Түркістан облысы – еліміздің халқы көп, тығыз орналасқан аумақтарының бірі. Мұнда әлеуметтік проблемаларды дер кезінде шешіп отыру маңызды. Осындай мәселенің бірі жұмыссыздық екені белгілі. Сондықтан өңірде тұрғындарды жұмыспен қамтуға аса зор маңыз беріледі.
Таяуда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен 2025 жылдың алғашқы жеті айында атқарылған жұмыстар бойынша кеңейтілген жиын өтті.
Жиынға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік және сауда, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары, «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің басшылары мен өкілдері қатысты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ұсынысын жеткізді. Басқарма басшысының орынбасары Алмас Әбдіқадыровтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы жыл басынан бері өңірде 130 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделіп, бүгінде 74 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылғанын айтты. Азаматтардың 35 812-і тұрақты, 38 215-і уақытша субсидияланған жұмыс орындарына орналасқан. Сонымен қатар ұлттық жобалар арқылы 2700-ден астам азамат, жеке инвестициялық жобалар аясында 1400-ге жуық адам еңбекке тартылған. Жобалардың басым бөлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жол салалары арқылы іске асты. Сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша да жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұдан бөлек, «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» жобасы шеңберінде 8300-ден астам жаңа жұмыс орны ұсынылды.
Өңірдегі жұмыс орындарының көбеюіне жеке тартылған инвестициялық жобалар да ықпал етуде. Биыл облыста жеке қаржы есебінен 125 жоба жүзеге асырылуы керек. Бүгінде оның 88-і іске қосылып, 1398 адам тұрақты жұмысқа қабылданған. Жобалар негізінен ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік және туризм салаларына тиесілі. Бұл ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты азайтуға оң әсерін тигізбек.
Мәжілісте кәсіп бастаймын деген азаматтарға да жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны айтылды. Мәселен, жыл басынан бері 859 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанған. Оның ішінде 40-қа жуығы пробация есебінде тұрған азаматтар.
– Халықты жұмыспен қамту – бұл жай ғана көрсеткіш үшін атқарылатын жұмыс емес. Әрбір азаматтың нақты табысқа, кәсіби өсуге және тұрақты еңбекке қол жеткізуі – біздің басты мақсатымыз. Әсіресе, жастар мен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мәселесі назардан тыс қалмауға тиіс, – деді жиынды қорытындылаған Бейсенбай Дәулетұлы.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.