2026 жылдың 12 маусымында Алматыдан Ақтөбеге ұшақпен келдім. Әлия Молдағұлова атындағы әуежайдан «Нұрлепес ата» қорының белсенді мүшелері Салихжан Ерлешұлы ініміз бен Алпысбай Мұхидоллаұлы қарсы алды.
Ақтөбе облысының тілдерді дамыту департаментінің басшысы Амангелді Қонақбаевтың қабылдауында болып, келген мақсатымызды түсіндірдім. Осыдан кейін спорт саласының жігіттерімен хабарласып, сол күні сағат 15:00-де Ақтөбе қалалық №1 спорт мектебінде кездесу ұйымдастырылды (мектеп басшысы – Дәулет Дәрібаев).
Біздің мақсатымыз – Ақтөбе бокс жанкүйерлеріне белгілі, облыстан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері Болат Қойшыбайұлы Телеуов туралы толықтырылып, қайта басылған «Қыран қазақ» кітабымен таныстыру. Кездесу жоғары деңгейде өтті, қатысушылар жылы қабылдады. Кейбір жаттықтырушылар ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
19 маусым күні Ақтөбе облысының тілдерді дамыту департаментінің басшысы Амангелді Қонақбаевтың бастамасымен Алға қаласында да кездесу ұйымдастырылды. Байсалды, білімді, көреген, өз ісіне тиянақты азамат екені байқалды.

«Қыран қазақ» кітабымен танысуға Алға аудандық орталық кітапханасына келген оқырмандар саны да көп болды. Кездесуді Алға аудандық орталық кітапханасының меңгерушісі Матеуова Жайнагүл Нәсіпқалиқызы өте көркем, тартымды түрде жүргізді. Сөз алғандардың қатарында Болат Телеуовтың жары, педагог Гүләйім Жашыбайқызы Телеуова да болды. Ол жарына қатысты сұрақтарға сауатты әрі әсерлі жауап беріп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Алға аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Ақшолпан Ізтілеуова да Болат Телеуовті жас кезінен білетінін айтып, оның өр мінезі мен қамқорлығын ерекше атап өтті. Жастарға қаратып, «қазақ екендіктеріңді ұмытпаңдар, Болат Телеуов аталарыңнан үлгі алыңдар» деп тебірене сөйледі. Желтоқсаншы, тоғызқұмалақ жаттықтырушысы Серік Амандәулетұлы Қуатбаев та Болат Телеуов сияқты ерлерді дәріптеу ісі кемшін екенін айтып, мұндай кездесулер үміт ұялатады деген пікір білдірді. Кездесуге қатысқан дәрігер ханым да Болат Телеуовтің өз баласының жігерін көтеріп, спортқа баулығанын ризашылықпен еске алды.
Кездесу барысында Жайнагүл Нәсіпқалиқызы Ақжарқын Еркінбаеваны ортаға шақырды. Ол домбырамен Кердері Әбубәкірдің толғауын орындап берді. Оның әсерлі орындауы тыңдарманды ерекше толқытты. Кейін естідім – Бекет атамыздың ұрпағы екен. Алла тіл мен көзден сақтасын...
Шараға қоғам белсендісі Сағат Оразов фото-видео түсіріп қолдау көрсетті. Сондай-ақ Қарабалиндер әулетінен шыққан, қазақ спортына еңбегі сіңген Қыдыржан Қарабалин де қатысты. Бұл істі қолдаған «ДАСТАН» фирмасының негізін қалаушы Асхат Әбдірахманұлы Айтжановқа, үнемі ұстазы туралы әңгіме болса, жан-тәнімен кірісіп, көмегін бұлдамайтын Аманжол Қалабайұлы Ержекеновке, Алматыдан Ақтөбеге 500 келілік 5 кітапты тегін жеткізіп берген Алмас Әбдіғали ініміз де ұстазы Болат Телеуов үшін ешнәрседен тартынып көрген жоқ. Сондай-ақ ағайы Болат Қойшыбайұлын еске алу үшін өткізілген 4 турнирдің өтуіне мұрындық болған шәкірті Тілеген Тәлімбаевтың жанқиярлық еңбегі неге айтылмауы тиіс! Болат Телеуовтің ұлдары Асылбек пен Әділбек те әке аманатын орындауға атсалысып, шараның жақсы өтуіне үлес қосты.
Алла Тағала жоғарыда аты аталған Амангелді Қонақбаев тәрізді қолында аз-маз билігі бар қызметтегі жігіттерге де рақмет айту парыз деп білемін!
Ақтөбеде екі кездесу өткіздік. Екеуі де қатысушылардың көңілдерінен шықты деп ойлаймыз. Мысал ретінде айтсам, шара аяқталар сәтте бір келіншек: «Болат ағай менің жолдасымның ұстазы болды. Жаны жайсаң, жомарт жан болатын. Көрген сайын халімізді сұрап, жағдайымызды біліп, ақыл-кеңесін айтатын...» – деді.
1990 жылдардың қиын кезеңдерінде балалар теріс жолға түсіп кетпесін деп, тегін жаттықтырушы болды. Біраз балалардың киіміне шейін алып беріп, материалдық, моральдық қолдау көрсеткені де айтылды. Түйгеніміз: Алғалықтар ер мінезді оғланын сағынып қалған екен. Елі үшін еңбек еткен азаматтардың еңбегі кейде көлеңкеде қалып қоятыны өкінішті. Осындай тұлғаларды ұмытпай, дәріптеу – баршамыздың міндетіміз. Қазақ елінің тәуелсіздік алуына өзіндік үлесін қосып, 2 жылын тар қапаста өткізіп келген Болат Телеуовке неге бір көше атын қимай келеміз?.. Елі үшін еңбек еткен ерге бір көшенің атын беру артық етпес еді.
Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ,
Алматы – Ақтөбе – Алға – Алматы
















