Жақия ақсақалдың ұзақ өмір сүру сыры

Жақия  ақсақалдың ұзақ өмір  сүру сыры

Қазақ «Жаңбырмен жер көгереді, Батамен ел көгереді» демей ме? Осы бір ұлағатты сөздің өзегіне үңілсек, көпті көрген қарияларымызға үлкендердің, ата-аналардың «Көп жаса!», «Жасың ұзақ болсын!» деген ақ ниеттен туған жылы лебізі мен ақ батасының шапағаты даритындай. Әйтпесе 2024 жылғы дерекке сүйенсек, қазақ халқының туғандағы күтілетін орташа өмір сүру ұзақтығы 75,44 жас шамасында екен. Ал біз тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз – осы көрсеткіштен отыз жылға жуық асып, ғұмыр кешіп келе жатқан Жақия Садырбайұлы есімді ардақты ақсақал еді. Біз бұл кісімен «дидар ғайып» жолығысып қалған жайымыз бар.

Ол өткен жылдың, яғни 2025 жылдың маусым айындағы мамыражай, маужыраған күндердің бірінде орын алды. Жер жаннаты атанған Жетісудың ең шұрайлы өңірінің бірі, ақын Таңжарық Жолдыұлы жырлағандай:

Іленің басы Күнес жылжып аққан,

Сарқырап құйған бұлақ әр тараптан... – деп келетін Іленің жоғарғы сағасындағы туған жеріміз Күнеске туысшылай барып қайтқан сапарымыз болатын.

 Қайда жүрсем, туған жерім,  

Сен есімнен шығармысың?! – деп іштей әндетіп, сағынышпен жеткен сол мекенде ой мен қырды аралап, таудың да, тастың да тынысын сезініп, жусан мен жуасы бұрқыраған даланың саф ауасын кеудемізге толтыра жұтып, әлемге әйгілі Нарат жайлауына қарай бет түзегенбіз. Жанымда сол өңірде тұратын інім Әбдібақыт пен келінім Бинұр бірге еді. Екеуі де өнерден қара жаяу емес: Әбдібақыт – әнге әуес, әжептәуір әнші болса, Бинұр – мәнерлеп оқудың шеберіне айналған жан.

Жолдың екі қапталын ақ шаңқан киіз үйлер мен ұлттық нақышта салынған туристік нысандар көмкеріп келеді. Үстімізден оң мен солға алма-кезек аунап өткен жоғары қарқынды тасжолдың аспалы көпірлері мен туннельдері де көрініс беріп, сапарға өзінше бір сән беріп тұрғандай. Қызылаша деген тұсқа келгенде жол үш тарауға айрылыпты: тіке тартсаң – Көрланың Қыжың ауданы, солтүстікке бұрсаң – Қарамайлы мен Майтау қалалары, ал оңтүстікке қарай созылса – Шыңжаңның түкпіріне қарай асып кетеді екен. Дәл осы тұстың сол қапталында кірпіштен өрілген лимон түстес қонақүй мен мейрамхана бой көтеріпті. Оның алдында бірнеше әсем ақбоз үй тігілген. Оң жақ қапталда болса, Балқашқа құятын Іленің бастау алар тұсы сыңғырлап ағып жатыр. Үш тарауға айрылған орманды сай самал желмен сыбдыр қағып, етегіндегі гүлдер күн нұрына шағылысып мың құбылады. Мұндай көрініске көз салған жан бір сәт өз-өзінен: «Бұл өңір шын өмір ме, әлде түс пе?» деп аңтарылып қалары анық.

Міне, біз әңгіме еткелі отырған Жақия қарияның құтты мекені де осы маң екен.

Біз ат басын бұра бергенде-ақ, келетінімізден хабардар немересі Жеңіс пен келіні Үмітгүл ата салтын сақтап, қолымызға су құйып, ілтипатпен қарсы алды.

