АҚТӨБЕДЕ АУЛАЛАР ЖАҢАРЫП ЖАТЫР

АҚТӨБЕДЕ АУЛАЛАР ЖАҢАРЫП ЖАТЫР

Ақтөбе қаласында жүзеге асырылып жатқан «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында отыздан астам абаттандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа 1,2 млрд теңге бөлінген. Аулаларды абаттандыруға арналған барлық жобаны қала тұрғындарының өздері әзірлеген. Аталған бағдарлама аясында 2025-2026 жылдарға Ақтөбе қаласының Астана ауданында – 11 жоба, ал Алматы ауданында 21 жоба қаржыландырылды.

Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев биыл аталған бағдарлама аясында жалпы 156 жоба қабылданған: 

– Оның ішінде 76 жоба дауыс беру кезеңіне өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша 57 жоба қажетті, яғни 50-ден жоғары дауыс жинап, жеңімпаз атанды. Ал 19 жоба қажетті дауыс санын жинай алмады. Жеңімпаз атанған 57 жобаның ішінен 11 жобаға қаржы бөлінген-ді. Оның ішінде 7 жоба бойынша жұмыс толығымен аяқталып, нысандар тұрғындардың игілігіне берілді, қалған төрт жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр, оларды да толығымен осы айдың аяғына дейін пайдалануға береміз деген жоспарымыз бар.  

Бүгінгі таңда Тургенев, Маресьев, Халел Досмұхамедұлы, Ағайынды Жұбановтар, Әбілқайыр хан көшелеріндегі, 12-інші және 11-шағын аудандарындағы бірнеше үйдің аулаларында құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысандар тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Ал Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі тағы бірер үйде, Қанағат және Сазды-2 тұрғын алаптарында, сондай-ақ Авиатор саябағында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл нысандар да жақын уақытта аяқталып, тұрғындардың пайдалануына беріледі деп жоспарланып отыр. «Халық қатысатын бюджет» жобасы тұрғындардың бастамаларын қолдап, қала инфрақұрылымын жақсартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан жобалар тұрғындардың сұранысына сай қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, балалар мен жастарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр, – дейді Баянбек Қырықбаев. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Ақтөбе қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы 2020 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатыр. Бағдарлама аясындағы іс-шараларды іске асыру жергілікті атқарушы орган тарапынан халықтың пікірін міндетті түрде ескере отырып, жергілікті деңгейде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады.

Аталған бағдарлама шеңберінде аумақты көгалдандыру, тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу, жөндеу, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу, аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық, балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу, жарықтандыру, санитарияны қамтамасыз ету сынды іс-шараларды қаржыландыру көзделген. 

Мамыр, маусым айларында Астана ауданында бірқатар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылған бірнеше нысан тұрғындар игілігіне берілді. Мәселен, Тургенев көшесіндегі 98/5 мекенжайы бойынша орналдасқан үйдің  ауласында жаңа балалар ойын алаңы салынып, жарықтандыру шамдары, беседка, тротуар плиталары, орындықтар, қоқыс жәшіктері, қоршау және көгал орнатылды.

Тұрғындар өз ұсыныстарын бағдарламаға жолдап қана қоймай, құрылыс жұмыстарының әр кезеңін бақылап отырды. Жобаның жалпы құны – шамамен 20 млн теңге. Тұрғындар жаңа ойын алаңының сақталуына өздері де жауапкершілікпен қарап, оның күтіміне атсалысуға ниетті. Қажет болған жағдайда сенбіліктер ұйымдастырып, алаңды күтіп ұстауға дайын екендерін жеткізді.

Мердігер ұйым – «ASLANTALAP» компаниясының өкілдері нысанды балалардың жазғы демалысы басталғанға дейін аяқтауға күш салғандарын айтты. Құрылыс жұмыстары екі апта ішінде аяқталған. Егер пайдалану барысында қандай да бір кемшіліктер анықталса, оларды кепілдік аясында түзетуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Сонымен бірге Ағайынды Жұбановтар көшесі, 308/2 мекенжайында орналасқан аулада балаларға арналған қауіпсіз жабындысы бар жаңа ойын алаңы салынды. Мұнда заманауи әткеншектер мен карусельдер орнатылған. Сонымен қатар тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін ашық аспан астындағы спорт алаңы да жабдықталды.

12 мөлтек шағын ауданы №30 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы жаңа балалар ойын алаңы да тұрғындардың игілігіне берілді. 

– Жақында Алтын Орда шағын ауданы Тәуелсіздік көшесіндегі  18Г, 1/2 мекенжайында орналасқан үйдің ауласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында балаларға арналған жаңа футбол алаңы салынды. Балалар жаңа алаңда алғашқы жаттығуларын өткізуде. Жобаны мердігер – «Қамқор Сұңқар» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды. Қазіргі таңда балалардың қауіпсіз әрі жайлы спортпен шұғылдануына барлық қажетті жағдай жасалған. Алаңда кешкі уақытта пайдалануға арналған жарықтандыру шамдары орнатылған. Сонымен қатар алаң тұрғын үйлердің ауласында орналасқандықтан, доптардың көліктерге зиян келтірмеуі және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс торлары орнатылды. Сондай-ақ су ағызу жүйесі де қарастырылған.

Жаңа спорт алаңы олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына үлкен мүмкіндік береді, – дейді Б.Қырықбаев. 

Жалпы алғанда, Ақтөбе қаласының Астана ауданында соңғы үш жыл мерзімде келесідей «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 140 жоба жүзеге асырылған. 

 

М.ТАБЫН
10.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144