Досжан балам мектепте әдебиет, тарих сияқты ауызша пәндерді сүйіп оқыды. Өсе келе өзі жазған мақал-мәтелдерін, еркін тақырыпқа арналған шығармаларын бір дәптерге түртіп жүрді. Ол көбіне патриоттық тақырыптарға жазғанды ұнататын. Шығармаларынан отаншылдықтың, ұлтжандылықтың лебі есіп тұратын. Өкінішке орай біразын сақтай» алмадық. Мысалы: «Менің Қазақстаным», «Тероризм туралы», «Отан үшін отқа түс!», «Ана - өмірдің ажары», «Менің туған өлкем» т.б. шығармалары көркем, сауатты жазылған еді.
Өмірі қысқа болатын бала ерекше жаратылады екен ғой. Сонымен қатар Досжан спортпен де шұғылданып, бокспен айналысты. Талантты да қайсар ұлан небәрі 15 жыл ғана ғұмыр кешіп, жол апатынан қайтыс болды. Өзі оқитын Nº13-мектептің әдебиет пәнінің оқытушысы Зәбира апай Доскен қайтқанда: - Досжан Смановтың әдебиетке деген қабілеті ерекше болатын. Ол әсіресе еркін тақырыпқа арналған шығармаларды шын толғаныспен тебіреніп, әдемі жазатын. Досжанның жазғандарын ыли сыныптағы балаларға оқып беретінбіз. Келешекте өзінің жан жүрегімен жазған әңгімелерін «Ұлан», «Ақ желкен» балалар басылымдарына ұсынбақшы боп жүр ем. Әттең, оған көзінің тірісінде үлгере алмадық, - дейді көзіне жас алып. Ендеше Досжанның жарияланбай қалған шығармаларын сіздер де оқып көрерсіздер. Оқып отырып, қаршадай баланың туған жерге, Отанына, анасына деген махаббатын, арман-мақсатын сезіп, түсінерсіздер, бәлкім?..
Досжанның шығармалары
Ана тілім мақтанышым
Еліміз кеңес одағының қол астында жүргенде өз тілін, дінін, салт-дәстүрін жоғалтып ала жаздады. Жас ұрпақ ана тілін ұмытып, жастай орысша ойлап, орысша сейлейтін болды. Осының бәрі кішкене болсам да менің қанымды қыздырады. Сонда біз не үшін ана тілімізді қорлауымыз керек? Бәріміз де ауылда туып-өстік, атамыз бен әжеміздің тәрбиесін кердік. Ендеше қалага келіп не үшін сен ана тіліңді ұмыта қалуың керек? Кейде менің басымды қорқынышты ойлар торлап алады: «егер тіліміз жоғалса, біз не боламыз?» деп. Онда ана чукча елі сияқты өзіміздің ата-тегімізді, аты-жөнімізді, ұлтымызды ұмытып, бәрін санамыздан өшіріп, нағыз мәңгүртке айналатынымыз сөзсіз. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынұлы атамыз босқа айтпаған-ау.
Мен мектепте, көшеде, автобустарда бір нәрсе сұрасаң, орысша жауап беретін, өзара сол тілде шүлдірлесіп тұратын замандастарыма қатты ренжимін. Кейбіреулеріне тіпті ескерту де айтып тастаймын. Осы қылығым ушін талай сыбағамды да ала жаздағам. Менің көкем «Ана тілі» газетінде істейді. Тіл тазалығын сақтау үшін ол кісі ылғи шырылдап жүреді. Газеттің әрбір нөміріне көкейтесті мақалалар жазып жатады. Көкемнің әсіресе А.Жұбанов атындағы музыка мектебінде оқу неге қазақ тілінде жүрмейді деп үлкен мәселе көтеріп, газетті біраз шулаткан ерлігі неге тұрады? Сосын қаладағы қазақ балабақшалары жабылып, бәрі орысшаға көшіп кеткені жөнінде мақала жазып, тексеру жүргізді. Айта берсең, ол кісінің істеген істері көп-ақ. Осыларды ылғи мен достарыма, айналама айтып мақтан тұтып жүремін.