Қария жастай жетім қалып, жоқшылықтың тауқыметін де аз тартпаған екен. «Жетімді жылатпаған, жесірді қаңғытпаған елміз» деген қазақтың кең пейілімен ағайын-туыстары қол ұшын беріп, демеу болыпты. Кейін Күнес өңірінде жол салу отряды құрылып, осы өңірдің жер жағдайын жақсы білетін азаматтар қатарынан жұмысшылар алынғанда, Жақия ақсақал да сол сапқа қосылады. Сөйтіп, ол кісі Күнестің жоғарғы бөлігіндегі жолдардың – оңтүстікке, солтүстікке, шығысқа тартылатын күре тамырларында – көпір, жартасты қашау, асфальт төсеу секілді сан алуан еңбектің бел ортасында жүріп, өз қолтаңбасын қалдырыпты.

Шыбық кезінде бір орнында беки өсіп, кейін мәуелі бәйтерекке айналатыны секілді, Жақия атамыз да осы жол отрядында қырық-елу жыл бойы табан аудармай еңбек етіп, зейнетке дейін бір мекеннен қозғалмай қызмет қылған екен. Тоғыз жолдың торабындағы осы аймақ бүгінде немересі Жеңістің туристік орталығына айналып, табыс көзіне жол ашып отыр. Одан бөлек ұлдары Мұқаметжан мен Мұқаметбекке де ел ішіндегі іргелі орындардан тұрақты тірек боларлық мүмкіндіктер қарастырылған. «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деген сөздің мәні осындайда ашыла түседі.

Айтпақшы, бұл кісі біздің ауылға бір жағынан күйеу, бір жағынан түп нағашы болып келеді екен. Солайша, сергек қалпында ғұмыр кешіп келеді. Көрген жан қызығарлық жас, ел тамсанарлық ұзақ өмір. Өз басым мұндай ғұмыр иесін Гиннестің рекордтар кітабына лайық деп те ойлаймын. Кейде шетел асып, құрлықты кезіп жүріп осындай қариялармен сұхбаттасып жататындар бар емес пе?! Ал біздің халық кейде қолда бар қазынаның қадірін кеш ұғатыны өкінішті-ақ.

Орайы келгенде мен де ақсақалмен «Ғасырмен сырласу» атты шағын сұхбат жүргізіп үлгердім. Оны сол жылы келінім Бинұр Қыдырбекқызы өзінің әсем даусымен бейне эссе түрінде жариялаған болатын.

ХХІ ғасыр – дамыған, сұрағаныңды беретін, қажетіңді өтейтін өркенді кезең ғой. Сол себепті оқырман қауым да ғасырға жуық емес, тіпті ғасырдан асып кеткен осындай ақсақалмен болған сұхбаттың баспа бетінде жарық көруін қалаған еді. Сондықтан біз осы әңгіме-сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Ғасырмен сырласу

 

Жақия қария 1921 жылдың маусым айының 9-жұлдызында дүниеге келіпті. Биыл, міне, тура 105 жасқа аяқ басқан абыз ақсақалдың ұрпағы да бір қауым елге айналғандай: Мұқаметжан мен Мұқаметбек атты екі ұл, Уәз бен Шәригүл есімді екі қызынан тараған алты немере, он шақты шөбере өмірдің жалғасын жалғап келеді. Ақыл-есі айқын, дене қуаты ширақ қарияны көрген жан оның бір ғасырдан астам ғұмыр кешіп отырғанына бірден сене қоймайды. Тіпті көзі көмескі тартып, құлағы ауырлау тартқан тоқсаннан асқан кісілердің өзімен салыстырғанда да, бұл ақсақалды жетпістегі, ең көп дегенде сексендегі адамдай қабылдау әбден мүмкін. Әңгіме арасында сол өңірдің бүгінгі тіршілігіне бейімделіп, «Партия мен үкіметтің арқасы ғой» деп салмақты да сабырлы жауап қайтаруының өзінен-ақ жүз жасаған адамның парасат-пайымы аңғарылады. Біз де осы орайда ақсақалдан ұзақ жасаудың сырына үңілдік.

