Алматы облысында алма шаруашылығы жылдан-жылға қарқын алып, өңірдің ауылшаруашылығындағы маңызды бағыттардың біріне айналып келеді. Биыл облыс бағбандары 100 мың тоннаға жуық алма жинауды жоспарлап отыр. Жиналған өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалған 20 пайызы экспортқа бағытталмақ. Өңір алмасы негізінен Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Беларусь нарықтарына шығарылады.
Апорт – Алматының айрықша бренді
Алма өнімінің бір бөлігі ішкі сұранысты өтеуге жұмсалса, тағы 10 пайызын шырын, пюре, тосап және өзге де қайта өңделген өнімдер өндіруге пайдалану көзделген. Бұл – ауылшаруашылығы өнімін тек өсіріп қана қоймай, оны терең өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Бүгінде Алматы облысындағы алма бақтарының жалпы аумағы 9,9 мың гектарға жетеді. Оның 2,2 мың гектары – интенсивті бақтар. Алма өндіру көлемі бойынша Еңбекшіқазақ ауданы көш бастап тұр. Ауданда жыл сайын 34,1 мың тонна өнім жиналады. Одан кейінгі орындарда Ұйғыр, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандары келеді.
Өңір бағбандары алма ағашының 21 сортын өсіреді. Олардың қатарында қазақ даласында өзіндік тарихы бар Алматы апортымен бірге фудзи, гала, голден делишес, синап, кандиль, айдаред секілді сұрыптар бар. Әсіресе, гала сортына халықаралық нарықта сұраныс жоғары.
Алма шаруашылығының экспорттық әлеуеті де артып келеді. Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықовтың айтуынша, соңғы үш жарым жылда өңірде 282 мың тоннадан астам алма жиналып, оның 1,5 мың тоннасы шетел нарығына шығарылған. Экспорттан түскен түсім шамамен 1 млн 549 мың АҚШ долларын құраған.
«Алматы облысында соңғы үш жарым жылда 282 мың тоннадан астам алма жиналып, соның 1,5 мың тоннасы шетел нарығына экспортталды. Экспорттан түскен түсім шамамен 1 млн 549 мың АҚШ долларын құрады. Қазір Еуропа елдері, Қытай, Орталық Азия және Таяу Шығыс нарықтарымен экспортты ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, тек жаңа піскен алманы ғана емес, шырын, кептірілген алма, пастила сияқты қайта өңделген өнімдерді де сыртқы нарыққа шығару көзделіп отыр», – дейді Димаш Сыдықов.
Оның айтуынша, саладағы басты міндеттердің бірі – өнімділікті арттыру. Осы мақсатта шаруашылықтарда жоғары өнімді көшеттер отырғызылып, тамшылатып суару жүйелері енгізілуде. Сонымен қатар цифрлық технологияларды қолдану және интенсивті бақтардың көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматы өңірінің алма шаруашылығында тарихи атауы қалыптасқан апорттың орны ерекше. Кезінде Алматының атын әлемге танытқан әйгілі апорт алмасын қайта жаңғыртуға бүгінде айрықша көңіл бөлініп отыр.
Апорт алмасын қалпына келтіру жобасы аясында сапалы көшеттер көбейтіліп, жаңа бақтар отырғызылуда. Қазір облыстағы апорт бақтарының жалпы аумағы шамамен 2,3 мың гектарды құрайды. Бұл алқаптардан жыл сайын 6,6 мың тоннаға жуық апорт жиналады. Орташа өнімділігі гектарына 88,5 центнерді құрайды.
Апортты қайта түлету – тек ауылшаруашылығы үшін ғана емес, өңірдің тарихи-мәдени брендингін қалыптастыру тұрғысынан да маңызды. Өйткені Алматы апорты – аты аталғанда-ақ осы өңірді еске түсіретін табиғи әрі ұлттық брендтердің бірі.

Өнімді сақтау – экспортты арттырудың кепілі
Алма шаруашылығын дамытудың тағы бір маңызды бағыты – жиналған өнімді сақтау және қайта өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру. Өнім мол болғанымен, оны дұрыс сақтап, қажетті уақытта нарыққа шығара алмаса, шаруаның еңбегі толық ақталмауы мүмкін. Сондықтан өңірде жеміс-жидекті сақтау және қайта өңдеу бағытындағы жобаларға басымдық беріліп отыр.
Солардың бірі – жылына 80 мың тонна жеміс-көкөніс өңдеуге қауқарлы «QAZAQ Global Food JV» зауытының құрылысы. Жоба толық іске қосылғаннан кейін өңірдегі қайта өңдеу көлемі артып, алманы ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік кеңейеді.
Бұл өз кезегінде маусымдық тәуелділікті азайтып, өнімді жыл бойы нарыққа ұсынуға жол ашады. Яғни бағбан күзгі жиын-теріммен ғана шектелмей, қыс пен көктемде де өз өнімін саудаға шығара алады. Ал ұзақ сақтау мен қайта өңдеу мүмкіндігінің артуы экспорт көлемін көбейтуге де серпін бермек.
Бүгінде Алматы облысының алма шаруашылығы жаңа кезеңге қадам басып келеді. Интенсивті бақтардың көбеюі, заманауи суару жүйелерінің енгізілуі, цифрлық технологиялардың қолданылуы, қайта өңдеу кәсіпорындарының іске қосылуы – саланың әлеуетін арттыратын негізгі факторлар.
Алма – бір ғана жеміс емес, мыңдаған шаруаның еңбегі мен өңір экономикасының бір бөлігі. Ең бастысы, бүгінгі бақтарда өсіп тұрған әрбір көшет ертеңгі өнімнің ғана емес, Алматы облысының агроөнеркәсіптік әлеуетінің негізіне айналмақ. Ал атақты апорттың қайта жаңғыруы мен өңір алмасының шетел нарығына жол тартуы бұл әлеуеттің халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік береді.

