Қаланың жас тұрғынының бұл бастамасы – биліктің азаматтардың, әсіресе өскелең ұрпақтың мұң-мұқтажына бей-жай қарамайтынын дәлелдейтін маңызды оқиға. Шаһардың кішкентай тұрғыны Самвель өзінің хатында достарымен бірге велосипед тебуді қатты ұнататынын айта келіп, қаланың жас өрендері үшін өзекті мәселені көтерді.
«Мен достарыммен бірге велосипед тебуді ұнатамын. Алайда, қаламызда скейт алаңы жоқ. Осыған байланысты Сізден қаламыздың жас өрендеріне арналған вело-скейт алаңын салып беруіңізді өтінемін. Менің осы хатыма назар аударасыз деген ойдамын» деп жазған хатты әкім Бақытжан Әмірбекұлы елеусіз қалдырған жоқ. Бұл оқушының қарапайым өтініші болғанымен, ол Тараз қаласының ондаған жасөспірімінің ортақ тілегін білдіретін маңызды үнжазба болды.
Шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков жас өреннің хатын оқыған соң, бірден әлеуметтік желі арқылы толыққанды жауап қайтарды. Ол өз сөзінде жасөспірімдердің тынығып, бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін қалада бірнеше ірі жоба жүзеге асыруды көзделіп отырғанын атап өтті.
«Сенің әлеуметтік желі арқылы менің атыма жазған хатыңды оқыдым. Шынымды айтсам, мектеп оқушысы бола тұра, қаламыздың өміріне бейжай қарамай, белсенді араласқаныңа қуанып қалдым. Әрине, біз үшін өзіңдей талапты жастардың пікірі өте маңызды. Өйткені болашақта осы әсем қаламыздың дамуына, көркеюіне үлес қосып, еңбек ететін – өздеріңсіңдер», – деп жауап берген Бақытжан Әмірбекұлы, Самвельдің бастамашылдығын жоғары бағалады. Әкім өз жауабында жастарға арналған екі ауқымды жоба туралы нақты ақпарат берді. Оның бірі – «Әуежай» аумағынан Айша бибі көшесіне дейінгі Тәуке хан көшесі бойында орналасатын сызықтық саябақ. Бұл жобада арнайы скейт аумағы мен веложолдар қарастырылған. Нысан құрылысын келер жылы бастап, 2027 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Ал екінші жоба – «Гидрокешен» аумағындағы «Таза тыныс» сквері. Мұнда ашық аспан астындағы арнайы жаттығу алаңы мен демалыс орны салынып, балалардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалады. Бұл сквердің құрылысы басталып та кеткен. Қала әкімі Самвельге жеке тілегін білдіріп, болашаққа бағыт берді:
«Құрметті жас дос, Самвел! Сенің оқуда озат болып, спортта биік белестерді бағындыруыңа тілекшімін! Алдағы бәсекелерде Тараз қаласының атынан қатысып, тек жеңіспен оралатыныңа сенемін. Егер уақытың болса, сенің идеяларыңды тыңдап, болашақта мамандық таңдауыңа, бос уақытты тиімді өткізуге қатысты өзімнің де кеңестеріммен бөлісу үшін кездесуге шақырамын», – деді Бақытжан Орынбеков. Шаһар басшысының жасөспірімнің ұсынысын ескеріп, оған ашық әрі тұшымды жауап қайтаруы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының Тараз қаласындағы жарқын үлгісі. Билік пен қоғам арасындағы осылайша нығайған сенім көпірі ел ертеңі саналатын өскелең ұрпаққа үлкен демеу болып, олардың белсенді азаматтық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл оқиға Тараз қаласының әрбір тұрғыны, мейлі ол бала болсын, қала дамуына өз үнін қосып, өзгеріске себепкер бола алатынына көз жеткізді. Жас Самвельдің бастамасы мен әкімнің жауапкершілігі Тараздың болашағын бірлесіп құруға деген ортақ ұмтылысты көрсетеді.