АЛМАТЫДА III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ALMATY PUPPET FESTIVAL» ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЛАРЫ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

АЛМАТЫДА III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ALMATY PUPPET FESTIVAL» ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЛАРЫ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

2025 жылдың 10-14 қазан күндері аралығында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен Мемлекеттік қуыршақ театры Республика күніне орай III Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлары фестивалін өткізеді.

Бұл фестиваль – қуыршақ театры өнерінің көпқырлы мүмкіндігін паш ететін, түрлі елдердің шығармашылық ұжымдарын тоғыстыратын маңызды мәдени оқиға.

Фестивальдің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденістері арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейту, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту және көрермендерді заманауи қуыршақ театрының жаңа тынысымен таныстыру.

Биылғы өнер додасына Италия, Испания, Иран, Үндістан, Ресей, Болгария, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінен келген 15 үздік театр ұжымы мен 150-ге жуық кәсіби қуыршақ шебері қатысады. Олар өздерінің үздік қойылымдарын ұсына отырып, «Үздік спектакль», «Үздік режиссер», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік қуыршақ жүргізуші», «Үздік суретші» және «Жаңашыл көзқарас» сынды номинациялар бойынша бақ сынайды. Фестиваль қорытындысында жеңімпаздарға арнайы қаржылай сыйақылар табысталады.

Өнер мерекесі барысында қойылымдар көрсетілімімен қатар, халықаралық театр мамандары мен қуыршақ өнерінің майталмандарының қатысуымен кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған «Қуыршақ театрының өнер тарихындағы орны», «Қуыршақ шеберлерінің қол энергиясы», «Күрес алаңының кеңеюі: XXI ғасырдағы қуыршақ театрының жаңа кеңістіктері» тақырыбында шеберлік сағаттар мен авторлық дәрістер өтеді. Бұл кездесулер отандық және шетелдік мамандар үшін кәсіби дамуға, тәжірибе мен жаңа идеялар алмасуға бірегей мүмкіндік болмақ.

«Almaty Puppet Festival» – әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму үрдістері мен жаңашыл бағыттарын айқындайтын бірегей алаң. Фестиваль Алматы қаласының мәдени өмірін байытып қана қоймай, оның халықаралық деңгейдегі рухани және шығармашылық имиджін қалыптастыруға зор үлес қосады.

1935 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің бастамасымен негізі қаланған еліміздің тұңғыш Мемлекеттік қуыршақ театры биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт аралығында театр бірнеше буын көрерменнің жүрегіне жол тауып, ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Тоқсан жылдық тарихы – үздіксіз ізденіс, көркемдік биікке ұмтылу мен шығармашылық табыстарға толы жол. 

Театр ұжымы барша өнер сүйер қауымды ғажайып пен қиялға толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, мерекелік көңіл күйді бірге сезінуге шақырады! 

 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

07.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

АГРАРЛЫҚ ӨҢІРДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы - 03.10.2025 202
БИЛІКТЕГІ АУЫС-ТҮЙІС ХАЛЫҚҚА НЕ БЕРЕДІ?
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 02.10.2025 216
БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 480

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18398
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18259
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33445
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31996
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35764