Осы ғасырдың басында, 2002 жылы, «Qazaqstan dauiri» (бұрынғы «Qazaqstan-ZAMAN») газетінің аясында оқушыларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналы өмірге келді. Содан бері әне-міне дегенше жиырма төрт жыл өте шығыпты. Тәуелсіздігіміздің оныншы жылы жарыққа шыққан журнал ширек ғасырға жақын уақыттан бері өсіп келе жатқан тәуелсіз елдің перзенттеріне тоқтаусыз қызмет етіп келе жатыр. Егемендік алғанға дейін «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен» секілді бірнеше ғана балалар газет-журналдары болса, дербестігіміздің шарапаты арқасында балаларға арналған бірнеше басылым бірнен соң бірі өмірге келді. Біздің басылым да тәуелсіздіктің төл тумасы. Жаңа дәуірдің қарлығашы. Күн сайын өсіп келе жатқан жас мемлекетіміз үшін басылым көптік етпейді. Әр басылымның өз оқырманы, өз тұтынушысы бар. Кім қаншалықты қызмет ете алады, соншалықты нәтиже көрінетіні анық.
Журналдың ең басты ерекшелігі – жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, мемлекетшілдік көзқарасты сәби шағынан бастап санасына сіңіре отырып, ертеңгі елдің қожалары өздері екенін сездіру. Одан ары мемлекетті құраушы негізгі қазақ ұлтын түп қазық ете отырып, ұлттық құндылықтар мен ұлттық менталитетті жүректеріне сіңіру. Жастық шақ – ең үлкен байлық, оқығанын ұғатын, үйренгенін меңгеретін, мақсатына жететін ғажап шұғылалы кезең. Ендеше, сондай бір мүмкіндікті пайдалана отырып, білім алуға, биіктерге ұмтылуға жетектеу – журналдың тағы бір басты міндеті. Ұрпақ тәрбиесі жөнінде әл-Фараби бабамыз айтып кеткен «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қағиданы терең түсініп, күллі жұмыстың басына тәлім-тәрбиені қоя отырып, білім беру – дәуір талабы, уақыттың қажеттілігі. Журналдың оқушыларға жетуінің де осындай өзіндік сыры бар.
Отбасындағы ата-ана тәрбиесінің көлемі шекті, деңгейі әр алуан, мейірімі мол болғанымен, мүмкіндігі шектеулі. Мектептегі ұстаздардың беретіні оқулықтың аясына сыйдырылып, ауқымы тар, айтары шектеулі. Оқушы он жылдық мектеп пен бес жылдық университеттен бар білімді алып, мол қазынаны қамтып шыға алмайды. Баланың сауаты ашылып, көкжиегі кеңейген сайын, үйренгеннің үстіне үйреніп, білгеннің үстіне біле түскісі келеді. Ол үшін кітапқа жүгінеді, газет оқиды, журнал парақтайды. Өйткені Хакім Абай атамыз «Артық білім кітапта» деп баяғыда айтып кеткен. Дәнішпандар «Кітап оқу тоқтаған жерде, ойлау да тоқтайды» деген екен. Ойсыз адам жайылып жүрген малмен тең, адам мен малдың айырмашылығы да санасында, оның ішкі руханиятында. «Кітап бетін ашпаған ұрпаққа болашақта есік ашпайды».
Газет-журнал тек қана ақпарат тарату үшін, жаңалықтармен қоғамды қамдау үшін ғана жарық көрмейді. Ол – білім бұлағы, таным мен тағылымның өрісі, тіпті көркемдіктің көкжиегі. Солай болғандықтан да, «Мөлдір бұлақ» журналы өз жауапкершілігін сезіне отырып, ұлттың келешегіне қызмет етумен келе жатыр. Басты оқырманы мектеп жасындағы тәрбиеленушілер болғандықтан, шәкірттердің шығармашылығына басымдық беріп, жасампаздығын жетілдіруді көздейді. Оқушылардың жазған тақпақтарын, эсселерін, салған суреттерін, ой-пікір, сәлем хаттарын басып шығарып, шабытына шабыт қосып, «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген өнегелі жолмен балалардың жолын ашу, жолдасын білім ету. Осымен ғана шектеліп қалмай, ұстаздар ұлағатын, ата-аналар кеңесін, ұлы адамдар өмірін, ғылым-техниканың жаңалықтарын жатпай-тұрмай іздеп тауып, жарыққа шығарып отырамыз. Журналда жүзден аса айдар, тұрақты мінберлер бар. Ел ішіндегі жаңалықтар мен әлемдегі таңғажайыптар туралы да сыр шертуді ұмытпаймыз.
«Мөлдір бұлақтың» кешегі балғын оқырмандары бүгінгі елдің үміт артар таянышы, сенімді тірегіне айналды. Балғын басылымның «Жас тілшілері» бүгінгі қарымды қаламгерлер дәрежесіне жетті. Олар егеменді еліміздің ақпарат кеңістігінде аянбай тер төгіп келе жатыр. Арғысын айтпағанда, «жас тілшілер» қатарында қалам тартып жүрген түлектер әр жылы жоғары оқу орындарына грантқа түсіп, білімдерін онан ары жалғастырып жатыр. 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, 2021 жылы Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына, 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына, 2023 жылы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына, 2024 жылы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына, 2025 жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына байланысты эссе жазудан байқау өткіздік. Үстіміздегі 2026 жылы Ұлттың ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай байқау өткіземіз.
«Мөлдір бұлақ» 2002 жылдың ақпан айында жарық көріп, «Қазақстан-ZAMAN» газетінің аясында шығып тұрды. Алғашқы бас редакторы Марат Тоқашбаев, жауапты шығарушысы Сумейра Абжы болды. Одан кейінгі басылымның басшысы – журналист Раушан Кәрішалова. 2005 жылдың қараша айынан 2018 жылға дейін журналға ҚР «Мәдениет қайраткері» Кучукова Жанастан Тұрсынқызы бас редактор болды. 2018-2021 жылдар арасында ҚЖО-ның мүшесі, ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Саят Қамшыгер бас редактор болып қызмет етті. Одан кейін ҚЖО-ның мүшесі, ақпарат саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дәулетбек Байтұрсынұлы басшылық етіп келеді. Журналдың 5, 10, 15 жылдығы кезінде Қазақстан Журналистер одағының арнайы дипломымен марапатталды. 2006 жылы «Алтын жұлдыз» сыйлығын алды. Ал 2024 жылы Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың қолынан Алғыс хат алдық.
Міне, біз журналдың 24 жылдығына қадам бастық. Алда тың тақырыптармен, озық ойлармен өздеріңізді қуандыра береміз деген ойдамыз. Көзқарасыңды байытып, біліміңді тереңдете түсу үшін, шығармашылық белсенділігіңді арттырып, жаза түсу үшін міндетті түрде «Мөлдір бұлаққа» жазылуға тура келеді. Кітапқа, газет-журналға дос болғанның өмірде бос болғаны жоқ.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
«Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы
Электронды почтамыз: Moldir_bulak@mail.ru
Сайт: Moldir-bulak.kz
Фейсбуктегі парақшасы: moldir-bulak.kz
Инстаграм парақшасы: moldir-bulak.kz