– Иә, ақсақал, ұзақ жасау – сонау Қорқыт бабадан бері адам баласының үзілмес арманы. Қорқыттың өзі қанша жасағанын бір Алла біледі. Аман-есен, сіздей ширақ күйде жүрсе, бір ғасыр жасауға ұмтылмайтын жан аз шығар. Жалпы ұзақ ғұмыр кешу үшін адам нені ұстанып, неден сақтанып, нені тірек етуі керек? Осыны кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай етіп айтып берсеңіз.

– Әй, балам-ай, – деді ақсақал сәл жымиып, – біз бес уақыт намазын толық қылмаса да, жүрегінде Алласы бар, иманы мен ниеті түзу ескі көздің адамдарымыз. Адамның қанша жасайтынын бір Жаратқаннан өзге ешкім білмейді. Атам қазақ «Құдайсыз қурай да сынбайды» деп бекер айтпаған. Дегенмен, сұрағыңа жауап берейін, өз өмірімнен түйгенімді айтып көрейін, одан қорытындыны өзің жасайсың.

Мен жастай жетім өстім. Әкем Садырбайдан жалғыз ұл едім. Алмақан мен Науатқан атты екі қарындасым болды. Жетімдік адамды ерте есейтеді, өзіңді өзің қорғауды үйретеді. Ауру-сырқаудың да дендеп кетпеуі көбіне сақтыққа байланысты. Өз басым бір нәрсеге көз жеткіздім: дерттің дені суықтан, күтімсіздіктен келеді. Сол үшін жастайымнан үстімнің бүтіндігіне, киімнің жылылығына, бардың қадіріне мән беріп өстім. Жыртығымды жамап киіп, өзімді де, қарындастарымды да суыққа ұрындырмауға тырыстым. Мұны бір де.

Екінші – еңбек пен тәртіп. Адамның көңілі орнықты болса, дені де тыныш болады. «Жылқы тұяқтан, адам құлақтан азады» дейді ғой, сол сөз бекер емес. Мен қайда жұмсаса – сонда бардым, не тапсырса – соны орындадым. Жол отрядында жүргенде де ұйым қай жерге жіберсе, соған бара бердім. Бірде мал бағу ісі тапсырылды – бас тартқан жоқпын. Малдың ыңғайына қарай жайлау, қыстау, күзеуін сайлап, қорасын салып, аман алып жүруге тырыстық. Сол еңбектің берекесі кейін өз жолын тапты. Тәуелсіздік кезеңінде ол орындар жеке меншікке өтіп, тіршілікке тірек болды.

Мал бағу – біздің ата кәсібіміз ғой. Зейнетке шықсам да, одан қол үзбедім. Өзге аймақтардағы тәжірибені осы өңірге енгізіп, жастарға да бағыт беруге тырыстым. Бірі малмен, бірі кәсіппен айналысып, әркім өз нәпақасын таба алатын жағдай жасауға ұмтылдық. Мынау туристік орталық та сол еңбектің жалғасы. Әйтпесе, келген қонақтан пайда табу деген бұрын ойға да келмейтін.

Ақсақал сәл кідіріп барып сөзін сабақтады:

– Білсең, балам, бүгінгі қоғамдағы ең үлкен салмақ – тұрмыс пен жұмыссыздық емес, балаға бағыт пен кәсіп беру. Ұзақ жасаудың бір сыры да осында шығар. Баланың несібесі мен тіршілігі өз орнында болса, ата-ана да уайымсыз болады. Ал уайымсыз көңіл – ұзақ ғұмырдың бір кілті.

Осылай деген Жақия ақсақалдың сөзі қарапайым болғанымен, астарында бір ғасырлық өмірдің салмағы, сабыр мен тәжірибенің ізі жатқандай еді.

– Үшінші. Бала кезімнен бері бүгінге дейін мен үшін өзгермейтін бір әдет – таңертең ұйқыдан тұрған бойда беті-қолымды салқын сумен жуу, ал кешке жатарда аяғымды да салқын сумен шайып жату. Бұл дағды жаздың шіліңгір ыстығында да, қыстың қақаған аязы мен ызғарында да, шаршаған, қалжыраған сәттерде де еш бұзылмай, өмірімнің бір бөлшегіне айналып кеткен.

