді. Келесі жылы 9-сыныпты бітірсем спорт мектебіне оқуға түсем. Сосын кейін жеке мектеп ашып, қазақ балаларын боксқа баулитын бапкер болғым келеді. Шіркін, Жиров, Бекзаттар сияқты әлемді аузыма қаратқан жұлдыз болсам ғой!» - дейтін. «Боласың балам, боласың, әркез талабына нұр жаусын, тек ерінбе!»-деп біз де оны қолдап қанаттандыратынбыз.
Біз Досжанның болашағынан үлкен үміт күтетінбіз. Оның келешекте мықты спортшы болып арманына жететініне кәміл сенетін едік. Өйткені Доскеннің талабы өте күшті болды. Доскен: - Мен 16-ға толып, кәмелеттік жасқа келем. Сосын мама, келер жылы құжат алсам, 9-сыныпты бітірген соң спорт мектебіне оқуға түсем!-деуден жалықпайтын. Әттең, осыған жете алмады. Оның арманы Алатаудай асқақ та биік еді! Бірақ оның саналы да өнегелі жас ғұмыры жанбай жатып сөніп қалды. Туған күнінен 1 ай өткенде көшеден өтіп келе жатып кездейсоқ машина қағып кетті. Екі күн ауруханада ес-түссіз жатып, ұлым бірауыз «мама!» деген сөзге де келе алмай, бұл жалған дүниеден қайтып кете барды. Оның дүниеге келгені, өмір сүргені көрген түстей болып қалды. Бұл 2002 жылдың 14 қыркүйек айы еді. Досжан спортпен бірге әдебиетке де өте жақын болды. Оның жазған әңгімелері, өлеңдері бір дәптер болатын еді. Сабақтан ылғи 4 пен 5 алатын. Ұстазы Зәбира апай да мақтап жүретін. Енді Досжанның сол жарияланбай қалған шығармаларынан үзінді берсек...
Желтоқсан батырлары жасасын!
Желтоқсан оқиғасы 1986 жылы Алматы қаласындағы қазіргі Жаңа алаңда болған еді. Сол кездегі қазақтың жас жігіттері мен қыздары тәуелсіздікке мойын бұрды. Олар Шәмші ағамыздың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, саяси ұрандарын көтеріп, бейбіт түрде ереуілге шықты. Біздің мықтыларымыздың қолында ешнәрсе жоқ болып еді. Сонда да болса олар еш мойымай күшті қаруланған жасақтарга қарсы тұрды. Желтоқсан оқиғасынан кейін қаншама қаһармандарымыз қудаланып, оқудан, жұмыстан қуылды. Кейбіреулері сотталып, көбісі қаза тапты. «Батыр бір өледі, қорқақ мың өледі» деген мақал бекер айтылмаған. Батыр өлсе де намысын таптаттырмай өлуі керек. Ал қорқақ бейшара өз басын қорғалап журе береді. Желтоқсаншы батырларымыз Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжановалар еліміз, жеріміз, тәуелсіздігіміз үшін қан төгіп, қаза тапты. Мысалы Қайраттың:
Еркек тоқты - құрбандық,
Атам десең атыңдар! - деген сөзінің өзінде қаншама қайтпас қайсарлық, үлкен рух жатыр!
Ал, Мырзағұл Әбдіғұлов, Қайыргелді Күзембаев, Жамбыл Тайжұмаев сынды жігіттер үкіметке наразылығын білдіріп, аштық жариялап, алаңда бірнеше күн жатып алды. Кейін бәрі қудаланып,сотталып кете барды. Олардың бала-шағасы, жары, отбасы асыраушыларынан айрылып, үйсіз-күйсіз қаңғырып қаншама азап шекті. Сол кезеңдерде Қайыргелді Күзембаевтың ұлы кішкене Қуаныш мойнына плакатын іліп депутат ағайлардан әкесін түрмеден босатуды талап етіп, жәрдем сұрап, алаңға шықты. Қуаныш - менің замандасым, қазір сегізінші сыныпта оқиды. Мықты спортшы. Мен Қуаныштың сол уақыттағы ерлігіне сүйсінемін.
Алланың жәрдемімен қаһармандарымыздың бәрі ақталып, халқымен қайта қауышты. Қайрат сынды азаматқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Мен ойлаймын, егер желтоқсан оқиғасы болмаса еліміз егемендік алмас па еді? Сонда біз қаншама ғасыр, қаншама жыл Ресейдің езгісінде жүре бермекпіз? Қазақ халқы қаншама момын болғанымен де намысқой екен, кенет дүр сілкініп, тәуелсіздік үшін күреске шықты. Шүкір, күресіміз жеңіспен аяқталды. Өз арамыздан исі қазақ басшы сайланды. Жеке туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз, рәміздеріміз бар, күнпараққа өзіміздің төл мерекелеріміз енгізілді. Халқымыздың сана-сезімін, рухын оятуға қозғау салған желтоқсаншыларымызга мың да бір рахмет! Еліміз осындай мықтыларымызбен мақтана алады.
Аққу көлі
Мен құстардың ішінен аққуды жақсы көремін. Аққу жөнінде, оны неге жақсы көретіндігімді айтпас бұрын атам айтқан бір аңызды айтып берейін. Атамдар көп жылдар қой бағады. Жайдары жаз келгенде олар жайлауға «Аққу» деген көлдің басына көшіп келіп, киіз үйін тігеді екен. Аққу көлі - өте сұлу көл. Бір жағында шоқ-шоқ аққайыңдар. Бір жағында қалың қамыс. Өзі онша үлкен де емес. Оған ешқандай өзен құймайды. Астында бұлағы бар көрінеді. Ақуы жоқ болса да бұл көл неге Аққу көлі деп атанған? Атам өз әкесінің аузынан мына аңызды естиді. Ол аңызды атамның атасы, тіптен оның бабалары айтты ма екен, белгісіз. Әйтеуір ауыздан - ауызға айтылып, осы күнге жетіпті. Жан тебірентерлік бұл әңгімені мен ақ қағаз бетіне түсіргім келді...
Ертеде осы көлге жыл сайын екі аққу ұшып келеді екен. Күн жылына келген аққулар қоңыр күз салқын тартқанша осында болады. Содан қимай-қимай келді әлденеше айнала ушып, мунды бір он айтады. Содан кейін гана барыш, жылы жаққа бет алады. Екі аққу адамдардан қорықпайды. Біріне-бірі еркелеп, сыңқылдай ән салып, көлдің ажарын кіргізеді. Қос аққу - көлдің сәні. Адамдар оларға сүйсіне қарап рахаттанады. Содан күндердің күнінде көлдің басына бір аңшы келіпті. Жауыз аңшы екі аққуды көре салып қуанып кетеді. Садақты сайлап енді атайын дегенде біздің бабамыз көріп қалып, оған зекіріп ұрысады.
- Аққу - киелі құс. Оны атуға болмайды! - деп жас жігітке ақыл айтады. «Оның несі киелі? Құстарды жеу үшін жаратты емес пе?» деп ойлайды ішінен жігіт күліп. Содан ол түнде жасырынып келіп, жауыздығын іске асырады. Аққудың сыңарын өлтіреді. Ал, екінші сыңары болса зарлы үн шығарып, көлді айнала сұңқылдап ұша береді, ұша береді. Үшінші күн, төртінші күн... Күн бұлттанып, найзағай ойнайды. Көл де ыңыранып, көңілсіз тартады. Жаңбыр сел болып құяды. Тура аққудың коз жасы сияқты. Сөйтіп сыңар акку жоқ болып кетеді. Жауыз аңшы да көлден көп ұзамапты. Найзағай түсіп қап - қара тасқа айналыпты. Содан бері осы көл Аққу көлі атанса да аққулар енді келмейтін болыпты. Аққу - киелі құс деген ұғым содан қалса керек. Иә, адамдар аққуды тазалыққа, пәктікке, махаббат, сұлулык символына теңейді. Ақын-жазушыларымыз оған арнап поэма, әнгімелер жазады. Сондықтан да аққуды атуға болмайды дейтініміз осы.















