АҚЫН АТЫНДАҒЫ АУДАНДА ІРІ МЕГАФЕРМА АШЫЛДЫ

АҚЫН АТЫНДАҒЫ   АУДАНДА ІРІ   МЕГАФЕРМА АШЫЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында ауылшаруашылығы саласы үшін маңызды оқиға орын алды. Мұнда «СК Агро 2050» ЖШС жүзеге асырып жатқан ауқымды тауарлы-сүт кешеннің алғашқы кезеңі салтанатты түрде пайдалануға берілді. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, жобаның өңір экономикасы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы маңызын атап өтті.

Жаңа кешен – заманауи технологиялармен жабдықталған, халықаралық талаптарға сай жұмыс істейтін жоғары деңгейдегі агроөнеркәсіптік нысан. Оның жобалық қуаттылығы 12 мың бас ірі қара малды қамтиды. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі «карусель» үлгісіндегі сауу қондырғысының орнатылуы. Немістің GEA Westfalia компаниясы шығарған бұл қондырғы бір мезгілде 100 сиырды саууға мүмкіндік береді. Мұндай технология өндірістің тиімділігін арттырып, еңбек өнімділігін едәуір жоғарылатады.

Жобаны жүзеге асыруға шамамен 30 млрд теңге инвестиция бағытталмақ. Бұл қаражат құрылыс жұмыстарын жүргізуге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Кешен толық қуатына шыққан кезде 120-дан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға және ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.

Қазіргі уақытта фермаға жоғары өнімді асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілуде. Жыл басынан бері Германиядан арнайы әуе көлігі арқылы 550-ден астам бас мал әкелінді. Сонымен қатар жыл соңына дейін Еуропаның жетекші елдерінен тағы 660 бас асылтұқымды сиыр жеткізу жоспарланған. Бұл малдардың жоғары генетикалық әлеуеті сүт өндірісінің көлемі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Өңірде мұндай жоғары технологиялы тауарлы-сүт кешендерін дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып келеді. Солтүстік Қазақстан облысының осы бағыттағы тәжірибесі бүгінде республикадағы ең табысты үлгілердің бірі ретінде бағаланып, басқа өңірлерде де кеңінен енгізілуде.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің сүт өндірісіндегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Облыста жұмыс істеп тұрған 118 тауарлы-сүт фермасының 50-ден астамы «ақылды» цифрлық технологияларды пайдаланады. Сонымен қатар өңірде жалпы құны 144,5 млрд теңгені құрайтын 44 ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ауылшаруашылығының тұрақты дамуына өз үлесін қосатын болады.

 

Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы (Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі материалдары бойынша әзірленді)
13.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бұл құрылтайда кәсібилік  болмаса, бәрі бекер...
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 06.08.2026 374

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144