Аграрлық өнеркәсіпті өркендетуде ақмолалықтар алда

Аграрлық өнеркәсіпті өркендетуде ақмолалықтар алда

Еті мол мал басын көбейту – негізгі мақсат

Ақмола облысының Ерейментау ауданында етті мал шаруашылығын дамытудың тиімді тетіктерін игеруге арналған өңірлік кеңес болды. Кеңеске облыс әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, аудан әкімдері, агробизнес өкілдері және ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

Кеңесті ашқан Марат Ахметжанов мұндай кездесудің дәл Ерейментау ауданында өтуі символдық мәнге ие екенін атап, осы өңірде озық технологияларға, якорлық кооперация қағидатына және цифрлық шешімдерге негізделген ауқымды ет кластерін құру жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, өңірде жайылымдық жерлер жеткілікті, жемшөп базасы қалыптасқан, географиялық орналасуы қолайлы әрі логистикалық мүмкіндіктері жоғары. Сонымен қатар, облыс халықаралық ынтымақтастықты дамытып, әлемнің озық тәжірибелерін енгізіп келеді.

Кездесу барысында облыс әкімі қатысушыларға өңір делегациясының Канадаға жасаған жұмыс сапары жайлы кеңінен әңгімеледі. Облыс әкімінің айтуынша, сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – TELUS Agriculture & Consumer Goods канадалық компаниясымен агроөнеркәсіптік кешенді цифрлық трансформациялау бағытында стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол жеткізіпті. Нәтижесінде канадалық мамандар облысқа келіп, бірыңғай цифрлық ет кластерінің тұжырымдамасы дайындалады.

Жобада Ерейментау ауданында жалпы қуаттылығы 20 мың бас қалмақ тұқымды ірі қараға арналған үш репродуктор, 30 мың басқа арналған бордақылау алаңы салынып, шамамен 300 фермерлік шаруашылық бірыңғай өндірістік кооперацияға біріктіріледі. Жобаны іске асыру үшін «Игілік», «Береке» және «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламалары аясындағы жеңілдетілген несиелеу тетіктерін пайдалана отырып, асыл тұқымды мал импорттау жоспарланған.

Өңір басшысы «Жаңа-Береке-Репродуктор» ЖШС-нің бордақылау алаңында болды. Кәсіпорын өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ, 46,8 мың гектар ауылшаруашылығы алқабына иелік етеді және 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда мұнда 3,8 мың бас ірі қара мен 5 мыңға жуық қой өсірілуде. Кәсіпорын директоры Айдар Нигметов өңір басшысын шаруашылықтың өндірістік әлеуетімен, мал бордақылау жұмысының ұйымдастырылуымен және алдағы даму жоспарларымен таныстырды.

Жобаны іске асыруда жеңілдетілген несие тетіктері қарастырылып, кепілдік міндеттемелерінсіз, 50/50 қағидаты негізінде жүзеге асырылатын тауарлық кредиттеу бойынша алғашқы келісімдерге қол қойылды. Бұл тетікке сәйкес алынған төлдің жартысы якорлық кәсіпорынға қайтарылады, ал қалған жартысы шаруашылықтың өзінде қалады. Осы аяда «Жаңа-Береке-Репродуктор» ЖШС «Нурали» ЖШС және «Береке 5» ЖШС-мен 200 бас қойды беру жөніндегі келісімшарттарға қол қойып, өңірде якорлық кооперацияның жаңа моделін іс жүзінде енгізудің бастамасын жасады.

Айта кетейік, экспортқа бағдарланған ет кластері жобасы 2030 жылға қарай облыстағы ірі қара мал басын 1,3 млн басқа дейін жеткізіп, ет өндірісін үш еседен астам ұлғайтуға және өңірдің экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретін тиімді жоба болмақшы екен.

Кеңес қорытындысында Марат Ахметжанов бүгінде мемлекет тарапынан етті мал шаруашылығын жедел дамытуға барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.

– Басты мақсат – мал басын көбейту ғана емес, оның өнімділігін арттыру. Ол үшін малды күтіп-бағу технологияларын қатаң сақтау, жемшөп базасын нығайту, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және салаға қатысушылардың жауапкершілігін арттыру қажет, – деп сөзін қорытындылады өңір басшысы.

 

Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы
23.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144