Еліміз егемендік алып, бөлек отау тіккеннен соң, тіліміз аздап болса да түзеле бастады. Көше аттары қазақшаланып, газет-журнал, радио, теледидарда қазақша материалдар, хабарлар көбейді. Қазақша балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары ашыла бастады. Тіліңді қорғау - арыңды сақтаумен тең. Менің тілім - менің мақтанышым, байлығым. Елдің күші - тілінде. Сол үшін де біз өз ана тілімізді құрметтеп, сүюіміз керек!
Ана – өмірдің ажары
Анасыз адам өмірге келмейді. Әрбір адамның мейлі ол жас болсын, кәрі болсын өзінің анасы болады. Ана - бір құдіретті күш. Бейшара ана баласы үшін суға да түсіп, отқа да күйеді. Мен анамды сыйлап, құрметтеймін. Анадан басқа бұл әлемде балаға жақын жан жоқ шығар. Егер мен ауырып қалсам анам маған қамқор болып күтеді. «Сенің табаныңа кірген тікен менің мандайыма кірсе екен» дейді. Менің анам маған әркез жақсы мен жаманның мағынасын түсіндіріп отырады. Жиі айтатын мақалы: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», «Жаманмен дос болсаң қаларсың ұятқа, жақсымен дос болсаң жетерсің мұратқа». Анамның мені еркелетіп «Қара бала, өзгелерден дара бала!» - деп айтатын сөзіне әуел баста түсінбей жиі ренжіп қалатынмын. Сөйтсем «Қарға баласын аппағым дейді» дегендей мені жақсы көргені екен ғой. Мен әкемнен мектепке баратын жылы ерте айырылып қалдым. Ол кісі жас кезінде жол апатынан қайтыс болды. Мені тәрбиелеп, жеткізудің ауыртпалығын осы анам арқалап қалды. Бірақ ол мені «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» мәпелеп өсірді. Қатарымнан кем қылған жоқ, қалаған нәрсемнің бәрін орындап отырды. Анамның арқасында мен тәртіпті, еңбексүйгіш жан боп өстім. Сондықтан мен анама бас иіп, алғыс айтқым келеді. Кейбір балалар анасына ауыр сөз айтып, айтқанын істемей жатады. Осы әрекеттері арқылы олар анасының жүрегіне жара салып жатқанын түсінбейді. Сонда бейшара анасының көзінен жасы тамып, оңашада жылап-жылап алады. Бірақ ананың жүрегі әрқашан да кең, кешіреді. Оған мына бір ел аузында жүрген аңыз дәлел.
Баяғыда бір тамаша ұста жігіт болыпты. Оның жалғыз анасы бар екен. Жігіт анасын қатты жақсы көріпті. Бірде ол бір байдың қызын ұнатып қалыпты. Анасына «осы қызды алып бер» дейді. Бірақ байдың ерке қызы алдына барған жігіттің анасын мазақтап қуып шығады. Байғұс жігіт қайғыдан қапа болып қайғырады. Екінші рет барған жігітке қу қыз: «Анаңның жүрегін әкеп бер» дейді. Мұны естіген анасы «Мә, балам, сен-ақ бақытты болшы!» деп жүрегін суырып беріпті дейді. Есалаң жігіт жүректі ұстап алып қуанып, сүйгеніне жетуге асығып келе жатады. Сол кезде бір түбіртекке сүрініп мұрттай ұшыпты. Қолындағы ананың жүрегіне тіл бітіп: «Қарағым-ай, бір жеріңді мертіктіріп алған жоқпысың?» деген даусын естіп жігіт шошып кетіпті. Сосын барып не бүлдіргені есіне түсіп, тау-тасты күңірентіп, жылап жіберіпті. Ішқұсадан қайғырып, айдаланы кезіп кетіпті. «Міне қазір адамдарға жоламай, тау-тасты кезіп жүрген қар адамы, кісі киік осы ұста жігіт екен» дейді аңызда. Сондықтан мен өзімнің замандастарыма, жолдастарыма: «Әркез ананың қадірін біліңдер, оларды ерекше сыйлап, құрметтеңдер! Оның сен үшін түн ұйқысын төрт бөліп өсірген еңбегін бағалаңдар. Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да қарызыңнан құтылмайсың» дегендей, біз анамыздың алдында өмір бойы қарыздармыз дегім келеді.