Әр бақтың артында – маңдай тер
Алматы облысында алма өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтармен қатар, өз кәсібін шағын бақтан бастап, отандық сорттарды сақтауға үлес қосып жүрген шаруашылықтар да бар. Солардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданының Әймен ауылында орналасқан «Хишманов» шаруа қожалығы.
Жалпы аумағы 14 гектарды алып жатқан бақтың 4 гектарында көшет өсіріледі. Қалған алқапқа алма ағаштары отырғызылып, түрлі тәжірибелер жүргізіледі. Шаруашылық үшін бұл – жай ғана өнім өндіретін бақ емес, қай сорттың жергілікті климатқа бейім, қандай көшеттің өнімді әрі төзімді екенін сынақтан өткізетін шағын тәжірибе алаңы.
Шаруашылық Әймен ауылы мен оған жақын елді мекендердің тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда жыл бойы 15 адам еңбек етсе, көшет отырғызу мен өнім жинау науқаны кезінде жұмысшылар саны 30-45 адамға дейін көбейеді. Осылайша алма бағы ауыл тұрғындары үшін табыс көзіне ғана емес, жергілікті жерде жұмыспен қамтудың маңызды тетігіне де айналып отыр.
Өнім көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Былтыр шаруашылықтан 12 тонна алма жиналса, биыл бұл көрсеткішті 24-28 тоннаға жеткізу жоспарланған. Жиналған өнімнің басым бөлігі Қазақстан аумағында саудаланады.
Шаруашылықтың тағы бір ерекшелігі – өнімнің ысырап болуына жол бермеуі. Жиын-терім кезінде алынған алманың барлығы сұрыпталып, кәдеге жаратылады. Сапасына қарай нарыққа жөнелтілетін өнім бөлек қарастырылса, басқа мақсатқа жарамды бөлігі де тиісті бағытта пайдаланылады. Бұл – қазіргі агроөнеркәсіп үшін маңызды қағидалардың бірі. Өйткені жерден алынған әр өнімнің өз құны бар.
«Біз қазақстандық селекцияға жататын, жоғалып кетуге сәл қалған Анель, Айнұр, Дамира, Восход, Раши сияқты сорттарды көбейтуге жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені бұл сұрыптар жақсы өнім береді, дәмі де тіл үйіреді. Шағын тәлімбағымыз бар. Онда негізінен өзіміздің баққа қажет көшеттерді өсіреміз. Қайсысы біздің аймаққа қолайлы екенін зерттеп, содан кейін ғана бақта өсіруге кірісеміз», – дейді шаруа қожалығының басшысы Руслан Хишманов.
Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Өйткені алма шаруашылығы – тек өнім көлемін арттыру емес, сорттық қорды сақтау, жергілікті табиғи жағдайға бейімделген көшеттерді көбейту, сапалы өнім алу секілді ұзақ мерзімді еңбекті қажет ететін сала. Бір қарағанда шағын ғана тәлімбақ болып көрінгенімен, мұндай жұмыстар отандық селекцияның болашағы үшін маңызды.
Бақтағы еңбек – берекенің бастауы
Қазір Алматы облысының бағбандары алғашқы жиын-терімге кірісіп кетті. Жаз бойы күтілген бақтарда піскен алманың салмағынан бұтақтар иіліп, еңбектің нәтижесі көзге көріне бастады. Бір жерде жұмысшылар өнім жинап жатса, енді бір жерде жаңа көшеттер отырғызылып, келер жылдың қамы жасалуда.
Алма шаруашылығының бүгінгі тынысы – ауылдағы маңдай тер мен заманауи технологияның тоғысын көрсетеді. Бір жағында атадан балаға жалғасқан бағбандық дәстүр тұрса, екінші жағында тамшылатып суару, интенсивті бақтар, цифрлық технологиялар мен жаңа селекция жетістіктері бар.
Өңірде алманың өнімділігін арттырумен қатар, отандық сорттарды сақтап, көбейтуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жаңа бақтардың көлемі ұлғайып, заманауи суару жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл ретте өнімді сақтау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға да айрықша мән берілуде.
Мұның бәрінің түпкі мақсаты бір – Алматы облысының алмасын тек ішкі нарықта сұранысқа ие өнімге айналдырып қана қоймай, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетті бренд ретінде қалыптастыру.
Алма бақтарының көкжиегі кеңейген сайын ауылдың да ажары арта түседі. Өйткені әрбір жаңа бақ – жаңа жұмыс орны, жаңа табыс көзі, жаңа мүмкіндік. Ал әрбір отырғызылған көшет – бірнеше жылдан кейінгі өнімнің ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының негізі.
Бүгін Әймендегі шағын бақта өсіп тұрған бір түп көшет ертең үлкен баққа айналуы мүмкін. Бүгін сақталып қалған отандық сорт ертең халықаралық нарыққа шығатын өнімнің негізіне айналуы ықтимал. Сондықтан алма шаруашылығының болашағын тек жиналған тоннамен өлшеу аздық етеді. Оның артында жерге деген сүйіспеншілік, ұрпаққа қалатын еңбек дәстүрі және елдің аграрлық әлеуетін арттыруға деген ұмтылыс жатыр.
Алматы облысының алмасы осылайша бақтан басталып, дастарқанға, одан әрі әлем нарығына жол тартуда. Ең бастысы – сол жолда өңірдің табиғи байлығы мен бағбанның еңбегі, заманауи технология мен отандық селекция қатар дамып келеді. Бұл – жемісті еңбектің ғана емес, келешекке егілген сенімнің де көрінісі.
Әсем ФАЗЫЛОВА,
Алматы облысы