Төртінші. Мереке-мейрамдарда, қалаға жол түскен кездерде болмаса, базардың дайын тағамдарына көп әуестене бермеймін. Күнделікті асым – өзіміздің ұлттық дастарқанымыздың берекесі: ет, май, құрт, ірімшік, айран, қымыз секілді дәмдер. Бұлардың да өзіндік уақыты мен тәртібі бар, артық-ауыс тоя тамақтану менде болмаған әдет.

Бесінші. Біздің әулетте анда-санда бала-шаға бас қосып, арнайы жиын өткізу дағдыға айналған. Апаларың бар кезде де сол кісінің бастамасымен, кейін ол кісі өмірден өткен соң қалған ұрпақ – бала-шаға мен немерелер бір жерге жиналып, әулетке қатысты келелі мәселелерді ақылдасып, ортақ кеңеспен шешеміз. Сонда ешкімнің жеке басына ауыртпалық түспей, әр іс әділ таразыланып отырады. «Басы ауырмағанның басқаның басын ауыртпайтыны» да рас қой. Көңілі тыныш адамның өмірі де берекелі болады.

Алтыншы. Біз сияқты ауылдың қариялары қаладағыдай арнаулы орындарға барып жаттығу жасауды көп біле бермейді, білсе де оны ерсі көреді. Ал біз үшін ең үлкен қозғалыс – атқа міну. Ат үстінде сағаттап жүру – бір жағынан серуен, бір жағынан дененің толық қимылы. Басынан бақайына дейінгі бұлшық ет үздіксіз қозғалыста болады. Атқа алғаш мінген кісінің теңселіп, «ат соғып қалдым» деп әзер жүргенін де талай көрдік. Соған қарағанда, аттың үсті қазақ баласының табиғи жаттығу алаңы секілді.

Жетінші. Ең басты себеп – балаларым мен немерелерімнің маған деген ықыласы, мейірімі мен қамқорлығы. Көп замандастарым өмірлік серігінен айырылғаннан кейін тез еңсесін түсіріп жіберетінін байқайсың. Мүмкін, олар бала-шағаның қамқорлығын жарының жылуына тең келетіндей сезіне алмаған да болар.

Ал менің балаларым мен немерелерім сол бір орынды еш сездірмей, жоқтатпай келеді. Киім-кешегім мұнтаздай таза, ішер асым уақытылы, үй ішім жайлы. Бір жаққа шықсам – атым ерттеулі, үйде отырсам – дастарқаным дайын. Осындай қамқорлықтың арқасы болар, – деді ақсақал ризашылықпен.

Бұл сапарда Жеңіс пен Үмітгүлден басқа балаларын жолықтыра алмадық. Дегенмен сол екеуінің өзінен-ақ үлкен әулеттің жылуы сезіліп тұрды: бірі атасын жетелеп, бірі ас-ауқатын әзірлеп, қарияның әр қадамын қапысыз бағып отыр. 105 жасқа келген ақсақалдың дастарқанынан дәм татып отырып, сол қамқорлықтың шынайылығына көзіміз жетті.

Айтпақшы, осындай күтім мен берекенің арқасы болар, әлемді жайлаған «коронавирус» атты қатерлі індет те бұл қарияның шаңырағын шайқай алмапты. Талай мықтыны тізе бүктірген дерт мұндай сабыр мен күтімнің алдында әлсіз қалғандай әсер қалдырады.

Егер Алла ғұмыр беріп, Жақия ақсақал әлемдегі ең ұзақ жасаған қариялардың қатарына еніп, Гиннестің рекордтар кітабынан орын алса, бұл тек бір адамның ғана емес, бір ұлттың абыройы болар еді.

«Ұрпағына сыйлы қария, қариясына қайырлы ұрпақ үзілмесін» деп, аттанар сәтте қазақы ырыммен ақсақалдың аса таяғына «құда түсіп» қайттық.

 

Әбдібек ӘБДІМАНАПҰЛЫ

18.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25909
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25358
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42763
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38593
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43156