Ақтөбеде өтіп жатқан екі айлық сенбілікке қала тұрғындары түгел қатысып жатыр. Наурыздың 28-і мен мамырдың 30-ы аралығында өтетін Ақтөбе қаласындағы екі айлықта әр бейсенбі – «Таза бейсенбі» аталса, әр сенбіде сенбілік өткізіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының түпкі мәні қоғамдық сананы жаңғырту екенін атап өткен болатын. «Қоғамда тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін орнықтырудың мән-маңызы зор. Осы ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын айрықша атап өткен жөн. Бұл бастама қала мен ауылды абаттандыру жұмысымен шектелмейді. Оның түпкі мәні – қоғамдық сананы жаңғырту. Сол арқылы азаматтарымызды қастерлі Отанымыз – Қазақстанның тағдырына бейжай қарамай, болашақтың іргесін бірге қалауға шақыру», – деген еді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы аясындағы «Таза қала» акциясы, Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, жай ғана науқан емес, біздің қалаға деген қамқорлығымыздың көрінісі.
– Біздің қала – жай ғана картадағы нүкте емес. Бұл – біздің балалық шағымыз өткен аула, алғаш рет тәй-тәй басқан көше...
Көз алдыңызға елестетіңізші... Таңғы сағат бес. Күн әлі шықпаған, далада суық жел соғып тұр. Осы уақытта сіз бен біздің көшемізді, ауламызды сыпырып, қолы дірілдеп, белі бүгіліп жүрген кім? Олар – біздің әкеміздей, анамыздай болған ағаларымыз бен ақ жаулықты апаларымыз. Олар біз тастаған темекіні, шашқан пакеттерді, біздің балаларымыз лақтырған бөтелкелерді жинап жүр. Олардың да жылы төсекте жатқысы келеді, олардың да шаршайтын кезі болады. Олар – біздің қаламыздың «беймәлім батырлары». Әрбір тұрғын осылай ойлап, сенбілікке шықса, олардың еңбегіне жастар да құрметпен қараған болар еді.
Жастарға өкпелейміз, бірақ өзіміз қандаймыз? «Қазіргі жастар мәдениетсіз, қоқыс тастайды, бәрін бүлдіреді» дейміз. Бала сөзге сенбейді, бала көзге сенеді. Егер ертең сіз бен біз аулаға шығып, қолымызға сыпырғыш алсақ, баламыз бізге қарап бой түзейді. Нағыз тәрбие – сенбілікте, нағыз патриотизм – өз аулаңды таза ұстауда.
Тазалық бар жерде береке бар. Мұны әсіресе кәсіпкерлер жақсы білуі тиіс. Кәсіпкердің дүкені, кеңсесі немесе ғимараты – бұл оның айнасы. Айнаңызды шаң басып, айналасы қоқысқа толып тұруына қалай жол бересіз? Сондықтан баршамыз бірге жалпықалалық сенбілікке шығайық. Қаламызды жақсы көрсек, оны сөзбен емес, іспен дәлелдейік. Әрқайсысымыз бір мезет иіліп, жерден қоқыс көтеруден, қолымызға сыпырғыш ұстаудан арланбайық. Тазалық – пейілден, жүректен және өзіңнен басталады! Таза қаланы бірге жасайық, – деді Азамат Бекет екіайлықтың басталуында сөйлеген сөзінде.
Наурыздың 28-інен бері Ақтөбеде екіайлық тазалық акциясының үш аптасы өтті.
4 сәуірде өткен іс-шараға барлығы 4 939 адам қатысты. Оның ішінде Астана ауданы бойынша – 3 200 адам, ал Алматы ауданы бойынша – 1 739 адам қамтылды.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 6 224 қап тұрмыстық қатты қалдық жиналып, тазалық шараларына 54 арнайы техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар 4 сәуір күні мемлекеттік мекемелер мен өзге де әлеуметтік нысандарға бекітілген учаскелерде өткен сенбілік барысында 6 973 тонна қоқыс жиналды.
Ал өткен сенбіде – сенбіліктің үшінші аптасында қаладағы мемлекеттік мекемелер, ұйымдар қызметкерлері, пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелері бірлестігі мүшелері, жастар, тұрғындар қала тазалығына үлес қосты.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 5 122 қап тұрмыстық қатты қалдық жиналып, тазалық шараларына 54 арнайы техника жұмылдырылды.
– Сонымен қатар 11 сәуір күні мемлекеттік мекемелер мен өзге де әлеуметтік нысандарға бекітілген учаскелерде өткен сенбілік барысында 3 150 тонна қоқыс жиналды. Оның ішінде Астана ауданынан – 2 680 тонна, ал Алматы ауданынан – 470 тонна қалдық шығарылды.
Жиналған қоқыс санитарлық тазалық мекемелерінің арнайы техникалары арқылы қалалық полигонға жеткізілді. Жалпы, көктемгі сенбілік басталғалы бері (екі сенбілік қорытындысы бойынша) қалалық полигонға 14 990 тонна қоқыс шығарылды, – дейді Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы Әділ Қазақбаев.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 7 мыңға жуық тұрғын жаппай сенбіліктерге шығып, белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартты. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнестің өкілдері, жастар және өңірдің ірі кәсіпорындарының қызметкерлері бар. Атап айтсақ, «Aqtobe su-energy group» АҚ, «Энергосистема» ЖШС, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС, «QazaqGaz Aimaq» АҚ, «Айс плюс» ЖШС, «KEGOC», «Ақтөбе ЖЭО» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жұмысшылары әлеуметтік және мәдени нысандар аумағын, облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жиегін санитарлық тазалау жұмыстарына белсенді қатысты.
Акция басталғалы бері 40 мыңға жуық ақтөбелік сенбіліктерге қатысып, қала көшелері мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазалады. 1200-ден астам заңсыз қоқыс үйінділері анықталып, жойылды. Барлығы 680 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.
Мұндай ауқымды шаралар өлкенің көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруға, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
М.ТАБЫН,
Ақтөбе қаласы















