116 шақырымдық жаңа желі салынуда

116 шақырымдық  жаңа желі салынуда

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры «Мұзтау» шағын ауданындағы сумен жабдықтайтын құрылыс алаңында өтті. Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин журналистерге инженерлік инфрақұрылымның ең ірі жобаларының іске асырылу барысын таныстырды, бұл жобалар 65 мыңнан астам тұрғынды қамтымақ. «Балқаш» таза су қоймасынан «Мұзтау» шағын ауданына дейін жалғасатын Медеу ауданындағы 2,2 шақырымдық қосалқы магистральдың құрылысы аяқталып қалды. 2024 жылдың қазан айында басталған жоба 2 000-нан астам тұрғынды сапалы сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. 

Жұмыс 2025 жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқталмақ. Суды үзбей беріп, кәріз жүйесімен қамтамасыз ететін «Мұзтау» шағын ауданындағы құрылыс жұмысы үлкен бағдарламаның бір бөлігі ғана екенін айтады Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.

«Біз негізгі жұмыстарды аяқтап қалдық. Қазір асфальт жабынын қалпына келтіріп жатырмыз. Одан соң абаттандыруға кірісеміз. Барлық жұмысты қыркүйек айына дейін, гидравликалық сынақтармен бірге аяқтап, нысанда сол кезде іске қосамыз», – деді аудан әкімі.

2023-2024 жылдары «Каменское Плато», «Көлсай», «Юбилейный» шағын аудандары мен Халиуллин көшесінде 11,6 шақырымнан асатын су желілері салынды, бұл 13 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етті. «Каменское Плато» ауданында бұрын су тапшы еді, енді ол мәселе шешілді.  

«2024 жылы біз ірі су жеткізу нысанын пайдалануға беретінімізді айтқанбыз. Ол скважинамен, резервуарлармен жабдықталады. Бұл міндетімізді орындадық: 12 ұңғыманы бұрғылап, әрқайсысы 6 мың текше метр болатын екі үлкен резервуар салынды осы жолы», – деді Еркебұлан Оразалин.

Сондай-ақ, өткен жылы да су жетпеген шағын аудандарға су қосылды:

«Бұрын суды бұлақтан алып келген аймақтарға да су құбыры тартылды. Мысалы «Көлсай» мен «Юбилейный» шағын ауданына», – деп қосты әкім.

2024 жылы жоба «Кеңсай», «Думан» шағын аудандарында, жеке секторда, С.Нұрмағамбетов, Р.Бағланова, Маңғыстау мен басқа көшелерді де қамтыды. Жаңа желілердің жалпы ұзындығы 67,6 шақырымға жетті, бұл 22,7 мың адамды қамтыды. Таулы аймақтарда сумен жабдықтауға, кәріз жүйесіне ерекше көңіл бөлінген:

«Таулы аймақтардағы тұрғындар септикті пайдаланады, бұл қауіпті. Ылғалданғаннан кейін жер сырғып кетуі мүмкін. Сондықтан біз оған жағаластырып кәріз жүйесін де салып жатырмыз», – дейді аудан әкімі.

Биыл «Алатау», «Каменское Плато», «Горный гигант» шағын ауданында, Рысқұлов, Құлжа тас жолы, Шығыс айналма жолы мен Тайыров көшесінде 116 шақырым болатын жаңа инженерлік желі салынады. Қолға алынып жатқан бұл жұмыс 19 мың тұрғынның өмірін жақсартуға ықпал етпек. 2026 жылы «Асқартау» мен «Юбилейный» шағын ауданында жұмыс жалғасады. «Кеңсай», «Алатау», «Зеленстрой» ЖҚ, «Радуга» мен «Мичуринец» аумақтарының да жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.

Әкімнің айтуынша, барлық жоба аяқталғаннан кейін ауданды су мен кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету жағы 100%-ға жуықтамақ:  «Осы жобалар сәтімен іске асса, 2-3 жыл ішінде Медеу ауданының тұрғындарын орталықтандырылған сумен, кәріз жүйесімен 98%-ға қамтамасыз етеміз», – деп сендірді Еркебұлан Оразалин.

Медеу ауданындағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту барысында бұрыннан келе жатқан мәселелерді шешімін тауып, таулы аудандағы тұрғындарды таза ауызсу мен қауіпсіз кәріз жүйесіне қосуға мүмкіндік берді.

 

Аулалар  абаттандырылуда

 

Достық көшесі, 109 мекенжайындағы бұл аула биыл жөнделетін 60 ауланың тізіміне кірген. Аудан әкімдігі мен Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған пресс-тур кезінде журналистер осындағы жөндеу жұмысымен танысты.

Медеу ауданында 536 аула бар, оның 414-і мемлекеттік тұрғын үй қорына жатады. Оның ішінде ең көбірек тозғанына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмыс мамыр айында басталған. Жоба аясында балалар мен спорт алаңы салынып, жарық қойылып, көгалдандыру жағы қолға алынып, демалу үшін қолайлы аймақтар жасала бастады. Барлық жұмысты күздің соңына дейін аяқтамақ ойда. Жобаға 2,6 млрд теңге бөлінген.

Сонымен қатар, аудан бойынша «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 34 жоба жүзеге асып жатыр. 650-ден астам тұрғынның ұсынысы қаралып, осы мақсатқа 2 миллиард теңге бөлініпті. 2025 жылдың мамырынан қыркүйек айына дейін бағдарлама бойынша 22 ауланы жөндеп шықпақ. 

«Аудан аумағында аулаларды күрделі жөндеу мен ағымдағы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. ХҚБ аясында 22 аула жаңартылды. Оның ішінде жабындарды ауыстыру, сыртқы жарықтандыру мен кіші архитектуралық нысандарды орнату бар», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Азат Кәкетаев.

Әкімдіктегілер атап өткендей, 2023 жылы 80 аулада ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, ХҚБ бағдарламасы бойынша 27 ауланы абаттандырып шыққан. 2024 жылы 13 ауланы жөндеп, 46 аулаға ХҚБ бағдарламасы бойынша абаттандыру жұмысы жүргізілді. 2026 жылға дейін тағы 31 ауланы күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Медеу ауданында аула аумақтарын жаңарту жұмыстарын тұрғындардың пікірін ескере отырып қолға алып жатыр. Мұндай жобалар ауданның көкке оранып, қолайлы жерге айналуына сеп болмақ.

 

Г.ТҰРСЫНҚОЖА
25.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15881
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15752
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30906
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29543
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33116