Өзбек көршілеріміз өздеріндегі артық еңбек күштерін алыс-жақын шетелдерге барып жұмыс істеуге ынталандырып жатқанда Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ресейде жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді елге келіп еңбек етуге шақырды. Бұл әңгіме Денсаулық сақтау министрі Қаныбек Досмамбетовтың Ресейге сапары кезінде белгілі болды.
Ведомство басшысы медицина қызметкерлерін Қырғызстанға қайтуға шақырып, олармен қатысты еңбек шарттарын жасауға дайын екендігін жеткізген.
«Бүгінде Қырғызстанның денсаулық сақтау жүйесіне білікті, белсенді және кәсіби мамандар қажет. Мемлекет біздің дәрігерлеріміздің елге оралуына, кәсіби дамуына және халықтың денсаулығын жақсартуға үлес қосуына мүдделі», – деді министр.
Кездесу барысында министр денсаулық сақтау саласында жасалып жатқан реформалар, медициналық ұйымдарды жаңғырту, жалақыны көтеру, инфрақұрылымды дамыту және медицина қызметкерлерінің жұмыс жағдайларын жақсарту шаралары туралы айтқан. Қырғыз медиалары таратқан ақпараттарға сенсек, бұл кездесуден кейін біраз жас мамандар елге келіп еңбек етуге дайын екендіктерін білдіріпті.
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ















