Ақжар – ұлттық туризмнің алтын қақпасы

Ақжар – ұлттық туризмнің  алтын қақпасы

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында туризмді дамытуға ерекше назар аударылды. Президент еліміздің табиғи, мәдени және тарихи әлеуетін тиімді пайдалану арқылы туризмді ішкі және халықаралық деңгейде кеңейту керек екенін, соның ішінде туристік кластерлерді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, инвестиция тарту және табиғатты қорғау шараларын күшейту қажеттігін атап өтті. 

Әлемнің әр түкпірінде табиғаттың қайталанбас ғажайыптары бар. Олардың әрқайсысы өзіндік болмысымен ерекшеленіп, адамзатқа ой салады. Қазақстан топырағында да сондай сырлы мекендер жетерлік. Соның бірі – Ұлытау жеріндегі Ақжар борлы таулары. Ақжар секілді ерекше табиғи аймақтар облыс туризміне ғана емес, бүкіл Қазақстанның туристік имиджін көтеруге үлкен үлес қоса алады. Ақжар – табиғаттың сырын, даланың әсемдігін, ұлттық рухымызды көзбен көрінетіндей етіп жеткізетін мекен. Тек көру мен тамсанумен шектелмей, оны сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа аманат ету – бізге жүктелген жауапкершілік.

Ақжардың борлы жоталары алыстан көз тартқан әсем сурет секілді. Қызғылт, қоңыр, сарғыш түстердің үйлесімі күн сәулесіне қарай мың құбылып, жан-жаққа сәуле шашады. Әсіресе таңертеңгі және кешкі мезгілде тау қыртыстарының түсі өзгеше реңк алып, аспанмен астасқандай әсер қалдырады. Туристер үшін мұндай көрініс тек табиғи әсемдік қана емес, ерекше эмоциялық тәжірибе. Дәл осы ерекшелігі үшін Ақжар «Қазақ жерінің Марсы» аталып жүр.

Ұлытау – ежелгі тарихымен ғана емес, табиғи келбетімен де туристерді қызықтыратын аймақ. Ақжардың ашылуы туризмнің жаңа бағытын айқындап отыр. Бұған дейін өңірге келушілер негізінен тарихи-рухани орындарға – Жошы хан, Алаша хан кесенелері мен Ұлытау баурайындағы киелі мекендерге беттейтін. Енді бұл сапарлар табиғи туризммен ұштасып, туристік маршруттардың ауқымы кеңеюде. Бұл – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін фактор.

Қазақстанның ішкі туризмінде табиғи объектілерге сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ерекше табиғи аймақтар туризмнің драйверіне айналып, жергілікті халықтың табысын арттыруға септігін тигізеді. Ақжар да сондай әлеуетке ие. Экономикалық тұрғыдан айтсақ, туристік инфрақұрылым (жол, қонақүй, сервистік қызмет) дамыса, жергілікті кәсіпкерліктің өрісін кеңейтеді. Ал, әлеуметтік тұрғыдан келсек, жаңа жұмыс орындары ашылып, жастардың туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік туады. Сондай-ақ оның мәдени мүмкіндігі де ерен. Ұлытаудың тарихы мен табиғаты қатар насихатталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жаңа алаңы қалыптасады.

Дегенмен, туризмнің артуы тек пайда әкеліп қоймай, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Әлемде табиғи аймақтарды туристердің көптеп келуі экожүйеге зиян тигізген мысалдар бар. Сондықтан Ақжарға бағытталған туризм ең алдымен экологиялық жауапкершілікке сүйенуі тиіс. Табиғатты бүлдірмей, оны қорғап, сақтай отырып пайдалану басты қағида болуы қажет.

Ақжар – тек көруге, таңдануға немесе суретке түсуге арналған мекен емес. Ол – Ұлытаудың, тұтастай алғанда қазақ даласының табиғи байлығы, болашақ ұрпаққа қалатын аманаты. Әрбір келген қонақ осы мекеннен рухани қуат алып қана қоймай, табиғатты қорғауға үлес қосса, Ақжардың шынайы құндылығы ашылады. Ұлытаудағы Ақжар – ұлттық туризмнің жаңа брендіне айналатын алтын қақпа.

 

Туризмді дамытуға арналған ұсыныстар:

Инфрақұрылымды жетілдіру

Ақжарға апаратын жолдарды жөндеп, көлік қатынасын ыңғайлы ету қажет. Сонымен бірге демалушыларға арналған автотұрақ, ақпараттық тақтайшалар, бағыт-бағдар көрсеткіштер орнату маңызды.

Экологиялық туризмді дамыту

Табиғатты қорғау мақсатында арнайы ережелер бекітіп, «табиғатты бүлдірмей тамашалау» қағидатын енгізу қажет. Экологиялық тропалар, қоқыс жинау жүйесі, туристерге арналған экологиялық нұсқаулықтар дайындалса, Ақжардың табиғи келбеті сақталады.

Жергілікті қауымдастықты тарту

Ауыл тұрғындарын туристік қызмет көрсетуге тарту – қосымша табыс көзі. Қонақүй, этноауыл, ұлттық тағам ұсынатын шағын кәсіпорындар ашылса, өңірдің экономикасы мен туризм қатар дамиды.

Ақпараттық-танымдық насихат

Ақжарды ішкі және халықаралық деңгейде насихаттау қажет. Фото, бейнероликтер, деректі фильмдер арқылы әлеуметтік желілерде, туристік көрмелерде таныстырылса, бұл аймақтың бренд ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

 

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
26.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 348
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 337
Бас жоспар   жарты млн тұрғынға арналған
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы (Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі негізінде дайындалды) - 25.09.2025 197
Пәкістаннан пана таппаған қазақтар
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 25.09.2025 493

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18251
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18111
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33301
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31852
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35568