“2026 жылдан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі”

“2026 жылдан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі”

Қазақстанда өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен дәрігерлерді біріктіретін әмбебап құтқару кешендері кезең-кезеңімен құрылып жатыр. Бұл бөлімшелер қазірдің өзінде бірқатар салада жұмыс істейді және жан-жақты көмек көрсетуде өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр.

 Бұл туралы 17 қазан күні  ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев айтып берді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаевтан бірнеше сауалымызға жауап алуға мүмкіндік туды. 

 

-  ТЖМ қызметкерлерінің  бүгінгі кең көлемді тәжірибесі мен дайындығы туралы айтсаңыз? Оқу орталықтары қайда орналасқан?

-  ТЖМ қызметкерлері соңғы жылдары Түркия, Ауғанстан және Қырғызстанда болған өрт, жер сілкінісі мен сел салдарын жоюға белсене қатысты. Осыдан-ақ олардың үлкен тәжірибе жинағанын білуге болады.

Бүгінгі таңда Министрлік өрт сөндіру және құтқару бөлімшелерін, әскери қызметшілерді, дәрігерлерді, авиация мен теңіз қызметін, оқыту орталықтары мен ғылыми институттарды, сондай-ақ кадрлар дайындау ошағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын қамтитын заманауи көпсалалы құрылымда дайындайды.

Бір айта кетер нәрсе, ТЖМ саласына оқу-жаттығулардың жаңа форматтары енгізіліп, тікұшақ техникасын пайдалану арқылы өрт-тактикалық жаттығулар ұйымдастырылды. Биыл ТЖМ теңіз жасағы Каспий теңізінде мұнай төгілуінің салдарын жоюға бағытталған республикалық оқу-жаттығуды алғаш рет өткізді.

Бұл бөлімше еліміздің су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

- Соңғы жылдары ТЖМ-ға қарасты басқару органдары жаңғыртылып, табиғи апаттардың салдарын азайту және оларға жедел әрекет ету мүмкіндігі артқаны байқалады? Осы жайлы әңгімелесеңіз?

- Иә, бұл көп өзгеріске жол ашты. Жаңартулардың нәтижесінде биыл су басқан елді мекендер саны 95%-ға азайды. Біз цифрландыруға және қауіп-қатерді алдын ала болжауға басымдық беріп отырмыз. Геоақпараттық және спутниктік жүйелерді белсенді енгізіп жатырмыз. Табиғи қауіптерді талдау кезінде жасанды интеллектіні пайдаланып, қауіпті аймақтардың цифрлық карталарын әзірлеудеміз.

- Соңғы ақпараттарға көз жүгіртсек, Шымкент пен Ақтөбеде төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін әуе отрядтары құрылыпты. Осы жайлы өз аузыңыздан естісек? 

- Иә, Шымкент пен Ақтөбеде төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін әуе отрядтары құрылды. Болашақта мұндай бөлімшелер барлық аймақта пайда болады. Бұл көмек уақытылы көрсетіліп қана қоймай, барлық жерде болу үшін жасалған қадам. Біз үшін елдің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінгені маңызды. Сондықтан ауылдық округтерде «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осылайша, шағын ауылдардың мыңдаған тұрғынын қорғайтын 82 жаңа өрт сөндіру пункті ашылды. Еріктілерге техникалық қолдау көрсетіледі және байланыс құралдары беріледі.

Тағы бір айта кетер жайт, Алатау тауларында заманауи гидро-және сейсмикалық бекеттер орнатылған. Сонымен қатар сейсмологияның ғылыми базасы жетілдірілуде, жабдықтар жаңғыртылуда, Қазақстан-Қытай Сейсмология орталығын құру туралы меморандумға қол қойылды. Алматыда жер сілкінісі кезінде зардап шеккендерді қабылдау және орналастыру және құтқару операцияларын үйлестіру үшін «Алатау» Оңтүстік базасы құрылды.

- Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесі әлемді алаңдатып отыр? Осы мәселе бізде қалай шешілуде?

- ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, көмір кәсіпорындарына ауқымды ревизия жүргізіліп, нәтижесінде 2 мыңнан астам бұзушылық анықталған. 60-тан астам нысанның жұмысы уақытша тоқтатылды.

2026 жылдан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Осы жүйе аясында барлық қауіпті өндірістік нысандар бір жұмыс күні бұрын ескерту арқылы тексерілетін болады.

Сондай-ақ қазіргі заманғы қауіптерді ескере отырып, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастырудың жаңа механизмдері енгізілген. Енді оның есебі мен толықтырылуы өңірлердің нақты қажеттілігіне және төтенше жағдай кезінде халықты жедел қолдауға бағытталады.

Талап етілмейтін 47 атау алынып тасталып, 44 жаңа атау енгізілді, 18 атау жаңғыртылды, сондай-ақ 10 медициналық бұйымның көлемі қайта қаралды. Биыл «Азаматтық қорғау туралы» Заңға елеулі өзгерістер енгізіліп, өнеркәсіптік, өрт және сейсмикалық қауіпсіздік талаптары мен жекелеген құрылыс нормалары күшейтілді. Сонымен бірге, өрттен сақтандырудың жаңа механизмі енгізіліп жатыр.

- Уақытыңызды бөліп сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет!

 

Нағашыбай Қабылбек

 

18.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 754

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19674
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19486
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34614
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33182
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37001