Геральдикалық топонимика – өңірлерге, тарихи-географиялық атауларға және табиғи нысандарға қатысты рәміздер мен белгілердің шығу тегін, семантикалық мазмұнын және құрылымдық ерекшеліктерін зерттейтін геральдика ғылымының саласы. Бұл сала географиялық атаулардың өңірлік рәміздердегі көрінісін, сондай-ақ өңірлердің тарихи және мәдени мәнін сол рәміздер арқылы танудың ғылыми негіздерін қарастырады.
Кез келген қалаға немесе ауданға барғанымызда алдымыздан шығатын өңірлік рәміз – сол өңірдің өзіндік «визуалды паспорты». Бір белгі – қаланың тарихи жолын, бір сурет – табиғат ерекшелігін, бір таңба – ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени кодты білдіреді. Геральдикалық топонимика өңірлік рәміздердің мағынасын жүйелі талдаумен айналысады. Өңірлік рәміздерде топонимдік мағына көркемдік пішінде беріледі.
Атаудың семантикасы, табиғи нысандардың сипаты, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты танымдық ақпарат рәміздік бейнелер арқылы шоғырланады. Мысалы, Алматының рәмізіндегі алма – қала атауының этимологиясын дәл бейнелейді; Атыраудың рәмізіндегі толқындар – Каспий теңізінің жағалауына орналасқан қаланың географиялық ерекшелігін көрсетеді; Шығыс Қазақстандағы тау бейнесі өңірдің топографиялық болмысын нақты сипаттайды; Шымкенттің рәмізіндегі күн мен гүл – оңтүстіктің жылы климаты мен табиғи алуан түрлілігін білдіреді; Қарағанды рәмізіндегі көмір тастары – индустриялық тарихтың символы; Түркістандағы күмбездер бейнесі – рухани орталықтың тарихи миссиясын айшықтайды. Әлемдік тәжірибеде геральдикалық топонимиканың рөлі айрықша. Мысалы, Париж рәмізіндегі кеме – ежелгі портты қала екенін меңзесе, Прага рәмізіндегі қамал қақпасы – ортағасырлық бекініс-қала дәстүрін көрсетеді. Түркі-қазақ өркениетіндегі тамға дәстүрі қазіргі геральдикалық жүйеге зор әсер еткен. Рәміздерде жиі кездесетін тұлпар, шаңырақ, қошқар мүйіз, күн мен ай сияқты образдар этностың тарихи мұрасын сақтауға бағытталған маңызды семиотикалық компоненттер болып табылады.
Олар топонимдік рәміздердің мәндік құрылымын байытып, ұлттық дүниетанымды бейнелейді. Табиғи нысандарға қатысты геральдикалық бейнелер де кеңінен қолданылады: толқын – өзен мен көлді, тау шыңы – таулы өңірді, ағаш бейнесі – орманды аймақты білдіреді. Қазіргі заманғы геральдикалық топонимикада экологиялық рәміздерге ерекше мән беріледі. Жасыл түс, жапырақ бейнесі, су тамшысы – табиғатты қорғау, экологиялық жауапкершілік және тұрақтылық идеясын білдіреді. Сонымен қатар рәміз жасауда айқындық, тарихи дәлдік және құқықтық нормаларға сәйкестік басты талап ретінде қарастырылады.
Геральдикалық топонимика – тек көркемдік бейнелер жиынтығы емес, өңірдің өзін-өзі таныстыруының мәдени-интеллектуалдық үлгісі. Әрбір рәміз – халықтың дүниетанымынан туған идея, тарихи тәжірибенің көркем көрінісі және визуалды-мәдени кодтың белгісі. Қаланың немесе облыстың рәмізін зерттеу – оның рухани және тарихи болмысын терең түсіну деген сөз. Өңірлік рәміздер – ұлттық мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі, тарихи жадты сақтаушы және болашаққа бағыт беретін рәміздік бағдар.
Қосымша дерек:
Сақ көсемі Тоқсариттен сұрапты: «Сендер осы өлілерді еске алып, олардың құрметіне той жасап, ас бересіңдер. Сендер олардың рухына табынасыңдар ма?» – деп. Сонда Тоқсарит: «Біз өлілердің рухына табынбаймыз. Біз жақсы адамдарға арнап, құрбандық шаламыз, соған ас береміз. Себебі аруақ разы болмай, тірі байыз таппайды. Біз өлген адамды құрмет ете отырып, өлілердің аңызы мен жасаған ерліктерін еске алу арқылы тірілердің рухын көтереміз», – деген екен.
Айдын Рысбекұлы
















