Әлемдік мәртебеге ұмтылған қазақ баласы

 Әлемдік мәртебеге ұмтылған қазақ баласы

Айдос Байбосын – Түркістан облысының тумасы. Ол – пианино аспабын жүрекпен ойнайтын шебер музыкант. Кішігірім қалашықта өскенімен, әлемдік аренаға шыға білген жерлесіміздің алған асуы биік.  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тамамдап, профессор Венера Максимқызы Ибраевадан дәріс алды. Содан кейін Мадридтегі Альфонсо X Эль-Сабио университетінде испандық пианист Пабло Гальдоның жетекшілігімен магистратурада білімін жалғастырды. Еуропадағы  мойындалуы, басқа да халықаралық жарыстар – мұның бәрі оның сыртқы табысы. Айдостың шынайы жолы – ішкі табиғатында. Ол үндемей қалудан қорықпайды, өзімен-өзі қалып сазды әлеммен сырласуға асығады. Оның ойынында көрнекті виртуоздық жоқ, тек адалдық бар. Оның күші – жұмсақтығында, күші – сезіну қабілетінде. Айдостың жолы – қарапайым ауылдан өнер арқылы әлемдік ұлылыққа жетудің дәлеліндей. Бүгінде Америкада жүрген жас дарынмен телефон арқылы сұхбаттасудың сәті түсті. 

 

 

– Айдос, Сарыағаш деген шағын ауылдан шығып, байтақ әлемге күй пернелі музыка құдіретімен, өрімтал талантыңмен танылып жатқан жайың бар. Еуропалық Моцарт, Шопен, Бетховендердің балғын шақтан ерекше қабілет көрсетіп, айналасын тәнті еткенін білеміз. Қазақтың Айдосы музыкаға қалай әуес болды? Ата-анаңның сені музыкалық мектепке апаруының да сыр-себебі болды ғой?

– Мен Сарыағаш деген шағын қалада өстім. Кішкентай кезімнен музыкаға қатты қызықтым – естіген әуендерді жаттап алып, айтып жүретінмін. Анам менде музыкалық қабілет барын байқады да, қолымнан жетектеп музыкалық мектепке алып келді. Бізде тіпті фортепиано да жоқ еді. Тек 4-сыныпта әкем барын салып, маған жақсы бір аспап сатып әперді. Сол сәттен бастап музыкаға деген махаббатым одан сайын артты. Музыка  менің өмірімнің бір бөлігіне айналды.

– Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар хас жүйрік аламан додаларда сыналады. Өзің республикалық, халықаралық бірнеше байқаулардың бас жүлдесін жеңіп алып, ұстаздарың мен өскен еліңнің мәртебесін көтеріп жүрсің. Байқауға дайындалу, іздену, еңбектеніп тер төгу қиындығын, әрине, өзің ғана білесің. Ең есіңде қалған байқау қайсы болды? Қызықты, есте қаларлық оқиғалар орын алды ма?

– Байқаудың әрқайсысы – үлкен дайындық пен еңбек. Бірақ 2017 жылы Санкт-Петербургтегі халықаралық конкурс мен үшін ерекше есте қалды. Сол кезде мен дайындықтың ең жауапты сәтінде ауырып қалған едім. Дене емес, жан да әлсірегендей болды. Бірақ қасымда анам бар еді. Ол мені емдеп, рухымды түсірмей, керісінше, сенімін білдіріп, күш қосты. Сол қолдаудың арқасында мен сахнаға шығып, бірінші орынды жеңіп алдым. Бұл мен үшін тек байқау емес, өмірлік сабақ болды, сенім мен махаббаттың күші бәрінен мықты екенін жаныммен түсіндім. 

– Шығармашылық адамы үнемі ең мықты шығармасын жасау жолында, ізденіс үстінде жүреді. Жаңалыққа құмар журналистер қауымына өнер адамының алдағы жоспарлары қызық-ақ. Олай дейтінім, қазіргі таңда Америкадай алпауыт елде, Лос-Анджелес қаласында бекер жүрген жоқсың. Не мақсат, қандай жоспар?

– Иә, қазір Лос-Анджелестемін. Бұл жаққа жай ғана емес, нақты мақсатпен келдім. Біріншіден, өзімнің өнерімді жаңа деңгейге көтергім келеді. Қазақтың классикалық және заманауи музыкасын халықаралық сахналарда паш ету – басты арманым. Жеке концерттер беріп, авторлық шығармаларымды жазып, үлкен жобаларда өнер көрсетуді көксеймін. Екіншіден, жаңа тәжірибе жинап, әлемдік деңгейдегі музыканттармен жұмыс істеу мені шабыттандырады. Сонымен қатар, болашақта қазақтан шыққан дарынды жастарға жол ашып, өз тәжірибеммен бөлісуді де армандаймын. Қазірдің өзінде Америкада жүріп, шығармашылық ізденіс үстіндемін, бос жүріс жоқ, әр қадамымда мақсат бар.

Ата-анасына ғана емес, туған еліне де көзайым болған Айдос Байбосын мұхиттың арғы бетінде жүріп те шәкірттер тәрбиелеп, өнер көкжиегін кеңейтуде. Біз оған тек табыс тілейміз! 

Сұхбаттасқан –

 Гүлжанат ТАУБАЙҚЫЗЫ 

 

26.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13156
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13140
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28256
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 26947
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 30432