Референдум

Ұлттық қауіпсіздік – тұрақты мемлекет құрудың кепілі

Ұлттық қауіпсіздік – тұрақты мемлекет құрудың кепілі

Қазіргі геосаяси ахуал күрделі, әлем күн сайын өзгеріп отыр. Осындай кезеңде әрбір мемлекеттің басты міндеті – өз егемендігін, аумақтық тұтастығын және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау. Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздік – жай ғана ұғым емес, бұл ел тәуелсіздігінің тірегі, халықтың бейбіт өмір сүруінің кепілі.

Соңғы жылдары мемлекет қауіпсіздік жүйесін жаңғырту бағытында бірқатар маңызды реформалар жүргізіп келеді. Терроризм мен экстремизмнің алдын алу, шекара қауіпсіздігін күшейту, киберқауіптерге қарсы күрес, есірткі тасымалы мен трансұлттық қылмыстардың жолын кесу – осының бәрі ұлттық қауіпсіздік стратегиясының басты басымдықтарына айналды.

Жаһандану дәуірінде ұлттық қауіпсіздік ұғымы кеңейіп, оның ішінде экономикалық, экологиялық, ақпараттық және қоғамдық қауіпсіздік те бар. Бұл бағытта Қазақстан әлемдік тәжірибені ескере отырып, өзінің ұлттық моделін қалыптастырып келеді.

Елдің амандығы мен мемлекет тұтастығы – кез келген қоғам үшін ең асыл құндылық. Уақыт алға жылжыған сайын қауіп-қатердің де түрі көбейіп, сипаты өзгеріп келеді. Сондықтан қоғам алдына жаңа міндеттер қоюға мәжбүр. Бүгінде цифрлық дәуірде ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі мен стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау мәселесі ерекше мәнге ие болып отыр. Осындай талаптарды ескере отырып, Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды шешім қабылдады.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) өкілеттігін кеңейтуді көздейтін Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат арқылы ҰҚК туралы ережеге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, комитеттің қызмет өрісі кеңейе түсті. Әсіресе, ақпараттық қауіпсіздік саласы мен стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарын бақылау бағытындағы міндеттер нақтыланды.

Жарлыққа сәйкес, ҰҚК туралы ереженің бірінші тармағы жаңартылған нұсқада бекітілді. Онда комитеттің Мемлекет басшысына тікелей бағынатын әрі соған есеп беретін арнайы мемлекеттік орган екені нақтыланған. Сонымен қатар, бұл құрылым елдегі ұлттық қауіпсіздік органдарының біртұтас жүйесіне жетекшілік ететін негізгі орган ретінде белгіленді.

ҰҚК-нің басты міндеттері қатарында бұрынғыдай барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін жүргізу бар. Бұған қоса, мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету, үкіметтік байланыс жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, шифрлау жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік құпиялардың сақталуын қадағалау да осы органның құзыретінде қала береді.

Құжатта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің еліміздегі мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы уәкілетті орган екені де арнайы атап көрсетілген.

Жаңа Жарлыққа сәйкес, ҰҚК ақпараттандыру саласында мемлекеттік бақылау жүргізу құзыретіне ие болды. Бұл, ең алдымен, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдағы аса маңызды нысандардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, комитетке нақты бірқатар құқықтар жүктелді. Атап айтқанда, ақпараттық қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда тиісті нұсқама беру, оның орындалуын міндеттеу, берілген рұқсаттар негізінде тексерулер жүргізу, сондай-ақ жедел-іздестіру шаралары кезінде қолданылатын арнайы техникалық құралдарды пайдалану тәртібін бақылау.

Мұндай тексерулер белгіленген біліктілік және рұқсат талаптарының сақталуын анықтау мақсатында жүргізіледі. Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулер де ұйымдастырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы қол қойған бұл Жарлық 9 ақпаннан бастап күшіне енді. Құжат ел қауіпсіздігін нығайтуға, әсіресе, ақпараттық кеңістіктегі қорғаныс тетіктерін күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында ҰҚК органдарының ардагерлерін, офицерлері мен қызметкерлерін құттықтап, олардың Қазақстан мемлекеттігін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

«Ұлттық қауіпсіздік жүйесі – мемлекеттігіміздің басты тұғыры. Сондай-ақ, дербес дамуымыздың мызғымас тірегі. Отан үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың арқасында еліміз өсіп-өркендеуде. Сіздер ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беріп келесіздер. Бүгінде мемлекеттің негізі және Конституциялық құрылымы берік қорғалған. Тәуелсіздігіміздің құндылықтары бірнеше рет елеулі сын-қатерлерге тап келді. Сіздер бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін табанды еңбек еттіңіздер», – деді Президент. Ішкі істер саласының ардагері Қанат Қабиевтің пікірінше, қауіпсіздік мәселесіне тек әскери немесе құқықтық тұрғыдан қарау жеткіліксіз. «Ұлттық қауіпсіздік – бұл ең алдымен елдің ішкі бірлігі мен азаматтардың жауапкершілігі. Егер қоғамда сенім, тәртіп және заңға құрмет болса, ешқандай сыртқы күш тұрақтылықты бұза алмайды. Бүгінде мемлекет қылмысқа қарсы күресте ғана емес, оның алдын алу мәдениетін қалыптастыруда да жүйелі жұмыс жүргізіп отыр», – дейді ардагер.

Қабиевтің айтуынша, қазір Ішкі істер министрлігі заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу арқылы құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруда. Бұл азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтауда учаскелік инспекторлардың рөлі күшейіп келеді. Мысалы, соңғы жылдары елде интернет арқылы таралатын жалған ақпараттар мен арандатушылық контенттердің көбеюі – ақпараттық қауіпсіздікке тікелей қатер. Бұл ретте медиа сауаттылық пен ақпаратты сын тұрғысынан қабылдау қабілеті де маңызды рөл атқарады.

Қанат Қабиев осы тұста тағы бір жайтқа назар аударып: «Біз ұрпақ тәрбиесін де ұлттық қауіпсіздік мәселесінен бөле алмаймыз. Патриоттық сезім, мемлекетке құрмет, заңды мойындау – осыларды бала кезден бойға сіңірсек, ел болашағы сенімді болады», – дейді.

 

 

Нағашыбай Қабылбек
18.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23932
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23603
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40917
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37021
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41270