Заманауи технологияларды пайдалана отырып қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған басқару жүйесі бүгінде әлемдегі көптеген қалаларда қолға алынған. Біздің елде де ол іске асырылып жатыр. Осы орайда Түркістан қаласын дамытуда оның әсері орасан болмақ. «Smart city» жобасын іске асыру бойынша 2024 жылы Түркістан қаласы республика бойынша 74,6 пайызбен 12-орынға тұрақтаған. Аймақтың дамуында маңызды орны бар жобаға қатысты мәселелер облыс әкімдігінде талқыланды.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров қалаларды цифрландыру, қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды барлық аудан, қала орталықтарында жүзеге асыру керектігін айтты. Түркістан қаласындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Заман, технология дамып жатыр. Жасанды интеллект пен соңғы технологиялық жаңалықтардың игілігін пайдаланып, аймақты дамыту жұмыстарына жаңа жобаларды енгізу қажет. Электр үнемдейтін, күннен қуат алатын бастамаларды көбейту керек. Түркістан қаласында «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру бойынша 2025 жылға арналған Жол картасына қажетті толықтыруларды енгізіп, шұғыл түрде бекітіңіздер. Аудан, қалаларда өңірлік инфрақұрылым нысандарын жобалау кезінде «Ақылды қала» жобасының негізгі критерийлерін ескеріп, облыстағы цифрландыру саласына жауапты басқармамен келісуді тапсырамын, – деді облыс басшысы.
Мәжілісте Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тураби Ертай мен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының осы бағытта атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Министрліктің бекітуі бойынша «Ақылды қала» бастамасы 19 негізгі бағыттан тұрады. Түркістан қаласында оның 11-і іске асырылған. Енді қалған 8-ін жүзеге асыру бойынша жоспарлар бар. Олар: қалада «ақылды аялдамалар» салу, «ақылды жарықтандыру» жүйесін енгізу, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын (оның ішінде электр энергиясы, жылу және сумен жабдықтау жүйелерінде) «ақылды есептегіштермен» қамту, қала тұрғындары коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін бірыңғай есеп айырысу орталығын құру, облыстық ахуалдық орталығын құру, қала ішінде контейнерлік алаңдарды цифрландыру, қала үшін бірыңғай мобильді қосымша әзірлеу жұмыстары. Осыған байланысты облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы Түркістан қаласында «Ақылды қала» бастамаларын жүзеге асыру бойынша Жол картасын әзірлеген. Түркістан қаласында қоғамдық тәртіп және жол қауіпсіздігін сақтау бағытында бейнекамералар орнатылған. Қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеудің электронды жүйесі енгізілген. «109» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеуде. Қаладағы мектептер 100 пайыз бейнебақылаумен қамтылған. Облыс орталығында 17 «SOS» батырмасы орнатылған. Барлық медициналық ұйымдар компьютермен және «Дамумед» кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен 100 пайызға қамтылып, жұмыс істеп тұр. 845 шақырымды құрайтын 800-ден астам көшенің 92 пайызына жарықшамдар орнатылған. «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.